- Advertisement -

Сенат төрағасы жамбылдықтардың жағдайымен танысты

47

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірге жұмыс сапарымен келді. Сенат спикері әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында мәслихат депутаттарымен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады.

Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Еркін Әлиев, аталған комитеттің мүшесі Абдалы Нұралиев, Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен депутаттар қатысқан кездесуді облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков жүргізді.

– Облыстың депутаттық корпусы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарды қосқанда бүгінде 204 адамнан тұрады. Осыдан тура екі жыл бұрын 2021 жылы 10 қаңтарда сайланып, әріптестеріміз депутаттық қызметтерін атқарып келеді. Депутаттық құрам 80 пайызға жаңаланды. Өткен мерзімде мәслихаттағы жұмысты реттейтін екі негізгі құжат қабылданғаны белгілі. Біріншіден, Мемлекет басшысының 2021 жылдың 18 тамызындағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Екіншіден, Қазақстанда жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Қабылданған жаңа нормалар барлық деңгейдегі мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыруға, олардың қызметіне жаңа серпін беруге бағытталып отыр. Сонымен қатар халықтың мәслихаттарға, олардың қызметіне деген сенімін арттыруға ерекше назар аударғанын білесіздер. Яғни, сайлаушылардың мәслихат депутаттарына сенімін арттыру, халықпен кері байланысты нығайту, осы бағытта жұмысты кешенді және жүйелі түрде ұйымдастыру өзекті мәселе болып отыр. Сенат тарапынан мәслихаттарға нақты әдіснамалық көмек көрсетіліп келеді, – деді М.Сарыбеков.

Кездесуде мәслихат хатшысы мәслихаттардың қызметін жандандыру мақсатында ұйымдастырылған семинар-кеңестерді атап өтті. Сол кездесулерде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық келеңсіздіктерді азайту мақсатындағы мәселелер жан-жақты талқыланғанын да жеткізді.

Сенат тарапынан мәслихаттарға көрсетіліп жатқан әдіснамалық-консультативтік көмектері үшін алғысын білдірді.

Жыл басында алдағы ауқымды міндеттерді пысықтап, пікір алмасу үшін Әулиеата өңіріне арнайы келгенін айтқан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ел Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталып, орын алған жайттар жаңашылдыққа себеп болғанын сөз етті.

– Өткен жыл мемлекетіміз үшін оңай басталған жоқ. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төнді. Сол кезде Тараз қаласы да айтарлықтай зардап шеккені рас. Дегенмен халықтың бірлігінің және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл әрі уақтылы қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде барлық қиындықты еңсере білдік. Шын мәнінде, Қаңтар оқиғасы ауқымды өзгерістерге себепші болды. Елімізде кешенді конституциялық реформа іске асырылды. Соның нәтижесінде саяси жүйеміз жаңғырып жатыр. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейе түсті. Парламенттің құзыреті кеңейді. Мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге баса мән берілуде. Конституциялық реформаны іске асыру мақсатымен тиісті Конституциялық заңдар қабылданды. Соның шеңберінде мәслихаттардың да рөлі арта түсті. Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау процесіне өкілді орган депутаттарының, яғни сіздердің ықпал ету мүмкіндіктеріңіз артты. Сайлау үлгісі өзгергені белгілі. Енді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы аралас сайлау үлгісі бойынша өтеді.

Аудандар мен қалалардағы сайлаулар толығымен мажоритарлық жүйеге сәйкес өткізіледі. Президентіміз айтқандай, мұның бәрі жергілікті жерлерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді жаңа тұлғалардың саясатқа келуі үшін қолға алынып отыр. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті өкілді органдардың жұмысы қазіргіден де жандана түседі деп сенеміз. Конституциялық реформаның аясында Парламенттің рөлі айтарлықтай арта түскені белгілі, – деген Мәулен Сағатханұлы Сенаттың алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталып, қазір Парламент палаталарының арасында қарым-қатынас жанданғанын айтты. Ондағы басты мақсат – заң шығару және қабылдау процесін оңтайландыру, Сенатта заңдарды қарау рәсімі де тездетілген.

– Дегенмен мұндай жеделдік заңдардың сапасына кері әсерін тигізбейтінін атап өткен жөн. Жалпы, азаматтарымыз өзгерістердің болашақта емес, қазір болғанын талап етіп отыр. Сондықтан заң шығару процесі осы талапқа сәйкес жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар конституциялық реформа аясында Сенаттың рөлі қайта зерделеніп, өкілеттіліктері ресмиленуде. Нақты айтсақ, Сенат Президенттің, Конституциялық соттың және Жоғары сот кеңесі төрағаларының тағайындалуына келісім береді. Жуырда бұл құзыретімізді пайдаландық. Соның нәтижесінде Конституциялық соттың төрағасы осы тәртіп бойынша тағайындалды. Одан бөлек, Ұлттық банк және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалары, бас прокурор Сенаттың келісімімен тағайындалады.

