Әлихан Смайылов Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен проблемалық мәселелерді талқылады
Әлихан Смайылов Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен проблемалық мәселелерді талқылады
Алматы облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов агроөнеркәсіп саласының бірқатар кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты. Бірінші кезекте Үкімет басшысы инновациялық технологияларды қолдана отырып, жеміс-жидектерді терең өңдейтін «Fruit Art» ЖШС экспорттық кластеріне барды. Кәсіпорынның өнімі дамыған елдердің нарықтарына (тамақ өнеркәсібі және бөлшек сауда желілері), соның ішінде ЕО, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяға жеткізіледі. Әлихан Смайылов Алматы облысы қолайлы климаттық және географиялық жағдайлардың арқасында ірі аграрлық өнім өндірушілердің бірі болып табылатынын атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, жаңа өнім өңдейтін агрокәсіпорындардың құрылуы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін арттыра бермек. Бұл ретте жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін сақтауды және өткізуді қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ Премьер-Министр облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-жөп, ветеринариялық препараттар, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және т. б. сатып алу мәселелерін талқылады. Әлихан Смайылов аграрийлерді қолдау Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов алдағы жылдары Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлетінін айтты. Одан кейін Премьер-Министр 2022 жылы іске қосылған және жылына 15 мыңға дейін өнім шығаратын «Nauryz Agro KZ» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының жұмысымен танысты. Барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорынның өз инкубаторы бар және қазіргі уақытта ет өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Әлихан Смайылов құс фабрикасының өңір экономикасы үшін ғана емес, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін де маңызды зор екенін айтты. «Азық-түлік қауіпсіздігі – бүгінгі күннің басты сын-қатерлерінің бірі. Облыс әкімдігі өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін және агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін осындай жобаларға қолдау көрсетуі қажет», — деді Премьер-Министр. Сонымен қатар Үкімет басшысы тез дайындалатын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС кәсіпорнына барды. Өз өнімдерін ішкі нарыққа да, жақын шет елдерге де сатып отырған зауытта 850 адам жұмыс істейді. Өткен жылы мұнда алкогольсіз сусындардың жаңа желісі іске қосылды. Өндіріс қуатты жылына 78 млн бөтелкені (лимонадтар және т.б.) құрады. Қосымша 90 жұмыс орны құрылды. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл заманауи зауыт – шетелдік инвестицияның қатысуымен іске асып жатқан табысты жобаның нақты көрінісі. «Бүгінгі таңда өнімнің 70%-дан астамы экспортқа жіберіледі, бұл өңірдегі тамақ өнеркәсібін дамыту әлеуеті қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті билік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және оларды кеңейту мәселелері бойынша жәрдемдесуі қажет», — деді Премьер-Министр.