- Advertisement -

Ардагерлердің өтініші аяқсыз қалмаса екен

85

- Advertisement -

Біз, ардагерлер қауымы, бір уақыт өзіміз секілді қариялармен, замандастарымызбен бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, шахмат, дойбы ойнағанды жөн көреміз. Сол үшін Тараздың бір топ шахматсүйер қариялары «Арбат» немесе «Көне Тараз» этно-мәдени кешені аумағынан шахмат клубын ашып беру туралы мәселені көтеріп жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Өзіміз осы «Арбат» маңында тұрамыз. Бұл маңда шахматқа қызығушылығы басым қариялардың қарасы қалың. Осы күнге дейін Тараз қаласын басқарған бірнеше әкімге өтінішпен қайырылдық. Бірақ олардың ешбірінен қайыр болмады. Барлығы сырғытпа жауаппен шығарып салудан аса алмады. Тараз қаласына жаңадан тағайындалған әкім Бақытжан Орынбековке де өтініш жаздық. Естуімізше, іскер азамат көрінеді, сексендегі қариялардың өтінішін жерде қалдырмайды деген үмітіміз бар.

Бұдан бұрын да бұл мәселе ардагерлер тарапынан осы газет бетінде «Кері байланыс» айдарымен көтерілген болатын. Сол кезде де «Біз, қариялар, Тараз қаласының орталығынан «Көне Тараз» этно-тарихи кешені ашылғанда қуандық. Себебі күн жылы кезде жиналып, саябақта шахмат ойнайтынымыз бар еді. Енді сол кешеннен бізге арнап шахмат ойнайтын орын ашып беруді сұрап келеміз. Бірақ қайда қайырылсақ та мардымды жауап ала алмадық. «Арбатта» не көп, ғимарат көп.

Солардың бірінен бізге бір бөлме берілсе екен дейміз. Тым болмаса, сонда қаңырап бос тұрған үш дүңгіршектің бірін берсе, өзіміз-ақ жөндеп алар едік», деп жазғанбыз. Оған қала басшылығы: «Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков саябағында шахмат клубы орналасқан. Ал қала тұрғыны Панарбек Кебеевтің өтініші бойынша айтқан орында шахмат клубын ашу мүмкін емес. Бірақ ағымдағы жылы қала тұрғындарының сұрауы бойынша кеңейтілу жұмыстары жүргізілуі ықтимал», деген жауап қайтарылған еді. Өкінішке қарай, содан бері ешқандай өзгеріс жоқ.

Біздің бұл мәселемізден хабардар «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Марат Құлибаевқа облыстық «Ардагерлер үйінің» басшылығы сол ғимаратқа барып шахмат ойнауымызға болатынын айтыпты. Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Сайлаухан Ашанов «Ардагерлер үйінде» қарттарымызға барлық жағдай жасалған. Мұнда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен «Ардагерлер клубы» жұмыс істейді. Күн жылыда Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтағы шахмат алаңында, ал күн салқындағанда «Ардагерлер үйіндегі» шахмат бөлмесін пайдаланса болады. Онда ойын тақтасы, бәрі бар. Ол қариялардың осында келіп ойнауларына ешкім кедергі болмайды» депті.

Алайда бізге «Арбат» пен «Көне Тараздан» орын табылса қолайлы болар еді. Журналистке сондай- ақ Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев те ол кешенде бос орынның жоқтығын, үшінші қабаттағы жөндеу жұмыстары толық аяқталмағандықтан, қыс айларында жылытылмайтындығын айтыпты.

Дегенмен «үмітсіз – шайтан» демекші, бұл жолғы өтінішіміз де сырғытпа жауап күйінде қалмай, ардагерлердің сұранысы аяқасты етілмейді деп сенемін.

 

Панарбек КЕБЕЕВ,

еңбек ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support