«Айтыс ақындары – жедел жәрдем, поэзия – алтын ине»

42

Жобаны жүргізуші – Оралхан ДӘУІТ:

Ақын-жазушы, қаламгерлер, жалпы өнер адамдары арасындағы әзіл- қалжыңдарға, қызықты оқиғалар, басынан кешкен хикаяттарға қашанда ел-жұрт құлағын тіге жүреді. Тіпті, көпшілік ортада сол оқиғаларды айтып, күлкіге қарық қылып жататыны да бар. Міне, «Aulieata-media» ЖШС мен «Jambyl» арнасының бірлесіп қолға алған жобасы – «Қаламгер» клубының мақсаты да қаламгерлер арасындағы қызықты оқиғаларды, әзілдерді айта отырып, көпшілікке ой салу, осы саланың күрделі тұстарын да әңгіме қылып, себеп-салдарына үңілу. Жобаның алғашқы шымылдығын айтыскер ақындар ашып отыр.

Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары, жыршы- термешілер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:

Әңгімемді айтыста айтылған бір-екі әзілдерден бастасам. Бірде ақтөбелік ақын Шымберген Сүлейменов пен шымкенттік Анар Жаппарқұлова екеуі айтысты. Екеуі де менің құрдастарым. Содан құрдас боп жап- жақсы айтысып келді де соңына қарай сөз таппай қалды ма, әлде сасқалақтап қалды ма әйтеуір, Анар абайсызда қарсыласын «аға» деп қалмасы бар ма? Шымберген де шап етіп сол жерден ұстай алды ғой.

Бұл Анаржан құрдасын аға депті,

Сасқанынан сандалып сана кетті.

Бұрын суға батып бара жатқан шал,

Қорыққанынан кемпіріне «мама» депті,

– деп көпшілікті ду еткізді. Әзілі өте сәтті шықты.

Иә, шынында көрермен көбінесе осындай ойда-жоқта айтылған әзілдерге риза болып, қол шапалақтап жатады емес пе?

Дұрыс айтасыз. Ақтөбеде Қайнар Алагөзов деген мықты ақын бар. Көптеген хит әндердің сөзін жазған. Сол Қайнар екеуміз бір айтыста сөз қағыстырдық. Мен өзі кеш үйленіп, кеш шаңырақ көтердім. Оны айтыскерлер жақсы біледі.

Ахаң биыл қырқыншы қысын көрмек,

Отыз бес көктем көрген бойдағында.

Орда бұзар жасыңнан асқаныңша,

Қыздардың қызығына тоймадың ба?

Жоқ, әлде ұрпақ қамын ойладың ба?

Енді қалған азғантай жылға бола,

Миыңды қатырмай-ақ қоймадың ба? – деп
Қайнар осы кемшілігімді тілге тиек етіп, керемет жеткізгені бар.

Баяғыда Жәңгір ханның оң жағында тізесін басып отыратын бір ақыны болған екен. Махамбет пен Исатай ханның ордасына кіріп, әңгімелесіп отырған кезде Жәңгір бір шаруасымен сыртқа шығып кетеді.

Сол кезде Махамбет сарай ақынын сөзге тартып, «Жәңгір ханды бір жол өлеңмен жамандасаң, биылғы соғымың менен болады. Және ол өлең туралы ешкімге тіс жармаймын» дейді. «Екі өлең жолмен жамандасаң, мен де бір соғым беремін» дейді Исатай. Сонымен Жәңгір ханның жоқ екенін пайдаланып бастап кетіпті.

Е, Құдай зұлым ханға жолықтырма,
Жолықтырып, біздерді зорықтырма, – деп бастап келе жатқанда ар жақтан Жәңгір хан жөткірініп кіріп келе жатса керек. Сонда сарай ақыны ханға қарай қалып:

Мың алғыс Жәңгір ханды берген Құдай,
Қазақта мұндай жақсы толып тұр ма, – деп салыпты.

Шынында айтыста «мені мақташы» немесе «пәленшені датташы» деген сықылды өтініштер жиі бола ма?

Ербол Қамбатыров, айтыскер ақын:

Айтыс та қазақтың мінезі сияқты ғой. Мақтағанды жақсы көреді. Өз басымнан ондай жағдайлар талай өтті. Мұндай сәттерде марқұм Әзімбек Жанқұлиевтің тапқырлығы керемет еді. Бірде Әзімбек Шымкентте бір той басқарады. Той иесі асабаны алып қалып, ертеңінде арнайы құрмет көрсеткен ғой.

Сол дастарқанның басында бір
кісі Әзімбекке «Мені мақташы» деп қоймапты. Әзімбек орайын тауып, шымыр шумақпен мақтайды. Анау риза болады да «Саған бір жылқы атадым» дейді. Жылқы аталды, бірақ ол әңгіме
сол жерде қалды.

Сонымен тарап кеткен. Арада үш ай уақыт өткенде осы әулет Әзімбекті тағы да той басқаруға шақырады. Тура сол жағдай. Тойдың ертеңінде асабаға тағы құрмет көрсетіп, дастарқан жаяды.

Алдындағы жағдай тағы қайталанады. Баяғы кісі Әзімбекке «Мені мақташы» деп тағы өтініш айтыпты.

Сонда Әзімбек:

Ағайын, қанық едім істеріңе,

Қуанам тағы ортаңа түскеніме.

Үш ай бұрын бір айғырымды жоғалтып ем,

Ағайын, көздеріңе түспеді ме? – деп мақтамен бауыздағандай қылыпты.

Ахметжан Өзбеков:

Қазақтан шыққан тұңғыш космонавт Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып келгеннен кейін елді аралады ғой. Сонда Жамбыл жеріне келген кезде айтыскерлер Айтмұхамбет Исақов пен Шорабек Айдаров арнау айтады.

Мүмкіндік аяқты сан тұсап еді, Сонда да өлтірген жоқ құса мені. Бұл жалғанда әділет бар болса егер, Орыстан Тоқтар бұрын ұшар еді, – деп арнауды Айтмұхамбет ақын бастаған ғой.

Сөйтсе Шорабек:

Дегенмен байқа бала, байқа бала,

Ақындар мұндай ойды айта ала ма?

Орыстан бұрын ешкім ұшқан емес,

Орыстан бұрын ұшқан Лайка ғана, – деп
суырып салған екен.

Нұрлыбек Құрманов, айтыскер ақын:

2005 жылы Жүрсін Ерман ағамыз Мәскеуде айтыс ұйымдастырып, оған 12 ақынды алып барды. Айтыс әділ өтсін деп қарсыластарды сахнада жұптаған ғой.

Солардың ішінде қызылордалық Мұхтар Қуандық пен ақтаулық Нұрлан Мұсаевтың айтысы өте тартысты өтті. Шынайы айтыс болды.

Талдырмай қанатымның топшыларын,

Қалықтап келді алдыңа қос қыраның.

Бұл Москва бала күннен таныс маған,

Жоқ содан титтей де жатсынарым.

Панфилов дивизиясының сарбазы боп,

Атам да түбінде өлген Москваның.

Әкем де бір кездері коммунист боп,

Жырласқан партияның достық әнін, – деп амандасты Мұхтар.

Нұрлан:

Мұхтар келіп қасыма ұрынып тұр,

Қайсымыз дәл бүгін тілініп тұр.

Коммунистің баласымын деп қояды,

Сүрінбейтін жерден кеп сүрініп тұр.

Коммунистің баласы екендігің, Москва деп айтқаныңнан білініп тұр.

Мұхтар:

Кірмейтін аламанға қаны қызбай,

Ақиқат ащы келеді, дәмі тұздай.

Сенімен айтысуды ұзақ күттім,

Неке түнін аңсаған кәрі қыздай.

Нұрлан:

Мәскеудің төрінде ән қылайын,

Көсілтіп қанаттарды талдырайын.

Несіне артық ауыс әңгіме айтып,

Жабағының жүніндей жалбырайын.

Кәрі қыздай сен мені аңсап келсең,

Кәрі шалдай есіңді тандырайын, – деп сөз тауып кеткені бар.

Ахметжан Өзбеков:

Нұрлан Мұсаев әзілге өте құмар. Содан болар айтыста да айтқыш. Ақтаудағы жергілікті телеарнада «Қышқыл-мысқыл» деген бағдарламаны жүргізеді.

Бірде Нұрлан Қызылордада өткен бір айтыста бас жүлдені иеленіп, көлік мінді. Содан «Ақтауға жалғыз өзім қайтамын ба? Қасыма серік болыңыз» деп мені ертіп алды.

Маңғыстау облысының шекарасына кіргеннен кейін алдымен нағашыларының ауылына атбасын бұрдық. Айтыстан алған аппақ «Волганы» тізгіндеп алғанбыз. Ол жақта бау-бақша өте аз, жер жап-жалаңаш, үйлердің арасында шарбақ та жоқ. Көрші-қолаң құттықтап, топырлап келіп жатыр. Сол кезде бір ит келіп жаңа көліктің дөңгелегіне аяғын көтеріп, саңғып кетті. Артынша тағы бір қара ит екінші дөңгелегіне саңғып кетті.

Бәрі аң-таң боп қарап тұр ғой. Сөйтсе Нұрлан «Менің көлігім болмаса иттерің бұттарына жібереді екен ғой» деп жиналғандарды ду күлдірді. Тағы бірде ақындар Әзімбек Жанқұлиев, Біржан Сөктай үшеуміз Алматыға айтысқа баратын болып автовокзалға келдік. Сол жерде «Маxima» көлігін мінген Әзімбектің бір танысы жолыға кетті. Бірақ түрінен байқалды, бізді көлігіне отырғызғысы келмеді. Әлде жол- жөнекей жолаушы алып, ақша тапқысы келді ме? Сонда Әзімбек «Тұрған кезде «Маxima», «Волга» деген такси ма? Жайғасайын жаныңа, жалғыз өзің қақшима» деп бір шумақ айтып
еді, анау жігіт те жадырап сала берді.

Ербол Қамбатыров:

Есенқұл Жақыпбеков әзіл айта отырып, проблеманы өткір шумақтарымен жақсы жеткізетін. Қайбір жылы Таразда Бауыржан Момышұлының 80 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті.

Ол кезде қазіргі «Баласағұн» концерт залы «Химпром» зауытының меншігінде болатын. «Химпромның» басшысы Атабаев деген кісі еді. Есенқұл аға екеуміз айтыстық.

Сонда Есенқұл:

Сен едің Қаратаудың қасқалдағы,

Түтіннен ұша алмайсың аспандағы.

Химияның кесірінен қыздар түгіл,

Басында Шорабектің шаш қалмады.

Ел-жұртқа мықты ақын атанайық,

Көрерменге де тәтті сөз қата алайық.

Шорабектің қалған шашын төлейсің ғой,

«Химпромның» директоры Атабаев, – деп
елді риза қылды. Атабаевтың өзі де сол залда отырған болатын. Ол да риза.

Дидар Апбасов, айтыскер ақын:

Таразда жыл сайын Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай республикалық айтыс додасы ұйымдастырылады. Сондай бір айтысқа
Аспанбек Шұғатаев қатысты. Бұл Аспанбектің әлі кеңінен танылмаған кезі болса керек. Айтыс болатын күні барлық ақындар қонақүйден шығып
кеткен де Аспанбек ғана ұйқысынан оянбай қалып кетеді. Мәдениет басқармасының қызметкері Тамара Әбдікәрімова деген әпкеміз есігінің алдында күтіп отырады. Кейін ұйқысынан тұрады да «Әпке, мен шашымды жумай сахнаға шықпайтын едім» дейді ғой.

