ЕлІ үшін жан қиған
ЕлІ үшін жан қиған
Байзақ датқа мерейтойы аталып өтті
Ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр қазақ даласында даңқы асқан ұлдар аз тумаған. Алақұйын заманға тап келіп, толарсақтан саз кешкен баһадүр бабалардың қадау-қадау ерліктері тарау-тарау аңыздарға арқау болып келеді. Ел үшін ерінен аумаған ержүрек ұлдардың есімі естен кетпес, ерлігі еш ұмытылмас. Сондай батыр бабалардың бірі – кешегі елінің еркіндігі үшін құрбан болған Байзақ Мәмбетұлының туғанына биыл 225 жыл толып отыр. Айтулы датаны батырдың ұрпақтары – байзақтықтар дүркіретіп атап өтті.
Мерейтой Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылындағы батыр ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды. Ескерткіш маңында алыс-жақыннан келген датқа ұрпақтары мен жерлестері тарихи тұлғаның қилы тағдыры, теңдессіз ерлігі жайлы сөз қозғап, тебіренді. Іле-шала жұртшылық әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйіне жиналды. Онда елімізге танымал ғалымдардың, құрметті қонақтардың қатысуымен «Байзақ датқа және Қоқан дәуірі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынды аудан әкімі Мұратхан Шүкеев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов алдымен батыр есімін еншілеген ауданның тұрғындары мен меймандарды мерейтоймен құттықтады.
– «Елді құрметтеу, алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген Елбасы сөзінің астары тереңде. Қазақ халқы бағына туған хандар мен кемел ойлы билерге, ел қорғаған білекті батырларға кенде болмаған. Солардың ішінде айрықша орны бар тұлға Байзақ Мәмбетұлының биыл туғанына 225 жыл толып отыр. Бұл тарих үшін бірнеше буын ұрпақтары алмасқан, қос ғасырдың жүзі көнеріп үлгерген уақыт. Десек те, «Ер есімі – ел есінде» демекші ел мен жер үшін білегін сыбанып, жауға шапқан перзенттердің ерліктері мен есімдері ешуақытта ұмытылмайды. Бұл соның бір айғағы, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Бұдан кейін сөз кезегін алған «Байзақ датқа» қоғамдық қорының төрағасы Оңласын Есіркепов ұрпақтар сабақтастығы жайлы сыр тарқатты. «Елдің қамын ер ойлар» демекші, Байзақ батыр мен кіндігінен өрбіген ұрпақтары талай тірлік тындырғанын тілге тиек еткен қор төрағасы тұлғаның көрегендігі жайлы да мысалдар келтірді.Иә, бұл орайда датқаның Оңтүстік өңірдің табиғаты егіншілікке қолайлы екендігін ескеріп, жер суландыру ісін әу бастан қолға алғанын айтсақ та жетеді. Батыр бабамыздың өзі және ұлдары қаздырған ұзындығы 160 шақырым тоғандардың жалпы саны 30-дан асып түседі десек, оның игілігін бүгінгі ұрпақтары көріп отырғаны мәлім. – Байзақ бабамызды тамыры тереңге кеткен, жапырақтары жайқалған алып бәйтерекке теңеуге болады. Одан тарап, өсіп-өнген ұрпақтары бүгінде бір қауым ел. Тәуелсіз ел болғалы ертеде өткен батыр бабаларымыздың ерліктерін, елі үшін атқарған істерін ескеріп, еске алу шараларын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл рухани қажеттілік қана емес, ата-баба әруағы алдындағы парызымызды өтеу. Бұл мерейтойды да «Байзақ датқа» қоры осындай игі мақсатпен ұйымдастырып отыр. – деді О.Есіркепов. Байзақ Мәмбетұлының есімі тек бізге ғана емес, күллі исі қазаққа таныс деп білемін.Отаршылдыққа қарсы күрескен, елінің тәуелсіздігі үшін зеңбіректің аузында ажал құшқан, Халық қаһарманы және қоғам қайраткері Байзақ датқа туралы қандай теңеулер айтсақ та артық емес. Кең байтақ қазақ даласы орыстардың отарына айналып жатқанда, Қордайдан Ташкентке дейінгі аралық қоқандықтардың езгісіне тап болды. Осы тұста Байзақ датқаның теңдессіз ерліктері, қоқандықтарға қарсы күрестері жайлы таңнан таңға дейін толғауға жетерліктей. Ол туралы тарихтан сыр тарта ой қаузаған филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев датқа өмірінің өнегелі кезеңіне тоқталды. Сондай-ақ, жиында сөз алған басқа да баяндамашылар өз тақырыптары бойынша Байзақ датқаның өмірі мен тарихтағы бейнесі жайлы әрқилы ойлар қозғады. Айталық, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ Байзақ датқаның әдебиеттегі бейнесі туралы аз-кем әңгімелеп, келелі ойларын ортаға салды. Оның айтуынша осындай ірі тұлға туралы әдеби шығармаларда аз ғана айтылып, бірен-саран шығармаларда ғана берілгені болмаса, әдебиетшілер тақырыбына ерліктері арқау болмай отыр екен. Расында, батырдың жауынгерлік қыры кемел шешімдері тек тарихи деректермен ғана емес, көркем әдебиетпен де астасып бүгінгі оқырмандар жүрегінен кеңінен орын алып жатса игі еді. Осындай тарихи тұлға жайлы әрлі әңгімелер мен тың ойларды ортаға салған отырыс барысы мерекелік шарамен өрбіді. Өңірімізге белгілі өнерпаздардан дайындалған концерттік бағадарлама тарихи көрініспен ашылып, ұлтжандылық сезімге негізделген ән-жырдан шашу шашты. Сонымен қатар, осы күні дарабоз датқа әруағына арналып ас беріліп, ат шаптырылып, көкпар тартылды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.