Жаһан

Қазақстан мен Жапония экология саласындағы мәселелер аясында өзара ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Жапония экология саласындағы мәселелер аясында өзара ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мен Жапонияның Парламенттік сыртқы істер вице-министрі Ёшикава Юуми екіжақты кездесу барысында экология саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жапондық тарап бірлескен Кредиттеу механизмі (JCM) аясында Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді. Бұл механизм озық технологияларды және шығарындыларды азайту жөніндегі инфрақұрылымды таратуға, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, JCM парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе сіңіруге бағытталған Климаттық жобаларды жүзеге асыруды қарастырады. Жапония 2020 жылы 2050 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларының нөлдік деңгейіне жетуді мақсат етіп қойды. Қазіргі уақытта Күншығыс елі энергетикалық көздерден парниктік газдардың шығарылу көлемі бойынша әлемде 5-ші орында (ҚХР, АҚШ, Үндістан, Ресей) тұр. Сондай-ақ, тараптар кредиттеудің бірлескен механизмі бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға екі елдің үкіметтері деңгейінде қол қою мәселелерін талқылады. Анықтама: JCM аясындағы несиелер аталған механизм шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңіру бойынша шараларды іске асыру барысында жоба қатысушылары қол жеткізген парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірудің сандық көрсеткіштері негізінде беріледі.