Аманшүкіров алған асу

19

Биыл жауырыны жерге тимеген даңқты балуан, қазақ ұлттық цирк өнерінің негізін қалаған Қажымұқан Мұңайтпасовтың дүниеге келгеніне 140 жыл. Бабамыз төрткүл дүниенің ең мықты деген балуандарын тізе бүктіріп, өз заманындағы кәсіби балуандықтың биік шыңына көтеріліп қана қоймай, «мұсылман әлемінің бас балуаны» деген атаққа ие болды. Ұлт мақтанышының ұшан-теңіз еңбегінің арқасында әлем спортынан ойып тұрып орын алған қазақ күресінің көші ХХІ ғасырға да аумай-талмай жетті.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары өңірімізде күш-қайраты мен бірге ақыл — парасатымен ерекшеленген жас балуандарымызд ң қатары күрт сирей бастаған еді. Өзгесін айтпағанда, ұлттық төл спортымыз – қазақ күресінен спортшыларымыз айтарлықтай жетістікке жете алмай жүрген болатын. Алайда қай заманда да өзгеге есе жібермеген жамбылдық балуандар бұл олқылықтың орнын толтыра білді. Сайын дала төсінде сайран салып, салтанат құрған Иманжүсіп, Балуан Шолақ пен Қажымұқанның бүгінгі ізбасарлары жеңісті жолды қайта жалғады.

Манарбек Тоғмановтай білікті бапкердің шәкірті болған Нұр Аманшүкіров болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы. Сарысу ауданы, Жайылма ауылының тумасы он жасынан бастап спортты жанына серік еткен. Әуелгіде ағасы Арманның ықпалымен күрес үйірмесіне жазылған ол дзюдомен айналысады. Жерлесіміз өткен жылы елорда төрінде өткен Әлем чемпионатында өзінің теңдессіз палуан екенін дәлелдеп, чемпион атанды. Ол ақтық кездесуде моңғолиялық Энгболд Энтайванды айқын басымдықпен ұтып, жеңіске жетті. Дүбірлі жарыста 66 келіде белдескен балуанымыз грузиндік Шикайдзе Никоны да жер жастандырды. Айта кетейік, бұл спортшы бұған дейін біздің елде өткен халықаралық жарыста қазақтың жігіттерін қапыда қалдырған еді.

– Он жасымнан бастап спортпен шұғылданамын. Алғашында дзюдомен айналыстым. 2018 жылы дзюдодан ересектер арасында үздік үштіктен көріндім. Кейінірек түбегейлі қазақ күресіне көңіл бөлдім. Бүгінде біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгердім. Мәселен, 2016 жылы жастар арасында ел біріншілігінде қазақ күресінен жүлделі екінші орын алдым. Уақыт өте ел чемпионатында үздік атандым. 2020 жылы Румынияда өткен жарыста да жеңіс тұғырына көтерілдім. Ал өткен жылы Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен чемиондыққа қол жеткіздім. Ересектер, жастар және жасөспірімдерді қамтыған жарыста 40-қа жуық мемлекеттен 350 балуан бақ сынады. Менің қарсыластарым да оңай шағылатын жаңғақ емес. Десе де, олардан айламды асыра алдым. Бұл жетістігіме әрине, тоқмейілсуге болмайды. Алда әлі талай дүбірлі додалар бар. Сондай сәттерде еліміздің мерейін асырғым келеді. Дәл қазір Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Әрбір жарысқа тыңғылықты дайындаламыз, – деді жас балуан.

Өткен жыл жамбылдық балуандар үшін жемісті болды. Мәселен, біздің құрама Атырау қаласында жалауы желбіреген ел біріншілігінде ерлер және әйелдер арасында командалық есепте чемпион атануы. Бұл чемпионатта Ернұр Сүлеймен, Данил Федеров, Асылхан Дүйсенбек, Айбол Айтбек жүлделі орындардан көрінсе, Ғалымжан Қырықбай түйе балуан атағын иемденді. Ал Мырза Нұрболат Румыния елінде өткен Әлем кубогында үздік деп танылды. Алып денелі балуандардың жеңіске жету жолында ересектер арасында аға бапкер Әділет Өскенбаевтың еңбегі өлшеусіз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.