- Advertisement -

Жетітөбенің жұмбағы қашан шешіледі?

229

- Advertisement -

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Алтын адам, Алтын адам… Адам жоқ! Алтын қалған жарқыраған» деген өлең жолдары бар еді ғой. Міне, сол жәдігер қазақ ұлысының о бастан оғлан, бағзыдан бекзат, тұрпаты текті екендігінің заттай һәм рухани дәлелі. Ол ақиқатты тек адамзат баласына ғана емес, уақыттың өзіне дәлелдеп тұрғандай.

Ұлы даланың ұлы байлығының біріне айналған Алтын адам әлемде теңдесі жоқ құндылық. Есік қорғанынан табылып, сайын даланың сенсациясына айналған бұл жәдігердің тағы біреуін ғалымдар киелі Әулиеата топырағындағы Жетітөбе қорымында жатыр деп тұжырым жасаған. Бірнеше рет тоналса да аң стилінде соғылған сауытының қырықтан астам бөлшегі анықталған бұл қорымнан сақ бабалардың саф өркениетін жазбай тануға болады.

Иә, «қазақстандық Тутанхамон» атанып кеткен Алтын адамның Есік қорғанынан табылғанына да табаны күректей жарты ғасыр өтті. Бұл жәдігер ежелгі Мысырдағы басы адам, денесі арыстан бейнесіндегі рухты сақтаушы, патша билігінің рухы мағынасындағы сфинкстен асып түспесе, еш кем болмайтын жалпы қазақ ұлтының рухани символы. Айта берсек, айтып тауыса алмайтын тархан тарихымыз, тарпаң тұлғаларымыз жетерлік.

Соның көш басында осы Алтын адам тұр. Ол Ұлы далада табылған алғашқы жауһар жәдігер болғанымен, соңғысы емес секілді. Себебі анықталғанына бір жарым ғасыр уақыт өткен Тараз қаласы маңындағы Жетітөбе обалы қорымында 2012 жылы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи- мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының тапсырысымен «Археологическая экспертиза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, 49 дана саф алтыннан жасалған, зергерлік, әшекей бұйымдарын тапқан болатын.

Табылған заттай деректер осы өңірде, ерте темір дәуірі кезінде өмір сүрген Ұлы дала халқы өрениетінің қайталанбас мұраларынан мол мағлұмат һәм рухани мұра қалдырды. Жалпы, қазақ даласында Жетітөбе аталатын елді мекен, төбе атаулары жиі кездеседі. Олардың әрқайсысы қандай да бір тарихи оқиғалармен сабақтас.

Ал нақты осы тарихтың темірқазығына айналған Тараз қаласының маңындағы «Жетітөбе» қорғанынан табылған сақ дәуіріне тиесілі алтын бұйымдарды зерттеп, зерделеген ғалымдар тағы бір «Алтын адамның» болуы мүмкін деген болжам жасаған болатын.

Аталған тарихи қорған бүгінгі күнге дейін сегіз рет тоналған. Табылған алтындар қарақшылардан қалып кеткен болуы мүмкін деген болжам бар. Археологтар ол жерден сақ дәуіріне тиесілі 49 алтын фрагменті мен әшекейді анықтаған. Сол кезде алдағы уақытта «Жетітөбедегі» сақ дәуірінің патшалық қорымына жүргізілетін кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары үлкен нәтиже береді деп үркердей жұрт үлкен үміт артқан еді. Өкінішке қарай, сол үміт әлі ақталған жоқ. Жалпы, ерте темір дәуіріне жататын Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, жазықта орналасқан Жетітөбе қорымы облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Тоқтала кетсек, бұл қорым екі қатар тізбекте орналасқан обалар тобынан құралған. Шығыс жағындағы тізбекте көлемдері ірі келген жеті оба орналасқан. Ескерткіштің атауы да осы обаларға байланысты аталып кеткен. Қорымда ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап әр жылдарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алтын және басқа да металдан жасалған әшекей қалдықтары мен бөлшектері табылған.

Жәдігерлер сақтардың «аң стилі» деп аталған өзінше бір ерекше үлгідегі өнер туындыларына тән. Яғни «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері.

Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған», деп айтылған табиғатпен тарихи үндестіктің мөріне айналған мұралар табылған. Сондықтан да қорымнан табылған алтын бұйым қалдықтары мен ондағы қайталанбас әшекейлер сақ дәуіріндегі металл өңдеудің жоғарғы дәрежеде дамығандығын көрсетеді. «Патшалар қорымы» саналатын обаларда сақ билеушілері жерленгендігі олардың алтынмен апталған киімдері мен билік нышандары арқылы белгілі болып отыр.

Жетітөбе қорымы да осындай сақ дәуірінен жеткен тарихи маңызы жоғары ескерткіш кешені. Өкінішке қарай, бұл күнде тиісті қолдаудың аздығынан жәдігерлер жапан далада жетімсіреп тұрғандай.

– Жетітөбе обалы қорымын зерттеу арқылы біз сонау ұлы дала тарихын жасаған ерте темір дәуірі кезіндегі осы өңірде өмір сүрген халықтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын және аң стиліндегі ерекше өнер туындыларын танып білуімізге болады. Сонымен қатар осы қорымда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген қорғандар, обаларды ашық аспан астындағы музейге айналдырсақ, ол біздің өңірге көптеген шетелдік туристерді тартып, үлкен бір қонақжай орынға айналар еді. Сол обалар арқылы осы Шу-Талас өңірінде салтанат құрған, ұлы дала тарихын жасаушы ата-бабаларымыздың мәдениетін көрсетуге үлкен мүмкіндік болар еді. Жалпы, бұл обаларды зерттеу арқылы біз өткен тарихымыз бен қазіргі тарихтың ортасын байланыстырар едік. Сонда сол ұлы далада өмір сүрген бабалар тарихымен өскелең ұрпақ арасындағы сабақтастық, тарихи танымдылық қалыптасатыны сөзсіз. Сондықтан осы Жетітөбе обалы қорымының болашағына қатысты арнайы жоспар құрдық. Әрине, облыс әкімдігі тарапынан аталған мәселеге қолдау көрсетілетін болса, алдағы жылдарда осы Жетітөбе обалы қорымында кешенді түрде ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыс барысында табылған құрылыс нысандары, жерлеу ғұрыптық дәстүрлері қайта қалпына келтіріліп, бұл нысан туристік бағытта қызмет ететін болады. Әрине, барлығы қолдауға байланысты. Сондықтан да назардан тыс қалмай, көңіл бөлінсе құба-құп болар еді. Себебі қорым облыс орталығына жақын, қолайлы жерде, Ботамойнақ тауының етегінде орналасқан. Яғни тарихи, мәдени нысан мен табиғи ландшафт үйлесім тапқан орын,– дейді археолог Сауран Қалиев.

Жалпы, бұл қорымды 1861 жылы П.И. Лерх ашса, 1890 жылы Е.Ф. Каль, 1985-1986 жылдары П.Е. Қаратаев, Р.Б. Исмагилов зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде табылған жәдігерлер қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Десек те, қаражаттың бөлінбеуінен тарихи орынды музейлендіру жұмыстары тоқтап қалған.

Бұл бойынша жергілікті әкімдікке де бірнеше мәрте ұсыныс айтылыпты. Қазір Жетітөбеге апаратын жолдың да жайы мәз емес. Арнайы тақтайшалар да ілінбеген. Дәл осы секілді Тараз қаласы Төле би көшесінің аяғындағы өндірістік аумақтан да Үштөбе қорымы анықталған болатын. Оның кейбір жәдігерлері Эрмитажға да қойылған.

Қараусыз қалғандықтан сол Үштөбенің қазіргі таңда тек біреуі ғана қалды. Ал Жетітөбе сонау кеңестік кезеңнен бері тоналып келе жатыр. Онсыз да сегіз рет тоналған бабаларымыздың баға жетпес жәдігерлері мен қасиетті қорымы осылай оңды-солды ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете берсе, ол әрине, ұрпаққа сын. Сондықтан Жетітөбенің де жұмбағын шешіп, рухани олжамызға айналдырар уақыт жеткен секілді.  

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support