Қазақстан құрамасы Универсиаданы жеңіспен бастады
Қазақстан құрамасы Универсиаданы жеңіспен бастады
Қысқы Универсиададағы алғашқы ойынды Қазақстанның хоккейден ерлер құрамасы ойнады. Оңтүстік Корея құрамасына қарсы бастапқы матчта біздің хоккейшілер 5:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі. АҚШ-қа жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Әлемнің 50 елінен студенттер қатысып жатқан спорттық жарыс АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтуде. Жарыс алдында министр Саясат Нұрбек жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Бүгін қысқы Универсиададағы алғашқы ойынды Қазақстанның хоккейден ерлер құрамасы ойнады. Оңтүстік Корея құрамасына қарсы бастапқы матчта біздің хоккейшілер 5:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасының құрамында Алдияр Нұрлан, Максим Мусоров, Кирилл Полохов және Максим Мұхаметов шайба салды. Хоккей құрамасы Қазақ спорт және туризм академиясының студенттерінен тұрады. Қазақстандықтар В тобында өнер көрсетеді, онда Ұлыбритания, Мажарстан, Словакия және АҚШ командаларына қарсы ойнайды. Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды. Студенттер биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.