Тағы бір міндет – бұдан былай Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналады. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер негізінен аймақтарда өтетіні белгілі. Өңірлерімізді кешенді түрде дамытпай, тұтас ел дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сол себепті Сенат үшін өңірлерді өркендету негізгі міндетке айналып отыр. Өңірлерге Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың, ұлттық жобалардың, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалардың іске асырылу барысын бақылауға баса мән беріледі. Келесі басымдық – Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа өтуімен байланысты. Өздеріңізге белгілі, Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10-ға дейін қысқартылады. Олардың бесеуін Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындайды. Соған сәйкес, алдағы уақытта Сенат этномәдени салаға қатысты мәселелерді шешуге де ерекше көңіл бөледі. Бұл ретте еліміздегі барлық этностық топтарды мемлекеттік мүддеге, елдік маңызы бар мақсатқа жұмылдыруға басымдық береміз. Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенаттың негізгі міндеті болып қала береді. Қазіргі таңда Президентіміздің барлық бастамаларын және сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген мақсаттарды нәтижелі іске асыру аса маңызды. Осы бағытта елімізге жаңа формациядағы заңдар қажет. Олардың қатарында жаңа Салық кодексі және мемлекеттік сатып алулар туралы заңдар бар. Осы және басқа да маңызды заңдар биыл қабылданады деп жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерді де пысықтап жатыр. Тәуелсіз, әділ, ашық, сыбайлас жемқорлықтан таза сот жүйесі болмаса әділетті Қазақстан құру мүмкін емес. Биыл Сенат осы мақсатты іске асыру үшін нақты заң жобаларын әзірлейтін болады, – деген Сенат төрағасы еліміздегі ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы ретінде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы белгіленгенін атап өтті. Бұл саяси науқандар биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өтетінін, 14 қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы болатынын еске салып, палата құрамының жаңаруы жоғарыда аталған жаңа мақсат-міндеттерді іске асыруға өз әсерін тигізетінін де айтты. Осы сайлауда өңірлерден 20 сенатор сайланады, оған 64 кандидат қатысуда. Олардың 30 пайызы әйел азаматшалар екен. Жалпы, тіркелген 64 кандидаттың тек 4-еуі ғана қазіргі Сенат депутаты. Олардың өзі таяуда облыстардан сайланған азаматтар. Қалғандары өзге салаларда еңбек етіп, өз өңірлеріне танымал болған тұлғалар.

Өңірлердің мүддесін қорғайтын палата мәслихаттармен байланысты одан ары күйшейтуге ден қойып, бірқатар басым бағыттарды анықтаған. Оның алғашқысы – аймақтардағы мәселелерді шешуге Сенат тарапынан жүйелі ықпал ету. Ол проблемалардың басым көпшілігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты екенін атап өткен Мәулен Сағатханұлы Сенат депутаттары осындай түйінді тақырыптардың оң шешілуіне ықпал ететінін айтты. Таяуда өңірлерді дамытуға арналған парламенттік тыңдау өткізілетінін жеткізді. Осындай тыңдаулар, Үкімет сағаттары енді тұрақты түрде Сенатта ұйымдастырылмақ. Осы бағытта мәслихат депутаттарымен бірге біраз іс-шараларды табысты жүзеге асыру көзделген. Екінші бағыт – заң шығару қызметіне мәслихат депутаттарын жүйелі түрде қатыстыру. Заң шығару ісі – ауқымды процесс. Мәслихат депутаттары аймақтардағы жағдайды жақсы білетіндіктен, заңның сапасына әсерін тигізеді. Үшіншіден, қабылданған заңдардың жергілікті аймақтарда орындалуын бақылау маңызды. Сондықтан Сенат спикері мәслихат депутаттарын ортақ мүддеге белсенді қатысуға шақырды. Төртінші, Сенаттың заң шығару ісінен бөлек, басқа да жұмыстарына мәслихат депутаттарының қатысуы жоспарланған.

Жиында білім беру ісіндегі бірқатар олқылықтарды жеткізген облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов, әсіресе ауыл мектептеріне айрықша көңіл бөлу керегіне назар аударды.

Ауыл шаруашылығын дамытудағы кедергілер жөнінде ой қозғаған депутат Керімқұл Бегалиев аграрлық несие корпорациясы мен микроқаржы ұйымдарының сыйақы мөлшеріне тоқталды. Қысы-жазы алқапта аяз бен аптап ыстыққа қарамай еңбек ететін шаруаларға несиені жеңілдікпен беру жайын тереңірек қарастыруды, ауыл шаруаларына арналған несиелердің делдалсыз берілгені ұтымды екенін сөз етті. Ал бүгінгі қоғамдағы қыз-келіншектердің мәселелерін көтерген Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали қайғылы жайттардың алдын алатын орталықтар керектігін алға тартты.

