- Advertisement -

Ең бастысы – адамның амандығы

79

- Advertisement -

Қыс мезгілі келіп жеткенде, оның ішінде Жаңа жылдың мерекелік кештерінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық- құтқару қызметі жеке құрамының жұмысы одан әрі қауырт бола түсетіні белгілі. Әр күн сайын көз ілместен өрт сөндіруші-құтқарушылар азаматтарға көмек қолын созып, кез келген уақытта қатермен бетпе-бет келуге қашанда дайын тұрады. Осындай ерен еңбек иесінің бірі – Тараз қаласындағы 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асқар Базарбаев десек, қателеспейміз. Қызмет барысында «тілсіз жау» қауіп төндірген сәттерде жылдам әрекет еткен ерліктері үшін бірнеше марапатқа ие болған ол мереке күндері де әріптестерімен бірге жауапты кезекшілікке жиі түседі.

Өрт сөндіруші-құтқарушылар үшін әр сәт бағалы. Әсіресе 31 желтоқсан күні Жаңа жылды күтетін жұрт түрлі отшашуларды көптеп пайдаланатын болғандықтан, олар бұл күндерге үлкен дайындықпен келеді.

– Айтып келмейтін апаттың қай кезде қауіп төндіретінін біле алмайсың. Әрине, кез келген қатердің алдын алған әлдеқайда ұтымды. Әйткенмен Жаңа жыл мерекесінде ел отшашуды көптеп ататындықтан, біз бұл түні кез келген жағдайға сақадай-сай тұрамыз. Әлі есімде, 27 желтоқсанда сағат 01:24-те Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының телефонына Тараз қаласындағы тұрғын үй пәтерінен өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына №1 және №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдарын алып, кезекшілік өрт сөндіру қызметімен жедел жеттік. Жалпы аталған өрт оқиғасына 4 техника мен жеке құрамның 17 адамы жұмылдырылды. Шақырту орнына жедел жеткен өрт сөндірушілердің көз ілеспес жылдамдықпен әрекет еткен қимылы мен кәсіби шеберлігінің арқасында «қызыл жалынды» 20 минут ішінде ауыздықтап, көпқабатты үйден 32 адамды қауіпсіз орынға көшірдік. Олардың алтауы бала болатын. Шүкір, ешқандай қаза тапқандар болған жоқ. Біз үшін үлкен жеңіс – адам өлімінің орын алмауы. Мұндай аласапыран шақта барынша шапшаң қимылдап, басқалардың өмірін құтқарумен қатар, өз қауіпсіздігімізді де қамтамасыз етуге күш саламыз, – дейді Асқар Базарбаев.

А.Базарбаевтың айтуынша, өрт сөндіруші- құтқарушылар қызметтік ауысымға бір тәулікке кезекшілікке тұрады. Таңертеңгі сағат 08:30-дан ертесі күнгі сағат 09:30-ға дейін кезекшілікте болады екен. Егер кезекшіліктегі құрамға қосымша көмек қажет болса, басқа әріптестерді үйінен шақыртады. Ал Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында қауіптің алдын алу шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ел-жұртқа отшашуларды дұрыс пайдалануды, балаларды қараусыз қалдырмауды және үйде газ, электр энергиясын қолданып, от жаққанда өте мұқият болуды ескертеді. Хабарландыруларды көптеп жариялап, таратады. Дегенмен көп ішінде тосын жайттар кездеспей қоймайды. Сондықтан олар ел амандығы үшін уақыт талғамай, құтқару қызметінде тосын жағдайларға сақадай-сай тұрады.

– Әрине, өрт сөндіруші-құтқарушылар да басқалар сияқты мерекелерді отбасымен бірге алаңсыз атап өткісі келеді. Әйткенмен біз үшін ең бастысы – елдің амандығы. Сондықтан ата-ана, бауырларымызды, балаларымызды, жақын туыстарымызды алдын ала құттықтап, қызметімізге ертерек дайындаламыз. Ал 31 желтоқсанда Жаңа жылды қарсы алатын сәтте телефон арқылы тікелей байланысқа шығып, ақ тілектерімізді айтамыз. Егер, әрине, «қызыл жалынмен» арпалысатын жағдай туындамаса ғана. Сақтықта – қорлық жоқ. Сондықтан тұрғындар тек мереке күндері ғана емес, кез келген уақытта барынша сақ болса дейміз. Жаңа жыл елімізге құт-берекелі, табысты жыл болсын деп тілеймін. Елімізде, әрбір шаңырақта ешқандай төтенше жағдайлар туындамасын, – дейді №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы А.Базарбаев.

Біз де Жаңа жылдың табалдырығын аттайтын сәтте халықтың қауіпсіздігі үшін күндіз-түні сапта тұратын, соның ішінде мереке күндері кезекшілікке түсетін өрт сөндіруші-құтқарушыларға төтенше жағдайсыз, жазатайым оқиғасыз мерекелік көңіл-күй тілейміз.

 

 Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support