Денсаулық

«Біз санға емес, сапаға көп көңіл бөлуге тиіспіз»

«Біз санға емес, сапаға көп көңіл бөлуге тиіспіз»

Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы кейінгі жылдары сәулетті құрылысымен, архитектуралық ерекшеліктерімен де жасарып, жаңарып келеді. Бір кездері «Жасыл қала» дейтін облыс орталығының бүгінгі жағдайы қалай? Қалада шешімін күткен қандай мәселе бар? «Тараз қаласының 2023- 2025 жылдарға арналған даму картасы (жобасы) дайындалды. Онда қандай жұмыстарды қолға алу қамтылды? Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен болған сұхбатымыз осы сұрақтар төңірегінде өрбіді.– Бақытжан Әмірбекұлы, Сіз осы қаланың төл перзентісіз, ана жылдары облыстық жолаушылар көлігі және автомобильжолдары, құрылыс басқармаларын басқардыңыз. Қала тізгінін қолға алғаныңызға да төрт айдан асты. Сізге тарихи қаланың тыныс-тіршілігі жат емес. Әкім болып тағайындалғаннан бастап, қаланың шеткі тұрғынжай алқаптарында, шағын аудандарда, орталықта тұрғындармен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездестіңіз. Тараздықтарды қандаймәселе алаңдатады екен?

– Иә, 2004-2010 жылдары облыстық басқармаларға басшылық еткенде қоғамдық көлік, жол, құрылыс мәселелерімен етене айналыстым. Ол кезде де жолаушылар тасымалы, тұрғын үй және жол құрылыс мәселелері жиі кездесетіндіктен, бұрыннан жақсы таныс еді. Менің бұрынғы осындай қызметтерім үлкен тәжірибе болды. Әкім болып тағайындалысымен бірінші өзіңіз айтқандай, қаланың әрбір тұрғынжай алқабында, барлық шағынаудандарда, орталықта тұрғындармен кездестім. Жаңа жыл қарсаңында әріптестеріңізбен ашық-жарқын әңгімелесіп, пікірлерін, ұсыныстарын тыңдадым. Ондағы мақсат – қандай мәселе бар, соны көру, тұрғындар мұқтажын шешу. Тараздықтар тарапынан көтерілген мәселелерді саралап, әр санатқа бөлдік. Өйткені кезек күттірмей шешетін, адамдардың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ететін мәселе болады. Ауыз су, жылу, электр қуатымен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік, жол және қауіпсіздік мәселесін жолға қою сондайлардың қатарына жатады. Балалардың қауіпсіздігі бірінші мәселе, онда оқушылардың жолдан ары-бері өтуі үшін жүргіншілер жолағы бар ма, осыған назар аудардық. Ауыз су, жарықтандыру, қоғамдық көлік қатынасы не күйде? Газ тұтынуға қол жеткізе алмаған, байланыспен, интернетпен қамтамасыз етілмей отырған тұрғынжай алқаптары бар ма? Мәдениет үйлері, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері жеткілікті ме, спорт алаңдары ашылған ба, осының бәрін зерделедік. Жаңадан салынған «Барысхан», «Шаңырақ» бар, «28-саяжай», «Қызыл абад», «Юбилейный», «Победа», «Шөлдала», «Құмшағал» тұрғынжай алқаптарында шешілмей жатқан мәселе көп. Қаланың шеткері аймақтарында банк бөлімшелері жоқ. Тұрғындарының жиі көтерген мәселесінің бірі – банкоматтың жоқтығы. Айлық-жалақысын, зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларын алу үшін қаладағы банкоматтарға сабылатын жұрттың көтеріп отырған мәселесі орынды. Әрине, қаланың шеткі аймақтарының көбі қалаға Жамбыл ауданынан қосылғаннан да әлгіндей мәселелер туындаған. Дегенмен қаланың орталығы мен шағын аудандарда мәселе біршама шешілген. Осының бәріне талдау жасап, «Жамбыл облысын дамытудың 2022-2025 жылға дейінгі жоспары» аясында сала-сала бойынша қаланы дамытудың үш жылдық картасын (жобасын) жасадық. Мұнда үш жылдың