- Advertisement -

Әлихан Ленинді де, Сталинді де бойына теңгермеген

60

- Advertisement -

Әлихан Бөкейхан жайлы: 

Осыдан 80 жылдай бұрын Мәскеудегі НКВД-ның Бутырка түрмесінде Алашы үшін азап шеккен Әлихан атамыз тұтқын анкетасын өз қолымен толтырғанда мамандығын журналист, аудармашы деп көрсеткен. Револю­ция­дан кейін қазақтың Алашорда Үкіметінің төрағасымын деп тайға таңба басқандай жазып кетіпті.

Тізесін бүкпеген, айылын жи­маған, ешкімнен қаймықпаған. Қазақ­тың талай арысы жапон шпионы деген жаланы азапқа шыдамай мо­йындағанда, жалғыз Әлекең ғана сынбапты. Рухы тасты да шабатын алдаспандай болғаны ғой. Ленин анкетасында мамандығын «журналист» деп, Сталин «марксист» деп жазыпты. Бұл екеуі де негізгі мамандықтары басқа бола тұра, журналист болған. Ленин «­Искра» газетін шығарып, өзі редактор болса, Сталин бүкіл мақалалары мен сөйлейтін сөздерін өз қолымен жазған. Осы екі тұлғаны да Әлихан атамыз көзіне ілмеген.

Әлекеңді әуелі Бутыркаға қамап тастағанда ескі марксист, Сталинге сөзі өтетін қарт бәлшебек, Маркстің өзін көрген В.Шелгунов: «Әй, Коба, кімді тұтқында ұстап отырсың?» деп босаттырыпты. Әлихан атамыздың үйқамақта болуы содан. Бірақ ақырында НКВД Нығмет Нұрмақов екеуін бір күнде атып тастаған.

Әлихан Бөкейханның Ленинді де, Сталинді де бойына теңгермегеніне тағы бір дәлел бар. Ленин Алашорданы ақтап, кешірім жасағаннан кейін Қазақ елінің атынан Ресеймен келіссөз столына Алашорда Үкіметі отырады. Әлекеңнің өзі баратын жөні бар ғой. Бармайды. Алаш арыстарының ішіндегі ең жасы — Әлімхан Ермековті жібереді.

Ленинмен төрт сағат ырғасқан Әлімхан Ермеков Қазақстанның осы бүгінгі шекарасын шегелеп, басқа да көп шаруаны тындырып шығады. Сонда Ахмет Байтұрсынов айтты деген сөз бар. «Ленинің біздің Әлімханмен төрт сағатқа сөйлесуге жарады. Осал емес екен» деген екен.

Университетте Ленин 6 тіл біледі деп оқытқан. Біздің Әлихан атамыз 9 тілде еркін сөйлеп, көсіліп жазған. Францияның күні бүгінге дейін шығып келе жатқан «Фигаро» газетіне француз тілінде 1930 жылы екі мақаласы жарияланған көрінеді. Шіркін, тауып әкелсе ғой. Сонда кім мықты? Әлекең бе, Ленин бе?

Амал нешік, бәрі НКВД-ның қызыл қасабында құрбан болды. Не дейміз?
Бүгінгі ұрпақ осы Алаш арыстарындай болса екен деп армандаймыз.

Мағауия Сембай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support