Денсаулық

Қоян жылы елімізде қандай өзгерістер болады?

Қоян жылы елімізде қандай өзгерістер болады?

Міне, тағы бір жылды артқа тастап, 2023 жылға аяқ бастық. Жаңа жыл қазақстандықтар үшін жаңашылдықтарға толы болмақ. Сонымен келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр? Солардың ең негізгілеріне тоқталғанды жөн көрдік.

Зейнетақы мөлшері артады

Елімізде ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы 2023 жылдан бастап 40567 теңгені құрайды. Бұған қоса базалық зейнетақы мөлшерін біртіндеп ЕКД көлемінен 70 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Мәселен, бірінші кезеңде 2023 жылдан бастап күнкөріс деңгейінің 60 пайызын құрайтын болады, яғни 24341 теңге болуға тиіс. Ең төменгі зейнетақы көлемі (1998 жылға дейін толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар үшін ортақ зейнетақы төлемі) жоспарланғандай, келесі жылдан бастап 53076 теңгені құрайды, бұл сома былтырғы жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға артық. Сол сияқты жас бойынша бекітілген зейнетақы төлемдері мен сол жасқа жету бойынша төленетін төлем 10,5 пайызға артады.

 АЕК көлемі ұлғайып, ең төменгі жалақы өзгереді

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3450 теңгені құрайды. Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап АЕК-нің екі мөлшері қолданылып жүр. Алғашқысы – жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді (3180 теңге) төлеуге пайдаланса, екіншісі – айыппұлдар мен салық және басқа да төлемдер үшін қолданылады (3063 теңге). Ал жаңа жылдан бастап сәуірде енгізілген көрсеткішке қарағанда 8,5 пайызға артық болатын бірыңғай сома қолданысқа енгізілетін болады. Осылайша 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл мен салық және тағы басқа төлемдер мөлшері ұлғаятын болады. 1 желтоқсанда Президент республикалық бюджет туралы заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері – 70000 теңге болады.

 Сала мамандарының жалақысы өседі

Өрт сөндірушілердің жалақысы 10-нан 70 пайызға дейін өседі. Бір жылдан бес жылға дейін жұмыс істейтін қызметкерлерге айына 180 мың теңге. Одан кейін 5 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істегендердің жалақысы өседі. Еңбек өтіліне байланысты жалақы да өседі. 15 жыл және одан да көп жұмыс істегендер үшін жалақы 300 мың теңгеден жоғары болмақ. 1 қаңтардан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Бұл бірінші кезекте балабақша тәрбиешілеріне, мектеп және колледж педагогтеріне, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесінің мамандарына қатысты. Жыл сайынғы дәрігерлердің жалақысын арттыруды ескере отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған, бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары. Сонымен қатар жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің жалақысы өседі.

 Бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жылға дейін ұзарады

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ата-аналар балаларымен ұзағырақ уақыт өткізуге мүмкіндік алады. Еңбек министрлігі атап өткендей, бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайту жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға қолданылатын болады. Бұл қадамды іске асыру шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс істемейтін аналар үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруға қосымша қажеттілік бойынша есептеулер дайындады. Аталған мақсатқа республикалық бюджетте қосымша 183,5 миллиард теңге қарастырылды.

 Мектептер бес күндік жұмыс форматына көшеді

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің республикалық тамыз конференциясында айтқан. «Келесі жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Біз осыған қатысты шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына, оның орынбасарларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерге қатысты. Мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларының қасында болуы керек деп есептейміз. Бұл оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады», – деген еді Асхат Аймағамбетов.

 Еліміз кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беруге көшеді

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтқан болатын. «Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең- кезеңімен көшу көзделіп отыр. Ол үшін біз өте ауқымды жұмыс атқаруымыз керек», – деген еді А.Аймағамбетов. Осыған орай мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары да жаңартылады.

 Шенеуніктердің мобильді аударымдары тексеріле бастады

2023 жылы банктер салық органдарына тек шенеуніктердің ақша аударымдары туралы ғана ақпарат бере бастайды. Еске сала кетейік, 2022 жылдың 15 сәуірінде кезең-кезеңімен жүзеге асатын, салық органы кәсіпкерлік қызметтен табыс алатын адамдар туралы ақпарат сұрап, тексеретін заң күшіне енді. Мәліметтерді беру 2023 жылы басталады және тек қана мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай- ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты. Мәліметтер үш ай қатарынан әртүрлі адамдардан айына 100-ден астам аударым алса ғана беріледі.

 4 күндік жұмыс аптасы енгізілуі мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республиканың кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулер әзірледі. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қабылданған жағдайда нормативтік-құқықтық актілерді сәйкес келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, Еңбек кодексінде тұжырымдамалық аппаратқа «бірлескен еңбек» термині енгізілген. Ал бірлескен еңбек деген – бұл бір жұмыс берушімен бір еңбек функциясын бірлесіп орындау мақсатында бірнеше қызметкердің жұмыс уақытында жұмыскерлердің жұмыс берушінің актілері және еңбек шарты еңбек міндеттерін орындайды. Түзетулер жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде үстеме жұмыстың жалпы ұзақтығы төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында айына 12 сағаттан және жылына 120 сағаттан аспауы керектігі көзделген.

 Темекі өнімдері қымбаттайды

Қаржы министрлігі темекі өнімдерінің құнын өсіру жоспарын өзгертті. 2023 жылдан бастап акциз мөлшерлемелері кезең-кезеңімен өседі. Мөлшерлемелер 2023, 2024 және 2025 жылдарға бекітілген. Фильтрі бар темекі: 2023 жылы – 1000 данаға 14100 теңге, 2024 жылы – 1000 данаға 15900 теңге, 2025 жылы –1000 данаға 15900 теңге.  

 Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.