көлемінде атқарылатын жұмыс толық қамтылды. Мәселен, 2023-2025 жылдары қандай жұмыс атқарылады, барлығы картаға түсірілді. Білім саласы бойынша қай жылы қанша мектеп салынады, жөндеуді қажет ететін мектептер саны, басқа да салалар бойынша атқарылатын жұмыстар мен қандай ғимараттар салынатындығы картаға түсті. Онда қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға дейін көрсетілген. Қандай атқарылатын жұмыс болмасын, жоспарлы түрде атқарылуы тиіс. Бұл енді менің – басты ұстанымым. – Өндіріс көлемі мен жаңадан құрылған «Тараз» индустриалды аймағында жоспарланған жобалар туралы хабардар етсеңіз? – Халықтың жағдайы өндірісі өркендеген өңірде жақсара түседі. Ол бір жағынан облыс экономикасын дамыту үшін де керек. Сондықтан да жол картасында 2025 жылға қарай өнеркәсіп өндірісінің көлемін 567,8 миллиард теңгеге жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Яғни, жыл сайын 5-10 пайыз өсім қамтамасыз етілуі қажет. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылады. Жаңадан құрылған «Тараз» индустриалды аймағында жоспарланған жобаларды іске асыру арқылы экономикамыздың әлеуеті одан сайын артады деп күтілуде. Осы мақсатта жалпы ауданы 184,6 гектар жер телімі анықталып, басқарушы компанияға ұсынылды. Қазіргі таңда инвесторлар құны 55,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыруға кірісті. Сонымен қатар тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында индустриалды аймақ құруға қала маңынан 50-70 гектар жер телімі қарастырылуда. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің сұранысы негізінде шағын бизнес бастамаларын жүзеге асыру мақсатында қала аумағында 1,6 гектар жер телімі белгіленді. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе 100-ге жуық жобалардың тізімі жасақталды. Әр жобаның мүмкіндігіне қарай орындар белгіленіп, шеберханалар мен цехтар ашылады. Әулиеата – ауыл шаруашылығы саласы кеңінен дамыған өңір. Сондықтан да іргелі осы салаға да барынша мән беруіміз керек. Осыны ескере отырып, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 18 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Жоғарыда айтылған инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2025 жылға қарай 165 миллиард теңгеге жетеді. Бөлшек саудадағы тауар айналымы 345,3 миллиард теңгеге дейін артады. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданын 564,4 мың шаршыметрге дейін арттыру көзделуде. Бұл көрсеткішті орындау үшін бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 50-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ биыл және келесі жылы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Білім саласы да назардан тыс қалмайды. 2023-2025 жылдарда жалпы құны 58,1 миллиард теңгеге 14 мектеп ғимараты салынады. 2025 жылға дейін 15-шағынауданнан оқушылар сарайы бой көтереді. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалады. Алдағы үш жылда 6,4 миллиард теңгеге 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық, мәдениет және спорт салаларында да атқарылатын ауқымды жұмыс бар. Инженерлік инфрақұрылым бағытында атқарылатын жұмыс көлемі дегеніңіз жетіп жатыр. Әрине, қаланың үш жылдық даму жоспарын бір сұхбатта толық қамтып айтып шығу мүмкін емес. – Тараздықтарды жолдың сапасыздығы, тіпті шеткі тұрғынжай алқаптарында жоқтығы алаңдатумен келеді. «Бурыл» тұрғынжай алқабының