- Advertisement -

Жақсылық жылы болсын!

55

- Advertisement -

Уақыт – алып құбылыс, теңдессіз тылсым күш. Он сегіз мың ғаламда уақыттың құзырынан тыс ештеңе жоқ. Ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп жатыр. Тіршілік жалғасуда. Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, тағы бір жаңа жыл басталды.

Өткен жылдың еліміз үшін ауыр сынақпен басталғаны белгілі. Қаңтар оқиғасы тарихтағы тағдырлы кезеңнің бірі болып қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі ынтымақ пен бірлік туралы айтып келеді. Міне, халқымыздың сол бір игі қасиетінің нәтижесінде қиындықты ел болып еңсеріп, еліміз қайта дамудың даңғыл жолына түсті. Президенттің «Әділетті Қазақстан» ұстанымы қоғамда қызу қолдау тапты. Елімізде бірқатар саяси оқиғалар болды. Соның бірі – Президент сайлауы. Бұл науқан да елімізде әділдіктің, туралықтың, ақиқаттың салтанат құрғанын көрсетті.

Өткен жылдың Жамбыл өңірі үшін де табысты жыл болғаны анық. Аймақ әлеуметтік- экономикалық тұрғыда айтарлықтай дамып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен көптеген аудан, ауылдарда жол, ауыз су, көгілдір отын мәселелері шешімін тапты. Өңір руханиятында да айтарлықтай оқиғалар болды. Әулиеата өңірінде облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Жүз жылдық тарихы бар облыстық «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұдан өзге де рухани-мәдени іс-шаралар өңірде көптеп өткізілді. Бұл ретте осындай игі іс- шараларға облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Жергілікті биліктің қолдауымен «Aq jol» газетінің жүз жылдығына арналған «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық журналистер конкурсы ұйымдастырылып, Тараз қаласынан «Aq jol» газетінің құрметіне көше аты берілді. Бұл да биліктің газетке, журналистерге, оқырмандарға көрсеткен құрметі деп білеміз.

Құрметті оқырман!

Өткен күннің бәрі де тарих. Болашақтың өзі тарихқа айналатын сәттер келеді. Ал тасқа басылған, тарихқа айналған дүниелердің бәрі де ұрпақтарға ары қарай қызмет ете бермек. Жүз жылдан бері жақсылықтың жаршысы болып келе жатқан «Aq jol» газеті бұдан кейін де өздеріңізді жағымды жаңалықпен, ойлы дүниелермен қуанта беретін болады. «Aq jol» – сіздің де газетіңіз! Түрлі тақырыптарға байланысты толғамды ой-пікірлеріңіз болса, мінбер сіздікі, мәртебелі оқырман! Сүйіншілейтін, жарыса жазатын жаңалықтарымыз көп болғай! Еліміз тыныш, болашағымыз жарқын болсын! Жаңа жыл бәріміз үшін табысты, ырысты жыл болғай!

 

Хамит ЕСАМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support