- Advertisement -

Боран Жаңатаста жиі соғады

151

- Advertisement -

Белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбиннің тарихи, танымдық, деректік «Жаңатас дастаны» кітабында: «Жаңатас қаласының бастауы сонау 1964 жалдан басталатындығын қаперде ұстаған жөн. Ол кезде шағын ғана «Бүркітті» қыстағы Сарысу ауданының осы күнгі Жайылма ауылына, бұрынғы Ленин ауылдық кеңесіне қарайтын. Сол жылы Бүркітті еңбекшілер депутаттарының поселкалық сайлауы өткізілді. Бүркітті поселкасы Ленин ауылдық кеңесінен алынып, Қаратау қалалық атқару комитетіне қарады. Оның басты себебі, Қаратау таулы аймағындағы ең ірі – «Жаңатас» кеніші ашылып, өндірістік тұрғыдан қарқын алды», делінген.

1968 жылы Жаңатас поселкасына қазақтың даңқты перзенті Дінмұхамед Қонаев келіп, құрылыс жұмыстарымен танысып, кен орындарында болады. Республика басшысының сапарынан кейін көп ұзамай, 1969 жылдың 25 маусымында Жаңатасқа қала мәртебесі берілді. Қала тарихы осылай басталады.

Соңғы жылдары Жаңатас қалың қар құрсауында қалып, боран соқса «Қыс мезгілінде ақтүтек боран жиі болатын жерге қаланы неге соққан?» деген әңгіме әлеуметтік желіде де, ел ішінде де қозғалып жататын болған соң, жоғарыда жерлес жазушының кітабынын қала тарихынан қысқаша үзінді келтірдік. Қаланың байырғы тұрғындары: «100 мың адам тұратын қаланы Байқадам ауылымен «Итауыздың» арасындағы жазыққа тұрғызбақ болған, алайда кейіннен кен орындарына қашық болады деп қазіргі орнын дұрыс деп тапты», дейтін. Ол заманда Мәскеуге, компартия шешіміне кім қарсы шығады…

Бірде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бұрынғы директоры, облыстың Құрметті азаматы Мұратқали Сәрсеновтің «Қаратау фосфор шикізат қорының зерттелгенінің өзі 100 жылға жетеді» дегені есімізде. Ал зерттелмегені бірнеше ғасырға жететін шығар? Жер астында кеннің осындай мол қоры болған соң, қалада қақпақыл ойнататын боранның жиі соғуы табиғи құбылыс. Кеңес заманында табиғаты өзгеше өңірден орын тепкен шағын қалада тұрып, «Қаратау» өндірістік бірлестігінде еңбек еткен кенші-қызметкерлердің айлық-жалақысына 60 пайыз үстеме қосылатын. Тікелей Мәскеуге бағынышты болған жаңатастықтарға Кеңес одағының байлығы асып-тасығандықтан сонша қаражатты бере салған жоқ. Қақаған қысын ескерді, ақтүтек боранда тау қопарып, тас жарған кеншілерге материалдық демеу болсын деді.

Өткендегідей «долы» боран «Қаратау» өндірістік бірлестігін А.И.Шейн, А.В.Недогон және С.Түйтебаев басқарған жылдары да талай болған. Темір бағаналарды құлатып, қалыңдығы білектей электр қуаты жүретін желілерді үзіп жататын. Рас, ол кезде Жаңатасты «асырап отырған» комбинаттың әлеуеті зор еді. Бүлінген нысандарды өз күштерімен қалыпқа келтіретін. Қалада тұрған жылдары өзіміз де жылусыз, сусыз, жарықсыз талай қалғанбыз. Жаңатастың жасампаз жұрты соны ың-шыңсыз көтере білді. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай айдай әлемге аты шыққан іргелі кәсіпорын қолдан-қолға өтіп, қаланың басынан бағы тайып, базары тарқағандағы қиындық туралы әңгіме бөлек… 2013 жылы да қаланың астаң-кестеңін шығарған ақтүтек боранға байланысты төтенше жағдай жарияланған. Ондағы бүлінген дүние, шығын бұдан да көп еді. Сонда да Жаңатастың тұрғындары шыдамдылық танытты, жоғарыдан және жергілікті бюджеттен қаралған қаржы бар, туған қалаларын тез арада қалыпқа келтіріп алды.

Жыл басында, 3 қаңтарда басталған ақтүтек боранды естігенде бірінші адамдардың амандығын тілеп, бүлінген дүние шұғыл қалпына келетініне сеніммен қарадық. Қалаға тартылған электр желісінің бағаналары күшті желдің екпінінен екі бүктеліп қалған. Құдайға шүкір, ең бастысы – адам шығыны жоқ. Қалаға жарық та, жылу да екі күннен кейін беріле бастады. Ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты құрылған штабқа облыс әкімінің орынбасары, Жаңатастың жағдайын жақсы білетін, ауданға екі рет басшылық жасаған азамат Қанатбек Мәдібек жетекшілік етіп, апат зардаптарын жоюды шұғыл қолға алды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов төтенше жағдай басталған төрт күннің ішінде Жаңатасқа екі рет барып, төтенше жағдай зардаптарын жою шараларымен танысып, штаб мүшелеріне, аудан әкімі мен тиісті құрылым жетекшілеріне нақты тапсырма берді. Сын сағатта жаңатастықтар жанкештілікпен еңбек етті. Қалыптасқан жағдайға төзімділік пен шыдамдылық танытты. Облыстан да көмек дер кезінде келді. Тараз қаласы мен Байзақ және Меркі ауданының дәрігерлері «жедел жәрдем» көлігімен шұғыл жетті. Боран басталған алғашқы күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару қызметінің жасағы арнайы техникамен жетіп, Жел электр стансасында қалып қойған жеті жұмысшыны алып шыққан. Тараздық кәсіпкерлер төтенше жағдай орын алған алғашқы күні аудан тұрғындарын нанмен, аудандық әкімдік жаңатастықтарды ыстық тамақпен қамтамасыз етті.

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің өзі де туған қаласының ауа райын жақсы біледі. Штаб мүшелерімен бірге коммуналдық мекеменің, кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлерін, аудан әкімдігінің бөлімдерін, еріктілерді ұйымдастырып, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың электр қуаты үзілген және қар құрсауында қалғандықтан ауылдық округ әкімдері, басқа да әріптестері түгелдей шұғыл байланыс үшін рациямен толық қамтамасыз етілді.

Жаңатастық аға ұрпақ өкілдері талай көрген дауыл зардабынан болған төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарын шыдамдылыққа шақырды, жастарды қаланы тазалауға үндеді. Жаңатастық еріктілер туған қалаларын ретке келтіріп жатса, аудандағы жергілікті мердігер-мекемелер бүлінген нысандар мен зақымдалған тұрғын үйлерді жөндеуге кірісті. «Қыстың көзі-қырауда» жөндеу жұмыстарын 10 күннің ішінде аяқтау тапсырылды.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support