тұрғындары редакциямызға қоңырау соғып, жол қашан салынады деп сұрап жатады? – Сұрақты орынды қойып отырсыз, жол – күрделі мәселенің бірі. Қаланың орталық көшелерінің өзінде жол орта деңгейде, ал шеткі аймақтарда мүлдем жоқ. Қаланың өзінде асфальт жабындысы төселмеген 500-ден астам көше, бұрылыстар бар. Бірінші кезекте қай көшеге жол салынады? Қаланы дамытудың жоспарын жасағанда осыған баса назар аудардық. Мысалы, асфальт төселген, алайда күрделі немесе орташа жөндеуді қажет ететін көшелер де аз емес. Биыл 3,2 миллиард теңгеге 116 көше мен бұрылыстарға орташа жөндеу жүргізіледі. 816 миллион теңгеге Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғыртылудан өтеді. «Барысхан» және өзіңіз айтып отырған «Бурыл» тұрғынжай алқаптарында жол жайын кездесуде тұрғындар да көтерген болатын, құрылысы биыл басталады. Келер жылы 3,1 миллиард теңгеге 83 көше мен бұрылыстарға орташа жөндеу жүргізіледі. Асқаров және Қойгелді көшелері қайта жаңғыртылады. Ал 2025 жылы 2,2 миллиард теңгеге 82 көше мен бұрылыстар орташа жөндеуден өтіп, әл-Фараби және Балуан Шолақ көшелері жаңғыртылады. Нәтижесінде, жағдайы жақсы асфальт жолдардың үлесі 61 пайыздан 75 пайызға дейін артады. Қаланың орталық даңғылдары мен көшелеріне дейін қараусыз қалмайды. Өзіңіз білесіз, көлік саны еселеп артып жатыр. Көлік кептелісі болмау үшін, көшелерді кеңейтіп, жаңғырту қажет. «Бурыл» және «Барысхан» тұрғынжай алқаптарының жобалық-сметалық құжатын дайындап, мемлекеттік экспертизаға тапсырдық. Осы айдың соңына дейін қорытындысы шығады. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бұл екі жобаның наурызда нақтылауы болады. – Қалаішілік автобус қатынасы туралы не айтасыз? Айтпақшы, бұрын сағат 20:00 болмай тоқтап қалатын әр бағытта жүретін автобустардың жүру кестесі де ұзарғандай. Дегенмен кейбір жүргізушілердің мәдениеті сын көтермейді. Бағдаршамдардың табанасты істен шығуы да көлік кептелісін туындатуда. Осы мәселемен айналысып көрдіңіз бе? – Жасыратыны жоқ, қоғамдық көлік жүргізушілері тараздықтар мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсетуде деп айта алмаймыз. Автобустың кестеден кешігіп келуі орын алып жатады. Ол біріншіден, автобустың көбі ескіргендіктен. Оның үстіне халық санының артуына байланысты автобус жетіспейді. Бүгінде жаңадан ашылған «Тектұрмас» және «Құмшағал» тұрғынжай алқабына қатынайтын екі бағытты қосқанда барлығы 36 бағытта автобус қатынайды. Әкім болып қызметке кіріскенде алғашқы қолға алған жұмыстарымның бірі – қоғамдық көлікті кешкі сағат 22:00-ге дейін жүргізу еді. Қазір осы уақытқа дейін жүруде. Ал екі бағытқа қатынайтын екі автобус 00:00-ге дейін жүреді. Осы бағыттарға күніне 350 автобус шығады. Ендігі мәселе – қосымша тағы да 13 бағытқа автобус қатынасын ашу қажет. Оған 200-дей автобус керек. Мәселен, «Шаңырақ» тұрғынжай алқабында қоғамдық көлік мүлдем жоқ. 8-ші және 9-шы автобустардың сыйымдылығы үлкен болғанымен, біздің қаламыз үшін қолайсыз болып отыр. Неге десеңіз, біз біріншіден жаңа автобусты дотация арқылы алу жолын қарастырып отырмыз. Ондай автобустар қымбат, қаржысын бюджет көтермейді, екіншіден, қала көшелері кең болмағандықтан олардың жүруіне ыңғайсыздық туғызуда. Бізге ұзындағы 10,5 метрлік автобус қажет. Қалада 9 жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме бар екенін де еске сала кетейін. Биыл 70 автобус аламыз деп