Жаңалықтар

«Бүркіт» ерекше арнайы мақсаттағы жасағының ғимараты ашылды

«Бүркіт» ерекше арнайы мақсаттағы жасағының ғимараты ашылды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласында орналасқан ҚР Ұлттық Ұланы 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» ерекше арнайы мақсаттағы жасағы ғимаратының салтанатты ашылуына қатысты.

Айта кетейік, «Бүркіт» арнайы жасағы өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған. Ол облыстағы төтенше жағдайларда жауынгерлік міндеттерді орындау, терроризм актілерінің жолын кесу және адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау мақсатына негізделген. Жеке құрамның алдында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі, осы тұрғыда әскерилерге айрықша сенім артылатынын атап өтті.

Келесі кезекте  ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Кәрібжанов,  Ұлттық ұлан «Оңтүстік» ӨҚ қолбасшысы Талапкер Әміреев те өз құттықтауларын жеткізді. Бұдан соң қонақтар ерекше арнайы мақсаттағы жасақ ғимаратын аралап, жасақтың орналасу тәртібі және киім үлгілерімен танысты. Жергілікті биліктің қолдауымен ғимарат керек-жарақпен жабдықталған. 4 қабатты нысанның іргесі 1979 жылы қаланған десек, өткен жылы қайта жаңғыртуға облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тапсырыс берген. Оның құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 269,2 млн. теңге бөлінген. Мердігер – «Райша-3» ЖШС. Жаңғыртудан өткен нысанда «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі мен атқыштар батальонының жеке құрамы орналасады.