- Advertisement -

Қайраткер биігі аласармайды

58

- Advertisement -

Халқымыздың мақтанышына айналған дара тұлғаның бірі – Дінмұхамед Қонаев. Өткен жылы қайраткердің 110 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұрынғы Қапшағай қаласының аты Қонаев қаласы болып өзгертілді. Бұл тарихи шешімді ел болып қолдады. Көпшілікке үлкен қуаныш сыйлады. Осыдан-ақ, дара тұлғаға деген елдің ықылас-пейілін білуге болады.

Сондай-ақ өткен жылы көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі еліміздің әр өңіріндегі мектеп, көше, ауыл, елді мекендерге берілді. Біздің облыс бойынша Дінмұхамед Қонаевтың атымен Т.Рысқұлов ауданы және Шу аудандарында екі елді мекен, 41 көше, 2 тұйық көше және 7 мектеп, 1 кітапхана аталады. Бұл да қазақ қайраткеріне деген елдің ерекше құрметі.

Дара тұлғаның мерейтойына орай еліміздің әр аймағында ескерткіш орнату, бюст тұрғызу ерекше қарқын алды. Оның ішінде Тараз қаласындағы Қонаев көшесінің бойында, Д.А.Қонаев атындағы орталықтың жанында биіктігі 8 метрге жуық еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл іске облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қолдау көрсетті. Бүгінде Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескерткіші үлкен көшенің бойында асқақтап тұр.

Бұл Қонаевтың кезеңінде қызмет еткен аға буын өкілдерінің, сол кездері ғұмыр кешкен жалпы тұрғындардың, дара тұлғаны ардақтаған жас ұрпақтың кеудесіне зор қуаныш сыйлайтыны анық.

Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында Дінмұхамед Қонаевтың есімі орта мектепке беріліп, аталған білім ошағының алдына бюсті қойылды. Бұл игі істің жасалуына басы-қасында болып, үлесін қосқан, демеуші болған танымал кәсіпкер Дәулеталды Жанбаев екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл да сарысулықтардың қайраткерге деген ерекше құрметі болса керек. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында Дінмұхамед Қонаевқа арналған мұражай ашылып, «Дара тұлға – дана тұлға» атты ақындар айтысы өтті.

Шымкент қаласында Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдығына орай «Қонаев – ұлы тұлға» атты іс- шара ұйымдастырылды. Жиынға Д.Қонаевтың немересі Диар Қонаев, дәрігері болған Ахат Мулюков, Мәдениет саласының үздігі Қалдыгүл Жаныбаева, күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбек, Дінмұхамед Қонаев Халықаралық қорының вице- президенті Байбол Болат, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайри және бір топ қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан еді. Бұл жиында да Д.А.Қонаевтың 110 жылдығына арналған мерекелік медальмен бірқатар лайықты азаматтар марапатталды.

Дара тұлғаға деген құрметтің алдағы уақытта да еш толастамайтыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support