отырмыз. Өткен жылы 1 миллиард 653 мың теңге дотация төленсе, биыл 2,3 миллиард болып отыр. Келесі және арғы жылы да 70 қоғамдық көлік аламыз. Үш жылда 210 автобус сатып алуымыз керек. Сонда мәселе толық шешілмесе де, жолаушылар тасымалы едәуір жақсарады. Жүргізушілер мәдениетіне келер болсақ, ол рас, жолаушыларға дөрекі сөйлейтін, рөлде темекі шегіп отыратын жүргізушілер бар. Аялдамаларда салонға жолаушылар толғанша тұрып алатындар да кездеседі. Осы мәселемен автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасында істеп жүргенде жиі айналыстық. Ол кезде жүргізушілер рөлге міндетті түрде форма киіп отыратын. Ол не үшін, бірінші, жүргізушінің мәдениетін көтеру қажет болды. Қоғамдық көлік болған соң, халыққа қызмет жасап жатқандықтарын түсіндіретінбіз. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Автобуспен қамтамасыз етіп отырған мекемелерді өзім де барып, жүргізушілермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Олардың да айтары бар, айлық-жалақысы қанағаттандырмайды. Демалыс уақыттарының аздығын алға тартады. Дегенмен арнайы мамандар жұмыс істеуі керек. Жол бойындағы бағдаршамдар мен жол ереже белгілері де күрделі мәселенің бірі екені рас. Талай жылдан бері бұған мүлдем көңіл аударылмаған. Бүгінгі таңда қала бойынша 46 бағдаршамның жағдайы өте нашар. Біріншіден, техникалық тұрғыдан алып қарағанда әбден ескірген. Автоматтандырылмаған бағдаршамдар кеңес заманынан бері жаңартылмаған. Биыл бұған тиісті қаражат бөлінді. Толық жөндеуден өткізіп, автоматты түрде жұмыс істеуге ауыстырылады. Қалалық ішкі істер басқармасындағы бақылау орталығына қосылады. Сөйтіп, бағдаршамның бәрі орталықтандырылған басқару жүйесіне көшіріледі. – Шайынды су мәселесі жылдар бойы шешімін таппай қойды. Осы жайлы да айта отырсаңыз? – Бұл мәселені де орынды қозғап отырсыз. Мұны Жамбыл ауданының тұрғындары көтеріп келе жатқанына 20 жыл болды. 2007 жылдары ма еді, аудан әкімдерінің сайлауы болып еді ғой, сонда осы ауданнан үміткер болдым. Сол кезде ауданның жағдайымен жан-жақты танысқаным бар. Сондағы тұрғындар көтерген басты мәселе –Тараз қаласының шайынды суы болды. Содан бері шешімін таппай келеді. Ең басты жобалардың бірі – осы. Жол, жылу, электр қуаты дегендер күнделікті мәселелер. Қаланың дамуында үлкен жоба осы болмақ. Шайынды су комплексін салу үлкен мәселе. Бірінші, кәріз жүйелерін тазартуымыз қажет. Тазартылған суды егістікке пайдалануға болады. Тазарту жұмыстары Үкіметте бекітілген «Жол картасына» енген. Халықаралық қаржы институттары, банктер бар, бұл ауқымды мәселені де қолға алып жатырмыз. Жаңа жылдың алдында банк басшылығымен алғашқы кездесу өткіздік. Осы кездесудің негізінде кәріз жүйелерін тазалау комплексінің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау үшін конкурс басталды. Оған шетелдік заманауи технологиялармен жұмыс істейтін 6 компания қатысуда. Қаралған қаржыны шетелдік банк бөліп отыр. Бірінші, техникалық- экономикалық негіздемесін жасап, екінші қаржы институтымен қаржыландыру келісімшартын жасаймыз. Одан кейін техникалық-экономикалық негіздемеден соң жобалық-сметалық құжатты дайындауға кірісеміз. Осы мәселелерді биыл атқарамыз деп отырмыз. Осы үш мәселені шешіп алсақ келер жылдың алғашқы жартыжылдығында конкурс өткізіп, мердігерді анықтасақ, екінші жартыжылдықта құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Салынатын