Алқалы жиында өз ойын ортаға салған депутат Ерқанат Манжуов жаңашылдыққа бет бұрған еліміздің саясатындағы әділдік турасында айтып, жуырда болатын Сенат депутаттарын сайлауда ескіліктен арылу керектігін жеткізді.

Аудандардағы ахуал тұрақты

Облыстағы іссапары барысында Байзақ, Талас, Жамбыл аудандарында болған Мәулен Әшімбаев ондағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар дауылдан зардап шеккен Қаратау қаласының тұрғындарының жағдайын білді.

Байзақ ауданындағы «Алель-Агро» акционерлік қоғамына барған Парламент Сенатының төрағасы «Жамбыл облысында етті құс шаруашылығын дамыту» инвестициялық жобасымен танысты. Бұл жобада құс фабрикасы мен жем зауыты және ет комбинатының құрылысы бар. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында жылына 25 мың тонна тауық етін өндіру үшін келісімшарттық шаруашылықты ұйымдастыруды жоспарлаған. Соған байланысты облыста құс өсірушілердің келісімшарттық шаруашылықтарының қауымдастығын құру жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының ауқымын кеңейту үшін биыл облысқа 11,5 миллиард теңге бөлінбекші. Сол арқылы тағы 22 ауылдық округ жобаға еніп, үш мыңнан астам жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Мәулен Әшімбаев «Алель-Агро» акционерлік қоғамының базасында шаруалармен кездесті. Басқосуда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттарды мәлімдеді. Облыс аумағында жүргізіліп жатқан пилоттық жоба, ағын су мәселесін шешу үшін су жүйелерін реттеу, субсидия беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Мәселен, облыстағы шаруаларды мемлекеттік қолдауға (субсидия) 2021 жылы 19 миллиард, өткен жылы 31,2 миллиард теңге бөлінсе, биыл 31 миллиардтан кем түспейтін қаржы қарастыру көзделген. Өткен жылы ауыл шаруашылығы техникаларының 11 пайызы жаңартылған.

Бұдан соң жұмыс сапарын Талас ауданында жалғастырған Сенат спикері Мәулен Сағатханұлы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company» ЖШС-на барды. Өндіріс орны қуаттылығы 15 мың тоннаға дейін натрий өндіруге қауқарлы, оның 5 мың тоннасы экспортқа шығарылады. Мұнда 552 адам еңбек етеді.

Бұдан соң «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының қазандығына барған Сенат төрағасы мұндағы мәселелерді де көрді. Штаттық режимде жұмыс істеп тұрған қазандық тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ыстық су мен жылуды үздіксіз беріп отыр. Бірақ, «Игілік» МКК-да мазут қондырғылары мен екі бу қазандығы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Алайда оған кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі жеткіліксіз.

Талас ауданындағы сапарында Мәулен Әшімбаев Қаратау қаласында дауылды боранда шатыры ұшқан №61 үйдің тұрғындарымен кездесті.

– Табиғи апат айтып келмейді, ең бастысы адамдар аман. Үкімет, Парламент алыста деп ойламаңыздар, әрдайым сіздердің жағдайларыңызбен таныспыз. Әрине, әлі де мәселелер бар, бәрі кезең-кезеңімен шешіледі. Ұшқан шатыр да қалыпқа келтіріліп жатыр. Басқа да айтарларыңыз болса, тыңдауға дайынбыз, – деді Сенат спикері.

Дауылдан зардап шеккен үйдің тұрғындары өз кезінде қажетті шараларды ұйымдастырған жергілікті басшыларға, бүлінген дүниелерді қалпына келтірген жұмысшыларға ризашылықтарын айтты. «Сол күн есімізден кетпестей болып жадымызда қалды. Алай-дүлей боран қатты қорқытты. Шатыр ұшқаннан бөлек, тереземізді әлдебір темірлер соғып жатты. Шүкір, өзіміз аманбыз. Бірден ұшқан-қирағанды ретке келтірген жұмысшыларға, аудан және облыс әкімшілігіне рақмет айтамыз. Енді боранды күндері сыр бермейтіндей етіп шатырымызды мықтап жауып берсе екен», – деді Қаратау қаласының тұрғыны Сәрсенгүл Оразова. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аталған үйдің шатыры 10 күннің ішінде толықтай жабылатынын айтты.

Боранды күндері ауданда 12 көпқабатты тұрғын үй зардап шеккен. Сенат спикеріне ауданның елді мекендеріндегі қалпына келтіру жұмыстары жайлы да мәлімет берілді. Екпіні жоғары болған желдің салдарынан Берікқара, Көктал, Тамды, Қасқабұлақ, Қаратау ауылдық округтерінде электр желілері үзілген. Осы желілерді қалпына келтіру жұмысына 56 адам, 11 техника жұмылдырылған. Мұндағы ауылдар мен аудан орталығында су құбыры қалыпты жұмыс істеп тұр.

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарында көтерілген мәселелер жан-жақты зерделенетінін жеткізді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support