Тазалық сақтамаған тұрғындар айыппұл арқалайды
Тазалық сақтамаған тұрғындар айыппұл арқалайды
Қала келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттарымен, жасыл желекті саябақтарымен өлшенбейді. Тотыдай таранған Тараздың келбеті оның тазалығына да байланысты. Соңғы жылдары шаһардың аумағы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі басты назарда. Осыған байланысты Тараз қаласы әкімдігінің бас инспекторлары мен учаскелік полицейлері шаһар тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Енді қала аумағында қоқыс тастаған, қоғамдық орындарды қиратқан азаматтар айыппұл арқалайды. Нақтырақ айтқанда, көшеге, көпшілік орындарға, әлеуметтік нысандарға қоқыс қалдығын тастауға және қоғам мүлкін сындырып, бүлдіруге тыйым салынады. Бүгін 3 аумақтық округтің учаскелік инспекторы түсіндіру жұмыстарын елемеген тұрғынға шара қолданып, құрылыс қалдығын, күл-қоқыстарды көшеге шығарып қойған Көшеней көшесіндегі 20 үй иесіне ескерту берді. Егер де тұрғын қоқысты көрсетілген мерзімде алмаса, оған хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Құрметті қала тұрғындары! Шаһар тазалығы әрқайсымыздың міндетіміз, сол себептен өздеріңізге тиесілі аумақты таза ұстауға шақырамыз!