Жылдың жаңа бастамалары
Жылдың жаңа бастамалары
Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президенттің бірқатар өкілеттіктері шектеледі. Саяси партияға мүше болуы тоқтатылады және жақын туыстарының саясатта, квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметтер атқаруына тыйым салынады. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс», деген еді. Ал партияға Президенттің мүше болмауы жайында: «Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп тапсырған еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Аталған Жолдауда: «Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін көпшілік қолдайды. – Уақыт өткен сайын ненің тиімді, ненің қажетсіз екені айқындала береді. Соған қарай билікте де өзгеріс болғаны абзал. Бұған дейін қажет болған дүниені жасасақ, енді одан да артығын жүзеге асыру керек. Міне, сондықтан да саяси өзгерістер жасалып жатыр. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік өкілеттіктерін шектеуі тектілік деп білемін. Әділдік құру үшін жасалып жатқан бастамалары да білімділігін аңғартады. Бүгін жасалған істің бәрі де елдің келешегі үшін. Бүгін бармыз, ертең қалай болары белгісіз. Келер күн үшін бүгін қамданғанның ұтылмасы тағы ақиқат. Мемлекеттік тіл дәрежесіндегі ана тілімізге көңіл бөлінуінің өзі болашақ үшін. Кезінде кеңестік үкіметтің дәуренінде орыс тілін білмесең, күн көру қиын еді. Біз сол сынақтан да өттік, шүкір. Ал бейбіт өмірдің өзінің құны қандай?! Көрші елдермен достық қарым-қатынасты ұстанып, халықтың бейбіт өмірінің қаймағын бұзбай отырудың өзіне де үлкен парасаттылық керек-ақ, – дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев. Жаңа жылдан бастап жаңаша бағытпен жұмысын бастайтын Мәжілістегі өзгерістер де Президенттің Жолдауында тапсырылған болатын. «Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды- мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады», деген Президенттің тапсырмасымен биыл Мәжілісті құру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізім бойынша, ал 29-ы бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланады. Қазақстан халқы ассамблеясының Мәжілістегі квотасы алынды. Парламенттегі заң шығару процесінде де өзгеріс бар. Заңдарды Мәжіліс қабылдайды, оларды Сенат бекітеді. «Саяси өзгерістер халыққа не береді?» деген сауал төңірегінде кеңестік кезеңде, кейін еліміз егемендігін алған алғашқы қиын-қыстау сәттерде басшылық қызмет атқарған, бүгінде облыстық алқа билер төрағасы Оңласын Есіркеповтен пікір сұраған едік. – Елімізді басқарып отырған Президент халықтың игілігіне негізделген бағдарламаларды, реформаларды жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында да, сайлаудан кейінгі салтанатты ұлықтау рәсіміндегі сөзінде де елдің жағдайын жақсарту, әсіресе ауылдарды көркейтуді баса айтып, «Біз әділетті мемлекет, әділетті Қазақстан құрамыз» деді. Ел мүддесі бәрінен биік екеніне тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы халыққа қызмет ететін тұлғалардың өз міндеттерін адал атқаруы – біздің басты қағидамыз екенін айтты. Ұтымды тапсырмалар берілді, мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүргізілетіні де анықталды. Енді солардың өз мақсатында жұмыс істеуін үкімет пен жергілікті билік жүзеге асыруы керек. Сонда ғана әділетті Қазақстан құрамыз. Ал қабылданған бағдарламалардың, реформалардың жүйелі түрде жүргізілуін де бақылап, қадағалау қажет. Міне, сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Жаңа жылдан басталатын саяси реформалар, жаңадан құрылатын Мәжіліс халық игілігіне бағытталған істердің өз деңгейінде жүргізілуі үшін және ел мүддесіне ғана арналған, – дейді Оңласын Қарабайұлы. Жаңа бастамалардан халық та тың нәтижелер күтеді. Өркениетті де әділетті мемлекет құру мұратындағы жұмыстардың нәтижесі уақыт еншісінде. Әзірге үміт үлкен, оның ақталарына сенеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА