Құқық

«Екі жылда бір рет қарсы аламын»

«Екі жылда бір рет қарсы аламын»

Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға жетелейтін айрықша мереке. Бұл күні барша адамзат баласы өткен жылды ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен, нық қадаммен аттағанды қалайды. Жалпы Жаңа жылды қарсы алудың қалыптасқан өз дәстүрлері бар. Әркім өз үйіне асығады, қосағының жанында, бала-шағасының ортасында болғысы келеді. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйлық дайындап, аста-төк дастарқан жаяды. Десе де, мұндай мүмкіндікке ие бола алмайтын кәсіп иелері де бар. Қалалық 1 пробация бөлімінің бастығы Қуаныш Қалық сондай мамандықтың иесі.

Қуаныш Ерболатұлы 2005 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етуде. Мектепті тәмамдаған соң, Жамбыл техникалық-гуманитарлық университетіне «Заңгер» мамандығына оқуға түседі. Кейінірек өңірдегі Ішкі істер министрлігінің алғашқы даярлық орталығында 3 ай білім алады. Алғашқы еңбек жолын өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/4 мекемесінде бақылаушылық бөлімінің бақылаушысы болып бастайды. Бүгінде «Әділет майоры» деген шені бар ол Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алатын кездердің жиі болатынын айтты. – Жаңа жыл отбасылық мереке саналады. Ең болмаса, түнгі сағат 12:00-де өз шаңырағында, жақындарының қасында болғысы келеді кім-кімнің де. Бірақ соған мүмкіндік бермейтін сәттер де кездеседі өмірде. Әсіресе құқық қорғау саласының қызметкері болғандықт ан, мұндай жағдайларға біз жиі тап келіп жатамыз. Шын мәнінде, бұл қызметті абыройлы атқару айтуға ғана оңай. Мұнда әркез қырағы отыруың шарт. Мереке екен деп, жұмысыңа немқұрайлы қарауға болмайды. Тіпті, ол мүмкін емес. Жаңа жылды жұмыс орнымда қарсы алған сәттерім көп. 31 желтоқсан күні үйде болмай, кезекшілікте тұратын кезіміз екі жылда бір рет кездесіп тұрады. Ондай сәттерде қоғамдық тыныштықты бақылауымызда ұстап, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын аламыз. Пробация қызметінің міндеті – есепте тұрған азаматтардың қайта қылмыс жасамауын қадағалау, олармен түсіндірме жұмыст арын жүргізу. Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, күшейтілген режимде қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға тартылғандарды тұрғылықты жері бойынша тексеру жұмыстарын атқарамыз. Олардың ата-анасымен, туған-туыстарымен кездесіп, тәртіп бұзбауын назарға аламыз. Биылғы қоян жылы біздің отбасымыз үшін ерекше болғалы тұр. Себебі қазір алдын ала біліп отырмын, үйде болады екенмін. Бұйыртса, осы жылды отбасымыз төрт көзіміз түгел қарсы алмақпыз, – дейді ол. Айта кетейік, Қуаныштың жары Шолпан Бекжанқызы да жүрек қалауымен шен тағып, шекпен киген жан. Екі жыл бұрын отау көтерген жас жұбайлар қиындығы мол жұмыс барысында табысқан. Жаңа жылда отағасының үйде болмайтыны қынжылтатынын айтқан келіншегі бұған түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Офицерлер отбасы келер жылы сәбилі болуды армандап жүргенін де жасырмады.  

Есен ӨТЕУЛІ