Тамара әпке дүкенге жүгіріп барып, әрең дегенде шампунь тауып әкеледі. Шашын жақсылап жуып алған Аспанбек айтысқа басына орамал тағып шығады ғой. Сонда ғой Тамара әпкеміз «Орамал тағатының бар, шампуньды неге сұрап жүрсің?» деп сөйлеп жүргені…

Шаш демекші ақын Нұрлан Мұсаев Таразға келген бір сапарында «Жүріңдер, шалдың балалары, мен шашымды қысқартып алайын» деп бізді жанына ертіп алды. «Гранд базар» жақтағы шаштаразға бардық. Нұрекең «Ешкім қалтасынан ешқандай ақша шығармасын. Бәрін өзім төлеймін. Өз шашым, өз басым, өзім жауап беремін», деп бір күлдіріп алды.

Соңында шаш алған қыз «Ақшаңызды қалай төлейсіз? Қолма-қол ма, жоқ, аударасыз ба?» деп сұрады. Сонда Нұрлан аға: «Енді мен Ақтауданмын ғой, қайда жүрсек те Каспий ғой бізде» деп ұтқыр жауап берді. Каспий теңізінің жағасынан келгенін меңзеп тұрғаны ғой.

Белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың «Жұрт Парижге барса Эйфельді көруге құмар, Таразға келсе Есетті көруге құмар» деп айтқаны бар. Жақында Мойынқұмда өткен айтыста Есет Досалы ағамыз жүлдеге ілікпей, орын ала алмады. Содан айтыстан кейін ақындар ас ішіп отырған. Есет аға тамаққа кеш келді. Абыр сабырмен оған ешкім назар аудармаса керек. Ақындардың қарны аш, бәрі тамақты опырып жатыр. Соларға қарап тұрған Есет ағамыз «Бұл жақта да маған орын жоқ екен ғой» деп күліпті.

Нұрлыбек Құрманов:

Қай ақын екені есімде жоқ, бірақ бір айтыста бір ақын Ахметжан Өзбековке:

Ахметжан, мықты ақынның қатарысың,

Қара сөз айтқан кезде баталысың.

Үйлен, үйлен деп өзіңе мезі болдық,

Тым болмаса үйленші, Отан үшін, – деп тағы бойдақтығын тілге тиек етті.

Сонда Ахаңның:

Айналайын, Отан үшін үйленші деп,

Жарты жолда тайғанады атың мүлде.

Немене үйіңдегі жеңешеміз,

Қасыңа Отан үшін жатып жүр ме? – деп жауап бергені бар.

Тағы бірде Нұрлан мен Айтақын айтысады. Айтақын Нұрланның бойының пәкенелігін меңзеп «Қысқа жіп күрмеуге келмейді ғой» дегенге келтіреді.

Меселін ініңіздің қайтармадың,

Жөн болар сахнада жайқалғаның.

Қысқа болсам анама ұқсағанмын,

Айтайын, мен өмірде байқағаным,

Анамнан тумай жатып мен әкеме,

Ұзын әйел алшы деп айта алмадым, – деп
жауап берді.

Жалпы Ахметжан Өзбеков бойдақтығына байланысты айтыста көп таяқ жеген сияқты ғой…

Дидар Апбасов:

Иә, қайбір жылы Ахметжан ағамыз бен
Алтынкүл әпкеміз айтысып, қыз бен жігіт айтысының үздік үлгісін көрсеткен. Сол айтыста Ахаң «Бойдақпын, қарсыласымды жеп қоямын» деп тиіседі ғой, ал Алтынкүл:

Жеймін деп несіне айттың мұны маған,

Тасындай диірменнің зымыраған.

Ертектегі түлкідей болып жүрме,

Сүт ішемін деп басын шығара алмаған
құмырадан, – деп қағытты.

Сонда Ахаң:

Қу десең бар болмысым, осы міне,

Ешкімнің жармаспағам несібіне.

Ешкім маған қой демес бойдақ қыздың Ентелеп кіріп барсам есігіне.

Басымды мен өзім де шығармаймын,

Бір тықсам құмыраның тесігіне, – деп
көрерменді риза қылды.

