Спорт және туризм

Қазақтан Хабиб шыға ма?

Қазақтан Хабиб шыға ма?

Қазіргі таңда мысырлық футболшы Мохамед Салахтан кейін әлемдегі ең танымал мұсылман спортшыларының бірі – Хабиб Нурмагомедов. Дағыстандық спортшы UFC аренасында жеңіл салмақта өнер көрсетіп, барлық жекпе-жегінде жеңіске жетті. Әуелі әкесі Абдулманаптың, кейін мексикалық Хавьер Мендестің АКА (American Kickboxing Academy) залында жаттыққан ол үш жыл бұрын мансабын аяқтады. Танымал спортшы жыл сайын біздің елге де атбасын бұрып, ережесіз жекпе-жек кештерінің құрметті қонағы болып жүр. Төрт тілді жетік меңгерген авар жауынгері Алаш балаларының да сегіз бұрыштағы қарымын жоғары бағалап, болашақта чемпион шығатынына сенім білдірді.

Хабибтің көзіне түскен алғашқы спортшы – Шавкат Рахмонов. Жартылай орта салмақтағы қазақстандық палуан «NOMAD» лақап атымен танымал. Ол былтырғы жылы америкалық Нил Магниді басымдықпен жеңген соң, дивизион рейтінгінің алғашқы ондығына енді. Осылайша біздің спортшы өз жеңісін 16-ға жеткізіп үлгерді. Атап өтерлігі, спорт сүйер жанкүйер Шавкат пен шешен тектес швед Хамзат Чимаевтың арасындағы жекпе-жекті асыға күтуде. Оның себебі: қос спортшы да UFC файтерлері әрі қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан жауынгерлер. Десе де, бұл жекпе-жектің нақты күні әзірге белгісіз. Ақпарат көздеріне сүйенсек, атақты компания басшылығы ел күткен жекпе-жекті осы жылдың соңында ұйымдастыруы бек мүмкін.

Жас пері – Жасұлан Әкімжан

Нурмагомедовтың назарына іліккен жекпе-жек шеберінің тағы бірі – Жасұлан Әкімжан. Жуалылық жампоз ММА-ға келмей тұрып-ақ біраз жетістікке жетті. Ол джиу-джитсудан және қоян-қолтық ұрыстан Азия, сондай-ақ панкратионнан Еуропа чемпионы. Жерлесіміз бұл атақтың бәріне 19 жасында-ақ қол жеткізіп үлгерді. «Мен негізі еркін күрестен бастағанмын. Менің негізгі спортым сол. Сосын джиу- джитсумен айналысып көрдім, ол да ұнап қалды. Одан кейін қолмен жұмыс істеуді жетілдіру керек деп, бокспен айналыстым. Сосын ММА-ға келдім», – деген еді Жасұлан. Қазақтың «жас перісі» атанған ол төрт жыл бұрын Сочиде өткен GFC 19/ Krepost 6 турнирінде сенсация жасады. Жас спортшы бұл жарыста Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Мигран Аритюнянды нокаутқа түсірді. Шын мәнінде, Аритюнян оңай қарсылас емес еді. Әуел баста грек-рим күресімен айналысып, Лондон Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынатын бір жарысқа жіберілмей қалған соң, ол 2012 жылы Армения құрамасына кетіп қалған. Ал Риода финалға шығып, Давор Штефанекпен кездесті. Төрешілер соңғы нәтижелі әрекеті үшін Сербия өкіліне күмәнді ұпай беріп, Мигран күміс медальді місе тұтты. Марапаттау кезінде Арутюнян жылап, ызалы көрермендердің Штефанекке ысқырғаны бар. Рио олимпиадасынан кейін Мигран ММА-ға келіп, өзіне «Маэстро» деген лақап ат алды. Алайда оның атағынан біздің жігіт сескенген жоқ. Лайықты қарсылас бола білді. Тіпті, жерлесіміз армениялықтың ММА-дағы алғашқы жеңілісінің авторы атанды. Жалпы, Жасұлан кездесулерін мерзімінен бұрын аяқтауға күш салатын спортшы. Ол бір қарсыласын айналып теуіп, өкшемен төмпештесе, өзгесін қылқындыру әдісімен жеңді. Енді бірін күрзі жұдырығымен сұлатып түсірді. Оның жалғыз жеңілісі Fight Nights Global 81 турнирінде болды. Ол кезде төрешілер жеңісті бірауыздан ресейлік Ахмед Балкизовке берген еді. Бірақ, бұл жеңіліс оны сағын сындыра алған жоқ. Керісінше, намысын қайрады, жігерін жаныды. Бүгінде Naiza ұйымында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Eagle FC лигасының белбеуіне нөмірі бірінші үміткер. Мұнда дағыстандық Расул Магомедов чемпион. Алғашында уақытша титулды алып, артынша толыққанды чемпион атанған ол біздің жігіттің де оңай шағылар жаңғақ емес екенін жақсы біледі. Лига президенті Шамил Завуровтың өзі қос мықтының арасындағы жекпе-жекті өткізуге ниетті екенін бірнеше рет айтқан. «Жасұлан белбеуге нөмірі бірінші үміткер. Солай болып қала береді. Ол Eagle FC лигасының чемпионы бола алады. Бұл тек уақыттың еншісінде. Дегенмен босаңсудың қажеті жоқ. Өйткені бұл салмақта соңына дейін күресетін Расул Магомедов бар. Сондықтан жекпе-жек оңай болмайды», – деді ол. Иә, жекпе-жектің оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Мұны жақсы түсінген Жасұлан бабын жоғалтпай, уақытын тиімді пайдалану үшін Naiza ұйымында өнер көрсетіп жүр. Мамандар оның бұл әрекетін дұрыс шешім деп қабылдады. Ал қос ұйымның басшылары алдағы уақытта бірлескен түрде үлкен турнир өткізуді де жоспарлауда. Демек, болашақта Naiza мен Eagle FC чемпиондарының айқасын көруіміз ғажап емес.

ММА – жоғары сұранысқа ие спорт түрі

Ережесіз жекпе-жек деп аталатын спорттың бұл түрі ересектермен қатар жасөспірімдер арасында да танымал. Бұл спортпен кәсіби түрде айналысатын қыз- жігіттердің де қатары көп. Солардың бірі – Айжан Әбдіқадыр. Қайсар қыз өткен жылы Абу-Дабиде өткен Әлем чемпионатында ересектер арасында жүлделі екінші орыннан көрінді. 11 жасынан бері спортты серік еткен ол 2018 жылдан бастап ММА- да өнер көрсетуде. Жуырда Айжанға хабарласып, спорттағы жетістіктері мен болашақ жоспары туралы білдік. – Бала күнімнен спортқа толығымен ден қойдым. Алғашқы бапкерім Иван Гончаров. Ал қазір қос тәлімгерім бар. Олар Ілияс Хасенов және Ермек Тылауов. Алдағы уақытта екі Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Айтулы жарыстар ақпан және тамыз айларында Германия мен Польша елінде өтеді деп күтілуде. Бүгінде дайындығым өте жақсы. Өзімді жекпе-жектердің барлық түрінен байқап көргім келеді. Себебі ММА-да бәрі аралас. Қолмен де, аяқпен де төбелесуге болады. Күрес те бар. Бұйыртса, осы жылы Әлем чемпионы атануды көздеп отырмын. Спортқа бет бұрған сәттен бастап өзіме керектін бәрін спорт залынан таптым. Анам да қарсылық білдірмеді. Керісінше, менің таңдауыма қолдау көрсетті. Баршаға мәлім, спортта төзім керек. Әсіресе бұл спортта ұзақ уақыт қалу үшін табанды мінез бен тынбай жаттығу қажет. Алла қаласа әлі талай биіктен көрінемін деп ойлаймын. Кез келген спортшы үшін жарыс болмаған кезде қалыпты сақтау оңайға түспейді. Сондай сәттерде бір аптада кем дегенде үш рет жаттығу қажет. Ал турнир мен чемпионаттар басталған уақытта күнделікті күрделі жаттығулар басталады. Ерте жатып, ерте тұру, дұрыс тамақтану мен ащы- тәттіден бас тарту айтуға ғана оңай. Бірақ біз спортшылар осы тәртіпті қатаң ұстауға міндеттіміз, – деген Айжан бос уақытында анасына үй шаруасына көмектесетінін де атап өтті. Қыз баласы болғандықтан, тамақ істеу, үй жинау сияқты жұмыстарды да атқарып, өзін дамыту бағытында кітап оқуды да ұмыт қалдырмайтынын жеткізді. Ал ММА-дан аға жаттықтырушы Ерлан Сембековтың айтуынша, өңірімізде ережесіз жекпе-жекпен айналысатын жастардың қатары күн санап көбеюде. Ал мұның басты себебі – спортшы өзі таңдаған спорт түрінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жете алмауында болып тұр. Ерлан Бақытұлы өз сөзінде жерлесіміз Дәулетжан Нұржастың әуесқой ММА-дан тұңғыш ел чемпионы атанғанын мақтанышпен жеткізді. – Шәкіртіміз Дәулетжан Нұржас өткен жылы әуесқой ММА-дан ел чемпионы атанды. Мұнда 18-20 жас аралығында жас спортшылар өнер көрсеткен еді. Ерекше тоқталатын жайт, біз де ел чемпионатына қатысып, жүлдегер атанған спортшылар жетерлік. Ал Дәулетжан ел чемпионы атанған тұңғыш спортшы. Бұл – үлкен жетістік. 93 келіде өнер көрсететін ол келесі айда Сербия қаласында өтетін Әлем чемпионатында бағын сынайды. Әрине, сәттілік тілейміз. Жалпы, ММА-да қаракөз қыздарымыз да осал емес. Мәселен, 70 келіде Жанерке Жамалбекова Азия чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Бұдан бөлек, Тараз қаласының тумасы Денис Черепенко Душанбе қаласында өткен Азия чемпионатында екінші орынды місе тұтты. Міне, дәл осы үш спортшымыздың болашағынан зор үміт күтеміз. Бұл қыз- жігіттердің ізбасарлары да аз емес. Жалпы, Әлем чемпионатына 12 жастан бастап қатысуға болады. Бағдат Мұсаев пен Иса Аяна есімді жасөспірімдеріміз жасындай жарқылдайды деп сенеміз. Аяна қызымыз джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы. Қазір ММА-ға түбегейлі ауысты. Бұйырса үш айдан соң қос өреніміздің жеңісін тойлаймыз деген үмітіміз бар, – деді аға жаттықтырушы. Айта кетейік, 12 жылдан бері осы салада тер төгіп жүрген жаттықтырушы өзі де дзюдомен шұғылданған жан. Алғашқы бапкері Елдос Сметовтей ердің бағын ашқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұл. Әуелгіде дзюдоға ден қойған Ерлан уақыт өте ережесіз жекпе-жекте өз бағын сынады. Ол тұста бұл спорт түрі ресми түрде ММА деп аталмайтын. Білікті бапкердің ендігі арманы чемпион дайындау. Қорыта айтқанда, ММА біздің өңірде қарқынды даму үстінде. Бұл тұста облыс орталығындағы «Жекпе-жек кәсіпқой клубы» мамандарының еңбегі зор. Алты жыл бұрын клубта 40 жаттықтырушы қазақ күресі, дзюдо, самбо күресі, белбеу күресі, жауынгерлік самбо және кикбоксинг, таэквондо, каратэ-до, каратэ-до шинкиокушинкай WKO, каратэ-до шотакан мен джиу-джитсу, ушу-саньда, муай- тай, панкратион-грэпплинг, пенчак силат, грэпплинг UWW, қоян-қолтық ұрыс сондай-ақ қол күресі мен ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек спорт түрлері бойынша спортшыларды дайындауда. Мұнда жас ерекшелігіне қарай 546 спортшы жаттығады. Ал олардың нәтижесі жаман емес. Мәселен, Айгерім Тілекова, Аяжан Жатқанбай, Денис Черепенко, Меруерт Естемес жастар арасында ел чемпионатында жүлделі орындардан көрінсе, Қуат Ұлданбек ересектер арасында үздік үштікті түйіндеді. Ал Жанерке Жамалбекова мен Дәулетжан Нұржас ел чемпионы атанды. Иә, еңбек бар жерде – нәтиже де болары анық. Тек жастарымыз жалықпай жаттығып, жеңісті жолын жалғаса дейміз. Олардың да жерлес ағалары Жасұлан сынды атақты лигаларда өнер көрсетеді деген сенім мол. Мүмкін дәл біздің өңірден қазақтың Хабибі де шығып қалар...  

Есен Өтеулі