Әдебиет

Тұлға шығармашылығының тағылымы

Тұлға шығармашылығының тағылымы

Тек өзіне ғана тән өшпес ерлігімен қазақ халқының абыройын асқақтатар ұлт батыры атанған, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар майдангер-жазушы Б.Момышұлы шығармашылығы қазақ халқының тарихында мәңгілік өшпес із қалдырды. Бауыржан Момышұлының бүкіл табиғатына, тұлғасына, болмысына, өмір жолдарына бір-ақ қана теңеу бар. Ол – Батыр. Қалған атақ-даңқтарының бәрі батырдың от бейнесінің жалын шашқан шоқтары.

Бауыржан Момышұлы шығармалары майдан шебінде жүріп, көзі көрген өмір тәрбиесінен алынған отты жүректің, ыстық қанмен жазылған туындылар. Осыған өзі айтып өткен мына сөздері толық дәлел. «Менің шығармаларым тұтастай және толығымен менің өз басымның естеліктеріне, ерекше делінген эпизодтар естеліктерінің жиынтығынан іріктеп, ерекшелеп алынған елеулі көріністерге негізделген. Оларда ойдан шығарылған оқиғалар да, ойдан жасалған адамдар да жоқ». Демек Бауыржанның шығармалары бастан кешкен, көзбен көрген оқиғаларға толы, әрі әлеуметтік қоғамдық мағынасы басым туындылар болмақ. Бауыржанның тұңғыш туындысы болған, қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі – «Ұшқан ұя». «Ұшқан ұя» повесі мемуарлық жанрдағы шығарма ретінде жазылғанмен, ол проза деңгейіне көтерілген ұлттық сипатта жазылған нағыз көркем туынды. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегін ұлттық салт-дәстүрімізді, көркем шығармаға мазмұндап берген этнографиялық еңбек деп айтуға толық негіз бар. Шығармадағы негізгі мәселе – адам, оның кемелдену жолдары болса, шығарма сюжеті осы адамдардың өзара әңгімелесуі, кеңесуі арқылы дамиды. Ұлттық тағылымның түп-төркінін шығарманың бас кейіпкері бала Бауыржанның іс-әрекеті, отбасындағы болмысы, өскен ортасына деген қарым-қатынасы арқылы байқаймыз. Шығармадағы әр жолдың айтар ойы айқын: адалдық, мейірімділік, жомарттық, ұстамдылық, намысшылдық, ел қамын ойлау… Шығарманың негізіне айналған осы қасиеттерді автор өз кейіпкерлері арқылы көрсетіп отырады. Автор «Ұшқан ұядағы» оқиғаның түп өзегін әже бейнесі арқылы өрбітеді. Туындының өн бойында әже образы тектіліктің, кемеңгерліктің діңгегі ретінде суреттелген. Отбасының ғана емес, ауылдың ақылшысына айналған әже бейнесін автор аса сүйіспеншілікпен бейнелеген. Әуезді әуенімен әлпештеп, әлдилеп айтқан бесік жыры да қаламгердің жүрегінде сақталған. Жазушы өз өмірінің темірқазығына айналған тәлім-тәрбиенің негізі ертегі мен көне әңгімелерден қалғанын жас ұрпаққа өнеге етеді. «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не аналары ертегі айта бермейді. Содан қорқамын». «Менің қазіргі келіндерім немерелеріне бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын», – деп қамығуында терең психологиялық астар бар. Қаламгердің майдан тақырыбында жазылған көркем туындысының ендігі бірі – «Қанмен жазылған кітап» шығармасы. Б.Момышұлының соғыс тақырыбындағы шығармашылығына бармас бұрын, оның соғыс туралы түсінігін, сондай-ақ «ет пен сүйектен жаралған» адамдар тағдыры туралы ұғымының мәнін ашып алуымыз қажет. Ал бұған тіреніш болар шығарма ол – «Қанмен жазылған кітап» болмақ. Онда айтылатын ой – соғыс, оның қасіреті, ондағы адам тағдыры, соғыста жеңіске жетудің айла-тәсілі, жауынгер мен командирдің жан дүние иірімдері мен адами қасиет-қабілеттері жайлы тебіреністері болмақ. Б.Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» туындысында, ержүрек батыл кейіпкерлер өмірде шын болатын табиғи қалпында құралған. Аты аңызға айналған ұлт батыры Бауыржанның шығармалары тереңге тартқан ерлік пен өнегеліктің сарқылмас қазынасы іспетті туындылар. Жалпы, соғыстан кейінгі қазақ әдебиетін Бауыржан Момышұлының шығармаларынсыз қарап, бағалау мүмкін емес. Бауыржан орысша жазса да, қазақша жазса да, ұлттық өрнектен айырылмаған қазақ жазушысы. Б.Момышұлы шығармаларының маңызы – оқиғаларды шыншылдықпен бейнелеуінде, борыш, ар-намыс, сенім, патриотизм сияқты моральдық-этикалық мәселелерді шешуге құралады. Сондай-ақ Б.Момышұлы – қанды майдан шебінде ерлігімен батыр атанған, ұшқыр ойларымен әдебиет майданында да қалам тартқан, өз жауынгерлігіне үлгілі басшы бола білумен бірге, «асыл сөзден маржан тере білген» аз сөзбен көп мағына беретін мақал-мәтелдерден де қалам тартқан терең ойлы, кең өрісті қаламгер. Қан майданда жауынгерлердің рухын көтеріп, ерлікке бастауда, өмірде өнегелік дәріс болардай, халықтық қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерінің орасан зор мән маңызы болғандығын өзінің жауынгерлік жолында анық түйген Б.Момышұлы, қазақ халқының бай ауыз әдебиеті үлгілерімен мақал-мәтелдерді жинап, жариялау да аса қажет нәрсе екенін айтқан. Б.Момышұлының мақал-мәтелдері өмір шындығының қорытындысы, ұрпаққа қалдырған өсиеті, өмір сүру ережесі секілді қымбат мұра. Ақыл-ой үлкен істерді, күрделі теориялық және практикалық мәселелерді шешуге өте қажет. Негізінен, мақал-мәтелдер сөйлеген адамның шешендігін, тапқырлығы мен ой ұшқырлығын байытады. Демек, ой екіге бөлінеді, біреуден естіген не көпшілікке әйгілі мағлұматтарды қайталау, екіншісі, ойдың ойланып-толғануына байланысты түрі. Мұны өнімді ой дейді. Бауыржанда өнімді ой. Ол мақал-мәтелдерді ойланып-толғанып, ойынан саралап шығарған. Бауыржанның отыздан аса мақал-мәтелдері бар.Бауыржан өз жанынан ойымен сараптап, өмірдің өзінен алынған, көптеген мақал-мәтелдер шығарып, оны керекті жерінде ұтымды пайдалана білген. Бұл мақал-мәтелдердің басым көпшілігі, Отан үшін басын бәйгеге тігіп, жауға қасқая қарсы тұрған ерлердің ерлігін мадақтап, шабыттандыруға арналған. Мәселен, Горюны түбінде жаудан жасқанбай жалғыз өзі қасқая қарсы тұрған танкистің батырлығына риза болып: «Айбындана шапқаннан ажал да сескенеді» деген, сондай-ақ «Өмірді сүйген – өлімнен қорықпақ емес», «Өлімнің көзіне жасқанбай тіке қарасаң, ол тайсалады» деген мақал-мәтелдері өмір барысында көрініс тауып, оны керекті жерінде ұтымды пайдалануының бірден-бір дәлелі. Бауыржанның мақал-мәтелдеріндегі көтерілген мәселелер отбасындағы тәрбие, намыс, парыз, ержүректілік пен қорқақтық, ерлік, тәртіп мәселелеріне, ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, әр қазақ халқы қауымының намысты қолдан бермейтін, парызды жүрегімен сезіне білетін, опасыздық пен қорқақтықты білмейтін өз еліне нағыз ержүрек, батыр ұл болуын тілейді.Сондай-ақ ол жастарды өз ұлтының мақтанышы, Отанын шексіз сүйетін патриот болуы керек екенін айтады. Оған Бауыржанның мына бір сөзі толық дәлел: «Отаныңды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер». Бауыржан Момышұлы мақал-мәтелдері қыналы ойдың құнды қазынасы, елдің елдігі, ердің ерлігі, сыналған сұрапыл жылдардан жеткен сол нақыл сөздер қазір де халыққа керек, келешекке қажет қасиетті дүниелер.Жалпы мақал-мәтел жазушының тілге деген ұқыптылығын, тіл тазалығына деген кірпияздылығын, суретті сөзге деген зергерлігін қалыптастырған. Бауыржан Момышұлының мақал-мәтелдері ерлік пен батырлыққа, ақыл мен парасаттылыққа, азаматтық пен адамгершілікке тәрбиелейтін, ұстаздық мектебі біз үшін бай мұра.  

Нұрсұлтан НҰРХОЖАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.