Саясат

Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі

Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Бірікккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Абу Даби  тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық маңызы бар өзекті тақырыптар талқыланатын ауқымды халықаралық шараны ұйымдастырғаны үшін жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты. Президент анағұрлым таза әрі «жасыл» әлем жолындағы орнықты даму баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек  даму немесе жаңғырту шараларымен ғана шектелмей, өзара тығыз байланыста қатар жүруге тиіс.

Президент елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіп корпорацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне оң ықпал етеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды.

Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді.

Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артықшылықтарына тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тежеу стратегиясы үшін орман өсіру өмірлік маңызы бар бағыт саналатынын жеткізді.  Оның айтуынша, Қазақстан Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ 26-шы конференциясында қабылданған Орман мен жерді пайдалану декларациясына қосылды. Бұдан бөлек, елімізде 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Былтыр 282 миллион түп ағаш отырғызылды.  Биыл тағы 410 миллион  ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы астық өндірісі  бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтіп, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміз өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында саммитке қатысушылардың барлығын «жасыл жобаларды» жүзеге асыруға белсене атсалысуға, сондай-ақ ESG-инвестициялар мен орнықты даму  мақсаттарына қол жеткізу үшін күш біріктіруге шақырды.