- Advertisement -

Әскери ғимарат пайдалануға берілді

121

- Advertisement -

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы орналасқан ғимарат пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, кәсіби шеберлікпен қатар ептілік пен шыдамдылықты серік еткен сарбаздардың жұмысына сәттілік тіледі.

– Ұлттық Ұлан әскери бөлімінің қызметкерлері еліміздің ішкі тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Бақытымызға орай, бірлігі жарасқан тәуелсіз елде өмір сүріп келеміз. Алайда «жау жоқ деме, жар астында» деген аталы сөз бар. Сол себепті, ел ішінде іріткі салуды көздейтін арам пиғылды адамдардан сақ болғанымыз жөн. Бұған дәлел ретінде өткен жылы орын алған «Қаңтар оқиғасын» айтуға болады. Бұзақылардың ұйымдастыруымен болған жаппай тәртіпсіздіктердің салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау және әскери қызметшілер зардап шекті. Адам шығыны орын алды, әлеуметтік нысандар бүлінді.
Еліміздің әскери доктринасына сәйкес ішкі әскерге жаңа міндеттер жүктелді. Осылайша, әскердің жауынгерлік шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастыру штабтық құрылымы жетілдірілді. Өткен жылы облысымыздағы төтенше жағдайларға байланысты арнайы мақсаттағы жасақ құрылды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен ғимарат осы жасақтың жұмысына тың серпін берері сөзсіз. Бұл ғимаратта тек бейбітшілікті көздейтін шаралар өтеді деп ойлаймыз, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Бұдан кейін, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Кәрімжанов, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреев сөз алып, ел басына түскен сын сағатта топ жаратын сарбаздардың жұмысын жоғары бағалады.

Айта кетейік, арнайы жасақ орналасқан кешен бұған дейін 5513 әскери бөлімінің казармасы болған еді. Былтыр жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге қаражат бөлініп, мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді мұнда ауыр сыннан өткен санаулы сарбаздар дайындығын пысықтап, қауіптің алдын алу мақсатында жаттығу өткізетін болады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support