жері Жамбыл ауданының аумағынан белгіленді. Сәтін салса, алдағы үш жыл, ары барса төрт жылдың ішінде бітіреміз деп отырмыз. – Таразға Аса ауылынан кіретін жолдың бойында тау болып үйіліп жатқан фосфор қалдығы туралы да тұрғындар тарапынан алаңдаушылық бар. Осыны бір кәдеге жаратудың жолы бар ма? – Кешеден бастап қаланың бас жоспарын қайта қарап жатырмыз. Онда «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аумағынан «Жасыл белбеуді» қолға алып, тал-дарақ егіп, көгалдандыру жұмыстарын қолға алмақпыз. Бұл – бірінші. Екіншісі, бүгінгідей технологияның заманауи дамыған уақытында ол қалдықты қайта өңдеуге болады. Бүгінде ондай технология бар. Бұл өзі бұрыннан, кеңес заманынан қалып қойған қалдық. Инвесторлар тарапынан бұған сұраныс бар. Мен әкім болып келердің алдында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен өндіру компаниясы» акционерлік қоғамында басшылық қызметте болғанымда осы мәселемен айналысып, шетелдік инвесторлармен кездескенбіз. Солар осы қалдыққа қызығушылық танытқан. Өйткені оларда технология бар. Мұны да қолға алу алдағы міндеттеріміздің бірі. – Қаланы дамытуда басқа да қандай ауқымды жобаларды қолға алмақсыздар? – Абай көшесінің басынан және аяғынан екі көпір салу – кезек күттірмейтін мәселе. Көшенің аяғында «Теміржолдың арғы беті» тұрғынжай алқабына қарай өтетін ескі өткел бар. Ол баяғыда жабылған. Содан теміржол астында өткелдің салынғанының өзіне 50 жылдан асты. Дегенмен ары-бері көлік осы жерден өтеді. Жолдың арғы жағында кейінгі 20 жылда халық саны еселеп артты. Жоғарыда айтқандай бұрын Жамбыл ауданына қарап келген тұрғынжай алқаптары қалаға енді. Осының әсерінен жоласты көпірінде күнделікті кептеліс орын алуда. Әсіресе ертеңгілік және кешкілік тіпті қиын. Оны бір жолмен – Абай көшесінің соңынан үлкен көпір салу мәселесімен ғана шешуге болады. Оның бізге пайдасы қандай дегенге келсек, аспалы көпір көлік қозғалысының реттелуіне пайдасы тиіп, арғы беттегі тұрғынжай алқаптарының дамуына серпіліс береді. Қалалықтар «За линией» немесе шалғай аудан дейді. Неге? Былай қарасаңыз, екі араны теміржол бөліп тұрғаны болмаса, қалаға тиіп тұр. Көпір құрылысына бюджеттен тиісті қаражат бөлдік. Техникалық-экономикалық негіздемесін, жобасын дайындап, келер жылы құрылысын бастаймыз деп отырмыз. Ал енді екінші көпірге келер болсақ, Абай көшесінің басында Сыпатай батыр көшесі бар. Осы көшенің арғы жағы – өнеркәсіп алаңы. Теміржолдың арғы беті – 14-шағынаудан. Негізі қаланың дамуы шығысқа, солай қарай бағытталады. Қаладан шағынауданға шығу үшін теміржолдың үстінен ұзындығы 1,3 шақырым болатын үлкен көпір салу қажет. Оның бір шақырымы теміржолдың үстімен өтеді. Осы екі көпір салынған соң, «шалғай» деген сөзден құтыламыз. – Тараз – жасыл желек, көгерішімен талайды тамсандырған қала еді. Кейінгі жылдары тал-дарақты отау белең алды ма, жоқ әлде күтіп-баптауда берекесіздікке ұшырады ма, «жасыл қала» атынан айырылып қалғандай. Осы жайлы да пікіріңізді білсек? – Тағы бір жобамыз бар, ол – қаланы көгалдандыру. Сырттан кім келсе де «Тараз – жасыл қала» дейтін. Бірақ өкінішке қарай құрылыс көлемі мен бизнес нысандарының артуына байланысты тал-дарақты кесу белең алған. Қазір қалада бірде-бір талды кесуге рұқсат жоқ. Арнайы комиссия құрылған, оған өзім төрағалық етемін. Бізге ағаш кесуге өтініш түсетін болса, өзім барып