Ербол Қамбатыров:
Асанәлі ағамыздың туған ауылында айтыс өтіп, Қарлығаш Әубәкірова деген айтыскер Ахметжанның жігіт боп тиіскен әзіл шумағына

«Сен маған тиісе берме, өз Төлегенім ауылда күтіп отыр» деп жауап қатқан ғой.

Сонда Ахметжанның:

Ақындардың әр сөзін бағып жүрсің,

Аспанда жұлдызы боп ағып жүрсің.

Үйіңде Төлегенің күтіп отырса,

Ауылында Бекежанның неғып жүрсің? –
деп салғаны бар.

Ербол аға, сіздің басыңыздан өткен біраз қызықтарды әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде жазып едім, соның бірін өз аузыңыздан естісек…

Кеңес заманында ауылдарда жыл сайын «Алатау таңы» деген спартакиадалық жарыстар өтетін. Кәсіби емес, таза ауыл еңбеккерлері арасында өтетін бәсеке ғой. Бір жылы осы жарыс Талас ауданында өтті. Бәсеке енді басталайын деп жатқан кезде бас бапкер «Ойбай, Ербол, 82 килограмда күресетін балуанымыз мал бағып кетіпті, келмей қалды. Сен соның орнына шықшы» деді. «Мен күресті білмеймін ғой» десем де, «Сен күресіп жеңіліп қалсаң да бізге екі ұпай береді, ал, мүлдем шықпай қалсақ керісінше екі ұпай шегеріп тастайды», деп қоймады.

Сонымен амал жоқ, келістім. Содан бір уақытта жүргізуші «Қызыл белбеулі балуан Жамбыл ауданының атынан қатысып отырған Абзал Нұрахунов. Ол – қазақ күресінен спорт шебері, Жазылбек Қуанышбаев атындағы жарыстың екі дүркін чемпионы…» деп жүлделерін шұбыртып келіп «Ал оның қарсыласы көк белбеулі балуан – Ербол Қамбатыров.

Облыстық ақындар айтысының жүлдегері», деп таныстырғанда ел қыран- топан күлкі. Енді жүргізуші мен туралы айтатын басқа мәлімет таппаса керек. Содан тура 1,5 минут ұстатпай қашып жүрдім, қалай қолына түстім, солай лақтырды ғой… 1 минут 37 секундта таза жеңілдім.

Әзіл айта отырып айтыстың да мәселесін ұмытып кетпейік. Мені «қазіргі айтыс қандай болуы керек?» деген ой мазалайды. Мысалы, жақында Мойынқұмда өткен айтыста Ғабит Есдәулетов деген ақын сол өңірдің тарихын, табиғатының, жерінің, елінің ерекшілігін өте жақсы жырлады. Әрине, алдын ала дайындап келген шумақтары да болуы мүмкін. Содан ба, көрермен қауым аса селт ете қойған жоқ. Қазіргі көрермен аяқ астынан айтылған әзіл, ұтқыр шумақтарға селт етеді. Шынында, қазіргі айтыс қандай болуы керек?

Ахметжан Өзбеков:

Тарихи, тағылымды шумақтың орнына жеңіл-желпі әзіл шумақтарды жақсы көреді деп көрерменді кінәлауға болмайды. Көрерменнің көңілінен шықпадың ба, оған тек өзің кінәлісің. Өлеңіңнің не тұзы жетпей тұр, не бір қайнауы кем болып тұр деген сөз. Түрлі көрермен болады. Баяғыда Алматының орталық мешіті он жылдай бітпей, әрең пайдалануға берілгенде бір айтыста

Мұхамеджан Тазабеков:

Он жыл бойы бітпеген мешітіңді,

Храпунов бітіріп ашып берді.

Сүндеттелген көсемің жоқ па еді,

Сүйегіне таңбасын басып берді, – деп бір
шумақпен-ақ залдың жүрегін жаулап алған.

Қайбір жылдары астанаға Рим папасы келіп, соның артынша елордада айтыс ұйымдастырылды.

