- Advertisement -

Күресте шыңдалған қазақ

189

- Advertisement -

Қас батырдай қасқайып, елі мен жерінің бүтіндігін ойлап, қара нардай қайыспаған от жүректі бір азамат бар. Ол азаматтың есімі – Абдолла Бақбергенов. Ер үстінде ту ұстаған ұлдың жүрегі әуел бастан ел деп соқты.

Бәрі балалық шақтан басталып еді. Мектепте жүргенде «Қобыланды батыр» жырының жүрегін жаулаған шақтарын қалайұмытар. Хас батырдың уыздай ұйыған елінің амандығы жолындағы айқасын, жаудан қорғау жолындағы жанкешті ерлігін, арыстан жүректі айбары мен айбатын бала жүрегінде сақтап өскен бұла күндерін естен қалай шығарсын. Ержүрек бабаларының ерлік дәстүрінен қуат алып, өзінің мұрат еткен биігі мен ертеңгі кемел келешегіне тастүйін бекінген еді.

Одан бергі жерде Қабанбай, Бөгенбай және Саңырық сынды батырлардың ерен ерліктері мен Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт- азаттық көтерілістердің өшпес рухы бұлқынып өскен жастың санасына сіңіп, алдағы өмірінің темірқазығына айналған болатын. Күрескерлік жолды таңдауына да ғасырлар бойы ат үстінен түспеген ата-бабаларының қайтпас қайсарлығы мен Тәңірдің жарылқауымен бұйырған атамекенін қызғыштай қорғап, кейінгі ұрпағына табыстаған ұлы аманатына адалдығы болса керек.

Талас ауданының Қызыләуіт ауылынан күреске толы әлемге қанат қақты. Алғашында құрылыс саласында еңбек етіп, әскер қатарында борышын өтеді. Жамбылдағы кооперативтер даярлайтын училищені аяқтап, осы салада төрт жылға жуық қызмет атқарды. Жамбыл химиялық- механикалық техникумында білім алды. Көкшетау гуманитарлық университетін саясаттану мамандығы бойынша, Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады.

Әуел бастан еңбек жолын құрылысшы болып бастаған Абдолла Бақбергенұлы Тараздың іргесіндегі кірпіш зауытын басқарды. Кенжелеп, тұралап қалған осы кәсіпорынды аяғынан тұрғызып, алдыңғы қатарға шығарды. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, осы өңірде тұратын тұрғындарға көмек қолын созып отырды.

Тараздың іргесіне орналасқан Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылымен шекаралас жатқан өзінің жекеменшігіндегі 3 гектар жерді өз еркімен мемлекетке қайтарып берді. Бұл жерге No60 орта мектептің салынуына мүмкіндік туғызып, азаматтық танытқаны елдің есінде. Қазір осы білім ошағында жүздеген бала дәріс алып, тәрбиеленіп келеді.

Әбекең имандылық жолында жақсы бастама көтерушілердің санатында жүр. Кірпіш зауыты аймағында мешіт салуға мұрындық болды. Бастама көтеріп қана қоймай, оның құрылысына қаржылай көмек көрсетті. Осы мешіттің ашылу салтанатына қатысып, өмірден өткен мұсылмандарға бағышталған Құранға қол жайғанымыз бар.

Өзі тұратын аудан тұрғындарының қолдауымен Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Бұл енді ел басқару ісіне етене араласқан, ел мүддесіне қызмет етуге белсене кіріскен кезеңдер болатын.

Республикалық «Азат» партиясының құрылуымен Абдолланың саясат алаңындағы күреске толы ғұмыры бастау алды. Сарабдал ой мен салиқалы парасатпен жүрер жолы мен бағыт-бағдарын айқындады. «Азат» партиясының Жамбыл облыстық бөлімінің төрағасы ретінде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі өз алдына бөлек әңгіме. Елімізге белгілі саясаткер Сәбетқазы Ақатаевпен бірге азаттық жолында арпалысқан, айқасқа түскен аласапыран кезеңдерді талай мәрте бастан өткерді.

1986 жылы әділетсіздікке қарсы қазақ жастары жаппай көтерілді. Абдолла да бұл кезде өзінің азаматтық үнін қосты. Ереуіл атқа ер салғандай мінез танытты. Заңсыз әрекеттерге қарсы алаңға бет алды. Серік Әбдірайымұлы ағамыз құрастырған «Елу жыл ел ағасы» атты кітабында Абдолла сол оқиғаны былай деп еске алады.
– Аяғы ауыр жұбайым Қансұлуды қасыма ертіп, Жамбыл қаласындағы орталық алаңға бардым.

Әр жерде топтанып, бой көрсеткен қазақ жігіттері мен қыздарын милиция қызметкерлері мен жай киім киген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары үркіте қуып, кейбіреуін «тексеруге» деген желеумен бөлімшелерге әкетіп жатты. Солардың бірі мені тоқтатып: «Кімсің, құжаттарың қайда? Неге үйіңде отырмай, бейуақытта жүрсің?», деп дікеңдеп, қоқилана түсті.

Мен де теріме сыймай: «Қазақстан Республикасының азаматы ретінде көшеде жүруге құқылымын. Мына жастардың жазығы не? Алматыдағы алаңдағы қазақ жастарының да наразылығы дұрыс. Себебі Республика басшысына лайықты бір қазақ табылмағандай, Ресейдің белгісіз бір азаматын әкелгенге бәріміздің де қанымыз қайнайды», деп жауап бердім.

Әлгілер мені табанда милицияға, яки Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіне алып кетпек болды. Бірақ аяғы ауыр әйелім шырылдап, бұған жол бермеді. «Бала тастаса бастарыңмен жауап бересіңдер», деп мен де дес бермедім. Менің қазақтың намысы үшін айтқан оң пікірім кейбір басшыларға жақпады.

Желтоқсан оқиғасынан кейін мені алыстағы Мойынқұм ауданының Көктерек ауылындағы кірпіш зауытына жұмысқа жіберді. Кетерде ай- күні жақындап отырған зайыбыма: «Егер ұл тусаң, атын Дінмұхамед қоярсың. Біртуар ағамыз Қонаевтың басына қиын сәт түскендегі оған деген жәрдеміміз, көзқарасымыз бен құрметіміз сол болсын», деп аманат еттім. Көктерекке келіп қиюы қашқан істі қалпына келтіріп жатқан кезімде Әулиеатадан қуанышты хабар келді. Әйелім ұл тауып, атын Дінмұхамед қойыпты. Сол күні өзімді бақытты санап, қиын кезеңді бастан кешіріп жатқан Димаш ағаны еске алдым. Бірақ Қонаевпен бірге қызметте болып, алдына кіруге именіп жүретін бәз біреулер енді оны жаппай жамандап, даттап жатқанын ойлап қамықтым. Бәріне уақыт емші, асыл азаматты қайта мақтап, көкке көтеретін уақыттың келеріне кәміл сендім сонда.

1991 жылдың жазында кішкентай Дінмұхамедті жетелеп, Алматыға аттандым. «Азат» партиясының Жамбыл облысындағы бөлімінің төрағасы едім. Орталықтағы жетекшілерімнен ақыл- кеңес, нұсқау алмақпын. Сәті келсе, Димаш ағаның үйіне бас сұғып, кішкентай Дінмұхамедті сәлемдестіру, әрі баламның туу туралы куәлігіне біртуар ағаның қолтаңбасын қойдыртып алмақ ойдамын. Алматыға таңғы сағат жетіде жеттім. Дінмұхамед Қонаевтың пәтеріне келдім. Бірақ күзет жібермеді. Көмекші жігіт иманжүзді екен. Мен айтқан уәжге құлақ асты.

Бірқауым сәттен соң асыл аға бейнесі көзге түсті. Алып тұлғалы ағаның алақанын қысып тұрып, келген мақсатымды айттым. Димаш аға кішкентай Дінмұхамедті көтеріп, бетінен сүйді.
– Атың кім, балақай? –деп сұрады.
– Дінмұхамед!
– Ой, айналайын-ай! Үлкен жігіт бол,
халқыңның азаматы болып, қажетіне жара. Менің берген батам да, тілегім де осы, – деді ол. «Атасынан тәтті татпай кетпесін» деген аға келесі бөлмеден қос уыс конфет әкеліп, қалтамызға салды. Сасып жүріп ағадан қолтаңба алу тарс есімнен шығып кетіпті. Димаш ағаның батасын алған Дінмұхамед те өсіп келеді. Оның туу туралы куәлігіне Д.Қонаевтың қолтаңбасын қойдыра алмағаныма қатты өкінемін», – дейді А.Бақбергенұлы.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында дөңгелеген дүниенің шырқын бұзғысы келгендер аз болмады. Қазақстанның батысында, яғни Орал қаласында болған оқиғаны Қазақ елі ұмыта қоймас. Осыдан отыз жыл бұрын қазақ жігіттерінің Оралдағы казактар мерекесінің жоспарын талқандағаны баршаға белгілі. Ресейдің әр түкпірінен жиналған казактар патшаға қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпекші болған.

Сол кезде Оралға келген Иркутск казактарының атаманы Николай Мелинов деген Қазақстанның
кейбір аймағын тартып алу ниеттерінің бар екендігін мойындаған. Қазақстанның батысындағы бірнеше қаланы біріктіріп, Орал автономиялық облысын құруды жоспарлаған. Арам пиғылды казактардың мерекесін болдырмау үшін еліміздің бар аймағынан ер азаматтар атқа қонды. Солардың сапында Абдолла Бақбергенов бастаған бір топ жігіт Тараздан Оралға аттанды. Әулиеата жерінен он бес шақты азамат өз қаржыларымен жолға шықты.

Сап түзеп, шеру өткізбекші болған жүздеген казактармен бетпе-бет келген. Қазақтың ақын қызы Айсұлу Қадырбаева екі топтың ортасына ақ орамал тастап, ақ тілегін, басу сөзін айтып, қақтығыстың алдын алған. Осыдан кейін екі жақ та амалсыз тарқаған.

Дегенмен қазақтың қайсар жігіттері сол бір айтулы сын сәттерде көзсіз ерліктерімен дүйім Қазақ елінің ыстық ықыластары мен сүйіспеншілігіне бөленді. Батыр бабаларының ерлік дәстүрін жалғастырып, жалпақ жұртқа әйгіледі.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Тараздың шағын аудандарында жаңа мектептер ашылып жатқанда көптеген мәселе туындап, оның шешімін табу қиынға соқты. Журналист Рахметбек Өзбеков, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жұмысшысы Серік Айдарбеков және Абдолла Бақбергенов бастаған азаматтар мұндай әрекетке қарсы табандылықпен күресті.

Қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болып, айтыс-тартыстың бел ортасында жүрді. Шағын аудандар мен сол маңайда тұратын тұрғындардың үйлерін аралап, қол жинады. Сөйтіп ұлт мүддесі жолындағы күресте мақсаттарына жетті. Соның нәтижесінде қазақ мектептерінің бағы жанды.

Әсіресе 8-шағынаудандағы No48 мектеп төңірегінде болған дау-дамай ушығып барып, әрең басылды. Үлкен күшпен ашылған бұл қазақ мектебіне ұлты үшін жанын құрбан еткен Тұрар Рысқұловтың есімі берілді.

Әбекең қалың қазағының патриоты ғана емес, өлең өлкесінде өрнек салып жүрген ақындардың бірі. «Жеті желі» атты жыр жинағы жарық көрді. Өлең жазу еріккеннің ермегі емес. Өлең дегеніміз – дүниедегі ең ғажап әуен. Жүрегіңнің лүпілінен асқан керемет әуен жоқ. Әбекең жүрегінің сол нәзік лүпілін ақ қағазға түсіргенді, елін сүйген ұлы жүрекпен жыр жазғанды жөн көреді.

Азаматтың күрескерлік тұлғасы биіктемесе, аласарған емес. Биікке бастаған қадамдары сәтті жалғасын тауып келеді. Атақ-мансаптың құлы болған жоқ.

Бүгінде Тараз қалалық No1 заң кеңсесінің адвокаты болып қызмет етеді. Облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Әділет іздеген жандарға заң жүзінде көмек беріп келеді. Өмірден түңіліп, қапа болған адамдарға да жан жүрегінің жылуын беріп, жақсылық жасап жүр. Отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағы бар. Жан-жағында еркіндіктің самалымен кең тыныстаған қалың елі, көгінде желбіреген көк Туы бар. Елінің мәңгілік азат болуын көксеген ұлы арманы бар.
Жетпіс жасқа толған азамат туралы айтар ой осылай өрнектелді.

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support