- Advertisement -

Ұлттың асыл қазынасы

68

- Advertisement -

Тіл – адам мен адамды байланыстыратын құрал болса, мемлекеттік тіл – еліміздің таусылмас қазынасы. Қазақтың тілі өте құнарлы. Кешегі шешен-билерге қамал болған осы қазақ тілі, Абай, Мұхтар алыптарға қалам болған да осы құнарлы тіл.

«Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деп Халел Досмұхамедұлы атамыз айтқандай, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Осыны әрбіріміз және әр қазақстандық азаматтар түсінгені жөн.

Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асқақтататын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды. Байтақ Отанымыздың көсегесін көгертетін бір ғана тіл. Ол – қасиетті қазақ тілі. Мұқағали ақынның: «Қасіретті шақтардан түңілсем де, қасиетті тілімнен түңілмедім» деп толғана жырлауының маңызы бөлек.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Осыны ұмытпаған дұрыс. Менің ана тілім – қасиетті қазақ тілі. Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тіл. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы 1997 жылы 11 шілдеде қабылданды. Осы Заңның 4-бабында: «Қазақ тілі –Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп көрсетілген.

«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап, отыратын қазына», – деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі болуы шарт. Өйткені тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, құрметтеу арқылы басқа тілді де, оның мәдениетін де қадірлейміз. Өткенді, бүгінгіні, болашақ қазынаны тілмен жеткіземіз. Тіл арқылы салт — дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді, қолөнерімізді де сақтап, келесі ұрпаққа бере аламыз.

Тіл тағдыры – ел тағдыры. Әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті.

Еліміздің бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуі үшін еселі еңбек етіп, тіліміздің туын әрқашан жоғары ұстағанымыз абзал. Әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев.:

Жігіт бірде кедейленер байыр да,

Ақ атымды, қанатымды қайырма.

Айырсаң да, қымбаттымнан талай бір,

О, тәңірім, тек тілімнен айырма! –деп жырлапты. Бұл шумаққа алып-қосатын ештеңеміз жоқ. Асқақтай бер, ана тілім! Бабаларымыз ардақтаған қасиетті құнарым!

 

 Ғалия ШОНАТАЕВА,

аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің меңгерушісі.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support