Сонда Ермек Жұматаев деген ақын:

Астана, аманбысың папа келген,

Қолын жайып, қазақша бата берген.

Папаның соңын алып мен де келдім,

Ұят шығар үйімде жата берген, – деп
жырлағанда ел риза болып, ұзақ қол шапалақтады.

Былай қарасаң, аса сәтті шумақ емес. Бірақ соған халық жарылып риза болды. Яғни, халықтың қалауы болады, сол қалауын тапқан адам ықыласқа ие болады. Халықтың қалауы көбінесе табылмайды. Табылған кезде кім тарихты айтты, кім тақырыпты жырлады, кім әзіл айтты, халық өзі көтеріп кетеді.

Айтыстың кілтін бір шумақпен-ақ аша салатындар бар. Бір ақындар ұтымды әзіл шумақтарымен-ақ жұрттың жүрегін жаулап алған. Ол ақын тарихты қанша жырласа да жұрт одан әзіл күтіп тұрады. Айтыс деген үлкен ғылым. Кезінде Кемпірбай ақын «Келсе де тоқсан ақын жолай бермей, мендағы озық жүрдім бұл ғылымнан» деп бекер айтпаған ғой.

Айтыс ақындарының ішінде де жазба ақындары бар. Есенқұл Жақыпбеков, Бауыржан Халиолла, Бақытжан Алдияр, Үміт Битенова сияқты ақындарды ел мойындаған. Дегенмен де өлең әлемінде айтыс ақындарына деген теріс көзқарас бар сияқты. Әрине, айтыстың барлық шумақтары сәтті шыға бермейді. Соған қарап бағалай салатын сияқты ма, қалай өзі…

Ербол Қамбатыров:

Ол рас. Жазба ақындары «Неге айтыс ақындары бір шумақ өлеңі үшін бір көлік мініп кете береді?» деген сұрақты бізге де қойған. Айтысты синтездік өнер дейді. Екеуінің де өз ерекшеліктері бар. Өлең де, әуен де, артистік қабілеті де жарасып тұруы керек.

Ахметжан Өзбеков:

Күләш Ахметова «Айтыс ақындары – жедел жәрдем, поэзия – алтын ине сияқты» деп айтқан. Тез арада табаға қуыра салатын жұмыртқа мен екі-үш сағат қазанда қайнайтын қазы-қартаны салыстыруға бола ма? Бірақ қуырылған жұмыртқа да адамға арқау болады. Айтыс тапқырлық, суырып-салмалықпен айтылады. Ұзақ пісіріп дүниеге әкелген өлеңмен әрине, тең болмайды. Әркім әр бес-он секунд сайын суырып салып, классиканы айта берсе өлеңде не қасиет қалады? Ал бірақ ақындықтың аспаны кең. Бәріміз сиямыз. Кезінде әйгілі режиссер Эльдар Рязановқа «Сіздің фильмдеріңіз өте қарапайым. Неге сәтті шығады?» деген сұрақ қойылғанда ол «Мен артистерді негізінен тапқырлық, импровизатор қабілетіне қарай таңдаймын» деген екен. 1956 жылы орыс режиссері «Қыз бен жігіт» деген фильм түсіріп, ішіне айтысты енгізді. Сол фильмде Аңғарбай мен қыз айтысады. Соны Мәскеу төрінде көрсеткен кезде бүкіл жұрт «Бұл не қылған керемет өнер» деп таңғалған екен. Айтыс қазір сұранысқа ие өнер. Әлі де семинарлар өткізіп, ғылым бойынша дамыту қажет.

Оралхан Дәуіт:

Жалпы орнымен қалжың айта білу – ұжымда да, отбасында да береке-бірліктің сақталуының бір кепілі. Ендеше әдемі әзілдей білейік, орынды қалжыңдай білейік, ағайын. Және сол қалжыңды көтере білейік. Жүздеріңізден күлкі кетпесін. Көңілдеріңізден қуаныш кетпесін.

 

Comments are closed.