- Advertisement -

Белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазы жақында ғана қапияда көз жұмған 16 жасар ұлының рухына жыр арнады

242

- Advertisement -

Ей, жүрегім, сабыр, сабыр, сабыр де,
Жасамайын күпіршілік Тәңірге.
Құлынымды қиып бердім, қайтейін,
Қабырғасы қара суық қабірге.

Тура келген не істей алам ажалға?
Сөз таба алмай қор болдым-ау жазарға.
Қаламымнан қара сия төгілді,
Ақ парақтың бетіндегі ғазалға.

Қапелімде ой да келмей орамды,
Тоқтата алмай көзден аққан сорамды.
Қаңтар туа қаңтарылдым баса алмай,
Ішімдегі алай-түлей боранды.

Жылаймын ғой, қайтем енді жыламай,
Тағдыр мені жібермеді сынамай.
Күңіренген шығар бәлкім осылай,
Әбішінен айрылғанда ұлы Абай.

Зор қайғыдан көтере алмай еңсемді,
Көз алдымда аспан мен жер теңселді.
Он алты-ақ жыл ойнақтаған, қарғам-ай,
Сенен де әттең, өтті-ау жалған өлшеулі.

Ғалым болар, ақын болар деп едім,
Көз тиді ме дара туған бөбегім?
Өң мен түстің арасыңда отырмын,
Түсім қашып түсіне алмай себебін.

Дүниенің өлшей білген парығын,
Адалдықты жүрегіңнен таныдым.
Зау биікте аппақ қардың үстінде,
Заулап келіп жаны үзілген жарығым.

Әулетімнің маңдайдағы бағы едің,
Әкесінен ассам дейтін бала едің.
Арманыңа жетпей кеткен жаныңды,
Тыныштықта әлдилесін ақ өлім.

Ауырлығы қара жердей сынақтың,
Қасіретіне қарсы тұрып шыдаппын.
Құлыншағым шапағатшы болар деп,
Бақшасында сегіз түрлі жұмақтың.

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлының өліміне қатысты соталды тергеу басталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, 2 қаңтарда сағат 17.25 шамасында Зеренді ауданындағы полиция бөліміне Садовое ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан шаңғы базасындағы шаңғы жолында 2006 жылғы баланың денесі табылғаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Алдын ала жиналған материалдар бойынша, шаңғы трассасында кәмелетке толмаған жігіт ағашқа соқтығысып, есін жимастан оқиға орнында қаза тапқан.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша соталды тергеу басталған. Қажет сараптама тағайындалған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support