Жұлдызы жанған Жасұлан
Жұлдызы жанған Жасұлан
Жамбылға әлем чемпионы болып оралды
Жамбыл жұртшылығының үмітін арқалап кеткен ұл, міне енді алтын жүлдені олжалап, әлем чемпионы атанып оралды. Тау көтерген толағайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бастаған сала мамандары мен тараздықтар шаһардың шығыс қақпасының алдынан күтіп алды. Дүбірлі додада атой салып, елдің атын шығарған Жасұлан Қыдырбаевты қарсы алып, ыстық ықылас көрсетуге қарашаның қара суығы да, бірнеше күннен бері сіркіреп жауған күздің ақ жауыны да кедергі келтіре алған жоқ.
Чемпионмен жүздесіп, тілдесуге асыққан жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін «Оlymрic» спорт кешенінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Облыстық ауыр атлетика федерациясының вице-президенті және дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернаттың директоры Манарбек Ағайдаров көпшілікті Жасұланның спортқа қалай келгені туралы аз-кем хабардар етіп, өңірімізде спортшыларға қандай жағдай жасалып отырғанына тоқталды. Жамбылдық зілтеміршінің аяқ алысы, бұған дейінгі жеткен жетістіктері баршаға аян. Десе де, Манарбек Ержанұлы айтқандай, кеңестік кезеңнен кейін облысымызда ауыр атлетиканың қайтадан жандануы Жасұланның Таразға келуімен тікелей байланысты екенін көп адам біле бермейді. «Жеңімпаздың жетістігіне бәрінің ортақтасқысы келетіні түсінікті жайт. Бұған дейін ешкім «Жасұлан біздікі» деп талас жүргізе қоймап еді. Әлем чемпионы атанып, өзінің мықтылығын дәлелдегеннен кейін Қыдырбаевты Жамбылдыкі емес дейтіндер табылды. Сондағы Жасұланның бар «кінәсі» – Талғарда туып-өскендігінде. Бірақ, ол төрт-бес жылдан астам уақыттан бері Таразға келіп, бізде жаттығуда», -дейді Манарбек Ағайдаров. Бұл – Жасұлан Қыдырбаевтың Жамбыл жеріне келгелі қол жеткізген алғашқы табысы емес. Ол бұған дейін жастар арасында әлемдік додаларға қатысып, жүлдегер атанған болатын. Спорт мамандары қателеспеген екен, үміт артқан ұл сенімді ақтады. Әлемдік додада қазақтың жұлдызды салмағы саналатын 94 килограмда батпан темірдің «тілін» тауып, дүниежүзіне Илья Ильин секілді батырдың ізбасары бар екенін дәлелдеді. «Илья шынында да, ғажап адам. Әрдайым кез-келген жанға қолұшын созуға дайын тұрады. Мен әлем чемпионатына соның командасымен бірге жаттықтым. Илья ағалық ақыл-кеңесін, қандай тактикалық қадамдар жасау керектігін айтып, көмектесті. Чемпион атанған соң, ата-анама барып, жүлдемді көрсетіп қуантып қайттым. Аунап-қунап демалуға уақыт тар әрі алтын медальді Таразға жеткізгенше асықтым. Маған сенім артып, жаттығуыма, әлемдік аренаға шығуыма жағдай жасап отырған осы облыстың басшылары ғой», -деді әлем чемпионы ағынан жарылып.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».