Жұмыстар сапалы әрі жедел орындалуы керек
Жұмыстар сапалы әрі жедел орындалуы керек
Келесі кезекте аймақ басшысы Жаңатас қаласының орталық жылыту қазандығында болды. Бүгінде қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде. Қалаға жылу берілген. Қазіргі таңда 97 көпқабатты үйлер бойынша айналымды ретке келтіру, ауа шығару шаралары жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы орын алған төтенше жағдайдан сабақ ала отырып, қазандыққа қосымша электр желілерін тартудың маңыздылығын айта келе, жауаптыларға бұл бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бұдан соң Нұржан Нұржігітов зардап шеккен бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер мен Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» торабының ғимараттарын аралап көрді. Жалпы, қалада қатты желден 9 нысан айтарлықтай бүлінген. Олардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыстарға жергілікті мердігерлер тартылған. А л жедел штаб отырысында облыс әкімі жауапты тұлғалардың есептерін тыңдады. Аудандық РЭС мекемесінің мәліметі бойынша, аудандағы 726 шақырым электр желісінің 62 шақырымы үзіліп, 10,5 мың бағананың 240-ы (156 жоғары, 84 төменгі кернеулі) құлаған. Бүгінгі күнге 51 шақырым электр желісі, 151 бағана қалпына келтірілген. Қазіргі таңда аудандағы 25 елді мекеннің 23-не жарық беріліп, оның ішінде, Жаңатас қаласы бойынша 97 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жарыққа қосылған. Жекелеген сектор тұрғындарына жарық беру жұмысы да аяқталған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ облыс әкімі қаланы тазалау жұмыстарына мекеме қызметкерлерін тарта отырып, күл- қоқысты шығаратын көліктермен қамтамасыз ету жайын да баса айтты. Жұмыстар сапалы әрі жедел орындалуы керектігін ескертті. – Барлық қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы толығымен және ауданның елді мекендері электр қуатына қосылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексеріңіздер. Ішінара бүлінген нысандарды аудан бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітілуі маңызды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөліңіздер. Халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру шараларын ұйымдастырыңыздар. Біздің ең негізгі міндетіміз – халыққа қызмет көрсету, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ облыс әкімі азық-түлік тапшылығын болдырмау мәселесіне ерекше назар аударды. Төтенше жағдай кезінде ауданға 17 мың бөлке нан жеткізіліпті. Сондай-ақ облыс әкімі Талас ауданына да барды. Ауданға сапарын Есейхан ауылдық округіне қарасты Қасқабұлақ ауылынан бастады. Жалпы, таулы аймақта орналасқан Есейхан, Қараой, Қасқабұлақ ауылдарында жарықтан мәселе болған. Мұнда 176 электр бағаны құлаған. Дегенмен Есейхан мен Қараойға жарық берілді. Мәселе Қасқабұлақ ауылында өзекті болып тұр. Қазір ауылда екі генератормен жарық берілуде. Ауыз су да кестемен беріледі. 2018 жылы тартылған электр бағаналары құлаған. Сол кездегі мердігердің жобалық сметалық құжаттарындағы қателіктерден орын алып тұр бұл жай. Қазір осында жұмыс істеп жатқан «Строймонтаж» компаниясының өкілдері мұның алдындағы мердігер бағаналардың арақашықтық стандартын сақтамағандығын алға тартты. Яғни, бағаналардың арақашықтығы – 35 метрден болу керек екен. Соның кесірінен бағаналар жел тербелісі кезінде тартылған сымға қатқан мұздың салмағын көтере алмаған. Облыс әкімі мердігерлерге жарықты он күннің ішінде беруді тапсырды. Бұдан соң аймақ басшысы аудан орталығы – Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» ЖШС-інде болып, жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ қалаға жылу беріп отырған «Игілік» ШЖҚ КМК жылу қазандығындағы жағдайды да назарға алды. Ә.Молдағұлова көшесі №61 көпқабатты үйдің ауласында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Қатты желдің салдарынан аталған үйдің 2124 шаршыметр шатыры ұшқан. Қазіргі таңда «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» ЖШС тарапынан шығындарды есептеу жұмыстары жүргізілуде. Қаратау қаласында жауапты тұлғалар және жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлермен өткен штаб отырысында Нұржан Нұржігітов әуелі басымдықты әлеуметтік нысандарға беруді талап етті. – Әсіресе денсаулық және білім мекемелері тұрақты жұмыс істеу керек. Дүйсенбі күні балалар жылы әрі жарық мектепке баруы тиіс. Шаруа қожалықтарының да жағдайын назарға алыңыздар. Әрине, бірді-екілі шатыры ұшып, дуалы құлаған тұрғындар өздері ретке келтіруі қажет. Ал ірі көлемде шығын болатын болса, Үкімет көмектеседі. Ауылдық округ әкімдері халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Жергілікті халық қалаулылары да түсіндіру жұмыстарына белсене кірісіп, ел ортасынан табылса, түсіністік болады. Қазір кей елді мекендерде тұрғындар зардап шеккен ауылдастарына «асарлатып» көмек қолын созып жатыр. Осы игі іс жалғасын табу керек. Алдағы аптада күн суытады. Сенбі, жексенбі күндері ауа райы қолайлы болады. Сондықтан біраз жұмысты өндіріп тастау керек, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Ерман ӘБДИЕВ