- Advertisement -

Әуезов және Алаш

310

- Advertisement -

Заңғар жазушы М.Әуезов мұрасы қаншама тарихи толқындардан өтіп, ел-жұртымен бірге жасасып келеді. Оның себебі жазушы шығармаларының уақытпен үндес, рухтас бола алғандығынан. Сондықтан да М.Әуезов – бүкіл шығармашылығында қазақ халқының арманын айшықтап, мұратын мәністеген, одан өзін ешуақытта бөле-жарып қарамаған суреткер.

Ұлы жазушы, ғұлама ғалым, дарынды драматург Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығы аталып өткені белгілі. Осыған орай, облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі жазушының әлемдік өркениет пен адамзат ақыл-ойы тарихындағы орны мен рөлін айқындау, қазақ әдебиетінің даму үдерістерінің тарихын және бүгінін саралап, қаламгер мұрасындағы Алаш парадигмасы, жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген озық идеяларын насихаттау мақсатында «Әуезов және Алаш» тақырыбында республикалық диалог алаңын ұйымдастырды.

Аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана-сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болған Әуезовтей заңғар жазушы жайлы еркін әңгімеге филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры С.Құлбарақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Мұхтартану» ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері А.Қалшабек, филология ғылымдарының докторы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» институтының директоры А.Қартаева, Семей қаласындағы Ә.Бөкейхан университеті, филология кафедрасының PhD докторы Р.Садықова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Л.Мұсалы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Ә.Исабек, Ә.Бөкейхан университеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі А.Рахметуллин, Семей қаласы, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі қазақ тілі м е н әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-шебер К.Мусина, тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы Т.Мұқанов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Р.Саламатова мен Т.Мұқашев, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Ә.А.Найзабаевтар қатысты.

Қазақ халқының рухани өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаламгердің өзінен кейінгі мәңгілік ғұмыры да толассыз жаңалықтарға толы. Әлем жұртшылығы қазақ халқының рухани мәдениетін Мұхтар Әуезов шығармашылығы арқылы танып келеді.

Іс-шарада әңгіме «Аманат арқалаған алашшыл Әуезов», «Ұлы суреткердің әдеби тіл әлемі», «Абайтанушы Әуезов және мұхтартану мәселелері», «Әуезов ұрпақтары» тақырыптары аясында өрбіді.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» институтының директоры А.Қартаева М.Әуезовтің қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы мен алғашқы әдеби-мәдени шығармашылығының оянуына, сондай-ақ жазушылық, ғылыми- зерттеушілік, публицистік қабілетінің шыңдалуына себепкер болған Алаш әдебиеті екендігін айтып, Алаш арыстарымен Әуезовтің рухтас, ниеттес, серіктес болғандығы жайлы деректер келтірді. Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Л.Мұсалы және филология ғылымдарының докторы, профессор С.Құлбарақ жазушының суреткерлік шеберлігіне тоқталды.

Сонымен қатар еркін әңгіме алаңында Әуезов ұрпақтары жайлы тың деректер айтылды.

 

Лариса ЕЛІБАЕВА,

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support