Әлеумет

Сенаторлар аймақ ахуалымен танысты

Сенаторлар аймақ ахуалымен танысты

Облысымызға жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев келді. Өңірлерді аралау бағдарламасына сәйкес депутаттар әуелі Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаудан бастады.

М-1, М-3 магистральді жылу желілерінің жұмысымен танысқан депутаттар қазіргі қыс мезгіліндегі қауырт істің мән-жайына көз жеткізді. Айта кетейік, «ТаразТрансЭнерго» МКК-нің меншігіндегі М-1 магистральді жылу желісінің жылыту аумағы 430,4 шаршыметр болса, жалпы ұзындығы – 6,76 шақырым. Бұл жылу желісімен 131 көппәтерлі тұрғын үй, 8 мектеп, 6 балабақша және 88 әлеуметтік, өндірістік нысандар жылытылады. Тағы да осы «ТаразТрансЭнерго» МКК-ға қарайтын М-3 магистральді жылу желісінен 89 көппәтерлі тұрғын үйге, 3 мектеп пен 4 балабақшаға және 4 әлеуметтік, өндірістік нысандарға жылу беріледі. Жалпы, жылыту аумағы 267,0 мың шаршыметрді құрайды. Бұдан соң Сенат депутаттары Талас өзеніндегі көпірдің жағдайымен және өзен жағалауын нығайту жұмысымен танысты. Тараздан Алматыға шығатын аумақтағы Талас өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Өзеннің арнасын, жағалауын нығайту құрылысы биыл желтоқсанда аяқталуы керек. Тараз қаласындағы «Барысхан» тұрғын үй алқабына арнайы барған депутаттар ондағы жаңадан тұрғызылған 600 орындық мектепті көрді. Құрылысы 2021 жылы басталған оқу ғимараты үш қабатты, қазіргі уақытта жылу жүйесі, су құбыры, электр желілері іске қосылған. – Заман талабына сай салынған мектептің биыл пайдалануға берілетініне қуандық. «Барысхан» алқабында тұратын 8-18 жас аралығындағы 1032 баланың 828-і мектеп жасындағылар болғанының өзі мұнда білім мекемесінің қаншалықты қажет екенін аңғартады. Жаңа мектеп тұрғылықты халыққа жасалған үлкен қолдау деп білемін, – деді Абдалы Нұралиев. Қазіргі уақытта мектеп құрылысының 99 пайыз жұмысы аяқталған. Жеткіншектердің заманауи білім алуына қажеттінің бәрі қамтылып, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Сенат депутаттарының облысымыздағы екі күндік іссапары Жамбыл, Байзақ, Қордай аудандарында жалғасты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА