- Advertisement -

Дәуірдің дара тұлғасы

133

- Advertisement -

Көрнекті қайраткер Дінмұхамед Қонаевқа қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Қай кезде де тазалық пен шынайылықтың үлгісі болған Димекең тарихта қалған биік адам. Тау тұлғаға Әулиеата өңірінің де құрметі бөлек.

Халықаралық қордың облыстық бөлімшесінде еңбек ете жүріп байқағаным, Димаш Ахметұлын барша жұрт, мыңдаған қарапайым еңбек адамдарының жақсы көріп, бағалағаны.

2020 жылы қазан айында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа Тараз қаласында монументалды ескерткіш қою туралы Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің алқа мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысқан жиналыс өтті. Д.Қонаевтың ескерткішін орнату мәселесін көпшілік қызу қолдады. Жиын үстінде алуан түрлі қолдаулар мен ұсыныс-пікірлер айтылды. Танымал кәсіпкер, меценат әрі қордың төрағасы Әлімбек Жұмабаев ескерткіш орнату үшін тиісті құжаттарын заңдастырып, қажетті қаражат көлемін есептеп, дайындық жұмыстарын бастауымыз керектігіне тоқталды. Айтылған ұсыныстар мен пікірлерді жүзеге асыру үшін қор мүшелері көп жұмыстарды ұйымдастыра білді. 2020 жылы 30 желтоқсанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның «Тараз қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевқа ескерткіш орнату ұсынысына қолдау көрсетілсін» деген хаттамасын алдық.

Қазақстан Үкіметінен тиісті рұқсат алынып, 2021 жылғы 17 ақпан «Egemen Qazaqstan» газетіне Д.А.Қонаевтың монументалды ескерткішіне байқау жарияланды. Байқауға Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған және Жамбыл облыстарынан барлығы 23 өнер туындылары қатысты. Эльдар Асқарұлы Қонаев бастаған 17 адамнан құрылған комиссия мүшелері бірауыздан жеңімпазды анықтап, келісімшарт жасалынды.

Жеңімпаз анықталғанмен, жұмысты бастауға қорда қаржы болмады. Енді ойға алған үлкен істі жүзеге асыру үлкен күшке айналды. Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі қаржы жинауға бастамашы болды. Қордың құрметті мүшесі, абыз ақсақал Баттал Жаңабаев өзі бас болып қаржы салды. Бастама көтерген топтың қатарын жүздеген жанашырлар толықтырып, ерекше қолдау қөрсетті.

Ойы ортақ, ниеті бір жандардың болғаны қандай медет. Қордың облыстық бөлімшесінің кеңесшісі Жапар Күздекбеков ағамыз сондай азаматтардың бірі болды. Ол ұзақ жылдар кеңес заманында ауылшаруашылық саласының маманы, шаруашылықтарда басшылықта болған тәжірибелі кісі. Ол кісі орнықты ой айтып, келісілген шаруаларды бітіріп отырды.

2022 жылғы 13 тамыз күні дәуірдің ұлы тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қоневтың ескерткішін Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев және өзге де лауазымды тұлғалар салтанатты түрде ашты. Шарада сондай-ақ Д.Қонаевтың ұзақ жылдар көмекшісі болған мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенат А.Шабдарбаев, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы, генерал-майор М.Телегусов және шараның құрметті қонақтары, Қазақстанға белгілі әскери қайраткерлер, генералдар да сөз алып, Жамбыл жұртшылығын осынау тарихи күнмен құттықтады.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді. Қажетті қаржы жинауға Б.Әбдиев, М.Азимов, С.Сейдазимов, Қ.Оспанов, Л.Егембердиев, А.Асқарбеков және өзге де азаматтар көп көмек берді.

Дінмұхамед Қонаевтай асылымызды ардақтап, Әулиеата жеріне алып бейнесін орнатуға аз да болса үлес қосқанымды мақтан тұтамын.

 

Қибат АСҚАРБЕКОВ,

Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support