көремін. Оған қажеттілік бар ма, жоқ па, сол жерде комиссия шешім қабылдайды. Мына шаруаны да қолға алдық, қала ішінде жыл сайын кем дегенде 5000 түп тал отырғызуымыз керек. Қалада «Жасыл белбеу» деген бар. Соған жыл сайын 10-12 мың тал егуді межелеп отырмыз. Біздің алдымызда тұрған ең үлкен осы бағыт – осы үш жоба. Тағы бір мәселе – қала тіршілігімен танысып, талдау жасағанымда аулалардағы балалар алаңшасына да назар аудардым. Есептеп қарасақ, бүгінде қала бойынша 200 алаңша қажет екен. Әрине, оны бір жылда шешу мүмкін емес. Үш жылдық даму жоспарында бюджет есебінен жыл сайын 25 алаңша салу көзделген. Сонда үш жылда 75-і салынады деп отырмыз. Ол заманауи үлгіде, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай салынады. Мәселен, 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың ойнайтын жері әртүрлі ғой. 12-14 жасар бала сырғанап ойнамайды, сондықтан осы мәселеге де көңіл бөліп отырмыз. Өзіміз де бала болдық, сол кезде жасы кіші балалардың өздерінің ойнайтын жері болса, ес біліп, оң-солын танып қалған балалардың ойнайтын жері бөлек болатын. Ал ересектеулері турникке тартылып, футбол ойнайды. Жоба жасаған кезде осыған баса назар аударамыз. Енді немерелерін сыртқа ойнатуға алып шыққан ата-әжесі не істейді? Балалар ойнап біткенше үйдің алдындағы орындықта отыру қарт кісілерге оңай емес. Сондықтан да жазда күннен сая болатын «беседка» орнатуды қолға алмақпыз. Көпқабатты үйдің тұрғындары сыртқа шығып, таза ауамен тыныстағанда да көршілер бір- бірімен әңгімелесіп отыруы керек. Осы жобаны да қолға алмақпыз. Баладан бастап, қарияға дейін осылай жағдай жасауды да өз міндетіміз деп санаймыз. Әрине, біз бірінші мұның бәрінің сапалы салынуын қадағалайтын боламыз. Биыл салынған ойын алаңдары немесе тұрғындар демалатын орын 200 алаңша толық салынып біткенше бұзылып жатса, ол кімге керек? Біз балалар ғана емес, барлық жастағы адамдарға жағдай жасауға тиіспіз. Осы жерде мына мәселені де қозғай кетейін. Қай аулаға барсаңыз да автокөлік қоятын жер тапшы. Көлік сыймайды. Осы мәселені кешенді түрде шешуіміз керек. Тағы да айтайын, біз санға емес, сапаға көп көңіл бөлуге тиіспіз. Өкінішке қарай, кейбір қала тұрғындарының мәдениеті төмен екенін де еске сала кетейін. Кейбір азаматтар бес, он метр жердегі қоқыс контейнері тұрса да үйінен алып шыққан қалдықты есік алдындағы арыққа, алаңға төгіп кетеді. Ал жеке секторларда құрылыс материалдарын көшеге төге салу да қалыптасып кеткен. «Жалпы пайдаланымдағы жер» деген бар, оны сіз де, көршілеріңіз де ортақ пайдаланады. Бізде «Жасыл Тараз» мекемесі бар, сонда еңбек ететін жұмысшылардың тірлігін күнделікті инстаграмға салып отырмын. Не үшін? Мен елді қала тазалығы жолында тынымсыз еңбек етіп жатқан кісілердің еңбегін көрсін, бағаласын деймін. Күніне 300-ден аса адам қала қоқысын тазалап, қар күреумен айналысады. Осы мекемеге қар тазалайтын, қоқыс шығаратын, көгерішті оратын техникамен толық қамтамасыз ету жағын қолға алып жатырмыз. Олардың жұмысы ауыр екенін ескеріп, биылғы жыл басында айлық-жалақыларын 20 пайызға көтердік. Сөзімді қорытындылай келе, қаланың әрбір тұрғыны «Менің туған қалам» деген асқақ сезіммен қарап, киелі де, шежірелі Таразды шын көңілімен жақсы көрсе деймін. Ал біздің алдымызда қаланы дамытуда аса ауқымды жобаларды іске асыру міндеті тұр. – Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.