- Advertisement -

Қаңтарда жауған қалың қар…

82

- Advertisement -

Өңірде биылғы қыс ерекше болып тұр. 9 қаңтар күні түнде жауған қар ертеңіне де толастамады. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды да қар басып салды. Қазір барлық жерде көлік кептелісін және кедергілерді болдырмау мақсатында тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

Мұндай сәтте қала көшелерінде кедергінің болатыны анық. Дегенмен жедел іске кіріскен қала әкімдігі күндіз-түні тонналап қар шығаруда. «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығындағы автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарында төтенше жағдайлар туындамас үшін тазалық жұмыстарын бастап кетті.

Қалада қысқы тазалық жұмыстарына қолданатын 47 техника бар. Қазір 20 қар күрейтін автотехника, соның ішінде 13 тұз аралас құм шашатын және 7 қар күрейтін автотехника, 2 автогрейдер, 7 жаяу жүргіншілер жолын тазалайтын МК-320, 2 МТЗ-82 техникасы, 3 құм, қар тиегіш техника және келісімшарт бойынша жалға алынған осындай 1 техника, 1 Зил-130 аударғыш, 2 Газ-53 аударғыш , 4 МТЗ-82 тіркемесі, 5 бірлік КамАЗ тәулік бойы жұмыс істеуде.

Салаға жауапты мамандар кәсіпорын қорында 295 тонна тұз бар екендігін айтады. Қосымша 7000 текшеметр құм және 1000 тонна тұз жеткізілген. Қар тазалау бригадалары тәулік бойы ауысымды кестемен жұмыс істеп келеді. Мекемеде диспетчерлік қызмет барлық жұмысты бақылауда ұстап отыр.

Жұмысшылар үшін демалыс бөлмесі жабдықталған және үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар осы жұмыстарды мерзімінде атқару үшін күнделікті кезекшілік ұйымдастырылған.

10 қаңтар күні толассыз жауған қарға байланысты 14 тұз аралас құм шашатын техника күні бойы жұмыс істесе, кешкі уақытқа 40 техника мен 70-тен аса адам түнгі ауысыммен қала көшелерін қардан тазалады. 11 қаңтар күні көшеге тұз аралас құм шашатын техникалар жұмысы таңғы сағат 09:00-ден бастап, тазалау жұмыстарын жалғастыруда. Осылайша, қаланы қардан аршуға жұмысқа жұмылдырылған жұмысшылар саны 162 адам болса, бұл жұмысқа белсенді жастар да қосылған.

Сондай-ақ мамандар қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау үшін және қоғамдық көлік қатынасына кедергі келтіріп, кептеліс тудырмау үшін қар тазалау жұмыстары белгілі бір уақытта тоқтатылатынын алға тартуда. Яғни қар тазалайтын көліктер таңғы 08:00-09:30, кешкілік 18:00-19:30 аралығында кей аймақтарда жұмыстар белгілі бір уақытқа тоқтайды екен. Жалпы, қала бойынша 450 текшеметр қар шығарылған.

Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында қысқы күтіп ұстауға 104,8 миллион теңге бөлінген екен. Бұл жұмыстарға 13 мердігер тартылып, олар қазір тынымсыз жұмыс атқаруда. Мердігерлер бұл науқанды жұмысқа 141 бірлік жол техникасы мен жабдықтарын, 2 800 тонна құм, 280 тонна тұз дайындаған. Мамандардың айтуынша, 9, 10 қаңтар күндері облыстың барлық аумағында қардың қалың түсуіне байланысты облыстық маңызы бар 1700 шақырым жолды тазарту жұмыстары жүргізіліп, оған 130-дан астам арнайы техника жұмылдырылған және 900 тонна тайғақтыққа қарсы материалдар шашылған.

 

Ерман ӘБДИЕВ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support