- Advertisement -

Шаруалардың мәселесі шешілмей келеді

170

- Advertisement -

Сарысу ауданында ағын су мәселесінің көтеріліп отырғаны бүгін ғана емес. Жылда сөз болады, бірақ өкінішке қарай әлі күнге шешімін таппай келеді.

Облыстың шалғай қиырында орналасқан ауданның негізгі кәсібі мал, бау-бақша мен егін шаруашылығы. Ал ертеден Талас өзенінің бойын ен жайлаған Сарысудағы Досбол ауылдық округінің тұрғындары үшін ағын су бүгінде басты мәселеге айналған.

Досбол ауылдық округіне қарасты Кіші Көкдала ауылының тұрғыны, «Елдос-2004» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Нахановтың айтуынша, өзен арнасына су түспегендіктен, ағын судан тарыққан халық атақонысын тастап, өзге өңірлерге қоныс аударуда. Бұрын Түркістан совхозының Кіші Көкдала бөлімшесінде 30 үй болса, қазір 10 ғана үй қалған. Оның өзі мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалық иелері екен.

– Біз мал баққан шаруа адамбыз. Талас өзенінің суына тәуелдіміз. Талас өзенінің Қырғыз мемлекетінен бастау алатынын, «Киров» су қоймасынан бөлінетінінен де хабардармыз. Соның өзінде суару науқаны аяқталған тұста қалдық суды соңында отырған біздің өңірге дейін жеткізуге болады ғой. Су болмағандықтан, су ішіп отырған құдығымыз да тартылуда. Есік алдымда бес құдық бар, бәрі тартылып қалды. Сол сияқты, шабындықтарға да су түспегендіктен шөп шықпай құр тақырға айналып барады. Шөп шықпаған соң округ тұрғындары жем-шөпті сырттан, өзге өңірлерден тасымалдауға мәжбүр. Бұл біз сияқты мал баққан шаруаға қымбатқа түсуде. Сонымен қатар жайылым жер де судың болмауынан тозып кетті. Мал басында шығын бар, – дейді Талғат Наханов.

Су болмаған соң, жазы ыстық өңірде кене көбейген. Кенеден малға келер қауіп те көп, таралатын ауру да көп. Кене мәселесімен мал дәрігерлері жыл бойы күрескенімен, мал шығыны артқан. «Мал басының шығынға ұшырауына тағы бір себеп – екі-үш жылдық қалдық сулар.

Шұқанақтарда қалып қойған, қар мен жауын-шашыннан жиналған су жаз айларында сасып, шыбын- шіркей мен құрбақалардың мекеніне айналады. Ен далада су болмаған соң өрістегі мал сол суаттардан су ішіп, іле іші кеуіп, өліп жатады. Мәселен, Жангелді Қуатбековтің соңғы екі жылда 53 бас мүйізді ірі қарасы шалшық судан су ішіп, уланып, өрісте өлген. Осылайша, малынан айырылған шаруа қожалықтар аз емес», дейді шаруа.

Талғат Нахановтың айтуынша, шаруа қожалықтары жылда қалдық су салдарынан 20-30 бас малынан өлідей айырылады екен. «Бұл дегеніңіз экологиялық апат. Талас өзенінің табанына су түспегендіктен айналамыз айтақырға айналып барады. Сәл жел соқса, соңы топырақ суырған ақтүтек боранға айналады. Осылайша, бір кездері шабындығы жайқалған, айналасын жасыл желек көмкерген, жағасын тоғай басып жататын өзен арнасының орнында қазір құм мен шаң суырып тұрады», дейді ол.

Сондай-ақ жайылым тапшылығынан досболдық шаруалар енді малымен қыс айларында орман қорындағы жайылымға көшіп, вагонда тұруға мәжбүр болуда. Ал Талас өзенінің арнасына су түскелі 4-5 ай болса да ол су өзен арнасымен Кіші Көкдалаға әлі күнге толық жетпеген. Зерделеп көрсек, арнаның бойында орналасқан көрші Талас ауданындағы ауылдық округ тұрғындары қазір өзен арнасында жатқан 4-5 текшеметр суды әр тұстан бөгеп, оны өз шабындықтары мен жайылымдарына бұрып алған. Олардың көрші аудан мен көрші ауылдық округтерге жаны ауыратын емес.

– Байзақ пен Талас аудандарының шекара тұсында Ақмолда су қоймасы салынғалы жатыр. Бұл су қоймасы салынған жағдайда бізге тағы қиын соғайын деп тұр. Өйткені қазірдің өзінде су жетпей жатқан арнаға мүлде су түспеуі мүмкін. Қыс түссе болды, көршіміз таластықтармен таласып келеміз. Біз жығып әуреміз, олар арнаны бұрып әуре. Биылдың өзінде Үшарал ауылдық округінің әкімі екі рет бізге келетін каналды жауып тастады. Талас-Шу бассейндік су инспекциясы мамандары барып жағдайды білгенімен, суды бұрып алған азаматтарға ешқандай шара қолданған жоқ,– дейді шаруа.

Өткен жылы Талас ауданына республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, барлық канал күл-қоқыстан аршылса, сарысулық шаруалар Түгіскен магистралды каналының 3 шақырымын өз күштерімен тазалапты. Ондағы мақсаты – суды шабындық пен жайылымға жетуіне септесу. Ал көршілері болса суды бұрып, көршілерін биыл да сусыз қалдырып отыр. Дегенмен мұндағы шаруалардың айтуынша, ағын суды Сарысуға жеткізудің бір-ақ жолы бар екен. «Ойық ауылындағы көпірден Досбол ауылындағы көпірге дейін үлкен арна – канал қазып, жербетондап, әрбір ауылдың тұсынан құлақ қою керек. Сонда Ойықтан шыққан су Сарысу ауданына тіке барады. Сондай-ақ суды бір жыл Талас ауданы, бір жыл Сарысу ауданына кезекпен беруге болады. Ойық-Досбол каналының
қызығын екі ауыл да тиімді пайдаланар еді», дейді.

Көкдала, Шағалалы ауылдарында бүгінде ұялы байланыс та, ауыз су мен ағын су да, көгілдір отын да шешімін таппаған. Интернет бар, қолжетімділігі төмен. Қырық жылдан кейін жөндеген жолды қазіргі таңда тұз тасып жатқан қытайлық ауыр жүк көліктері қайта талқандап жатыр.

Бұл округте мәселе көп. Соның бастысы – құмды өлкеде мал бағып, өңір экономикасының артуына үлес қосып отырған шаруа қожалықтарына қолдау көрсетілмей отырғаны. Бұл мәселенің шешімін, шешу жолдарын аудан басшыларына шаруалардың өздері ұсынуда екен. Бірақ әзірге олардың уәжіне құлақ асқан ешкім жоқ.

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support