Жылдың басты жаңалығы мен саяси реформалар
Жылдың басты жаңалығы мен саяси реформалар
Қаңтар оқиғасы Үкіметтің ауысуы
2022 жыл ел тарихында ерекше орын алатын маңызды оқиғаларға толы болды. Өкінішке қарай, жыл басы – қаңтар айы халықтың жадында «қасіретті қаңтар» болып жазылды. Сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты Қазақстанда 2 қаңтарда басталған наразылық шаралары тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды. Алғашында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, заңсыздықты болдырмауды сұрады. Бірнеше күнге созылған тәртіпсіздіктер елімізге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді дамудың жаңа кезеңіне шығаратын бастамаларын жария етіп, «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырды. 5 қаңтар күні таңертең Президент Тоқаев Үкіметтің отставкасын қабылдады. Ал 11 қаңтарда Әлихан Смайылов Премьер-министр болып бекітілді. Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын жариялады.
«Аmanat» атанған «Nur Otan»
1 наурызда билік партиясы «Nur Otan» атауын «Аmanat» деп өзгертті. Мұндай ұсынысты мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасаған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдады. «Нұр Отан» бастапқыда 1999 жылы «Отан» деген атпен құрылған. 2006 жылы желтоқсанда «Нұр Отан» болып өзгертілген еді.
Президент халыққа Жолдау жасады
16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жариялады. Осы орайда Президент елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын таныстырды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға тыйым салынды. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды.
Облыс әкімі ауысты
Биыл көктемде облыс әкімі ауысты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі Жарлығымен Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов облыс әкімі лауазымына тағайындалды. Президент сайлауынан кейін Мемлекет басшысының 2 желтоқсандағы Жарлығымен Нұржан Нұржігітов облыс әкімі болып қайта тағайындалды.
Қазақстанда жаңа үш облыс құрылды
Мемлекет басшысының биылғы басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Жалпы ел экономикасының қарқынды дамуы үшін барлық аймақ бірдей дамуы тиіс. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жаңа облыс құруды ұсынды. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс, атап айтқанда, Семей өңірінде – Абай облысын, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысын, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысын құруды ұсынды. 4 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықта Алматы облысының орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына (Қапшағай) көшіру, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру қажеттігі жазылған. Жарлық 8 маусымнан бастап күшіне енді. Сөйтіп елдегі әкімшілік орталықтар саны көбейді.
Ұлттық құрылтай құрылды
Осыдан соң Президент жанындағы Ұлттық құрылтай құрылды. Құрылтай – дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын қайта жалғады. Енді ел болашағына қатысты маңызды мәселелер дәл осы кеңесте көтеріліп, талқыланады. Мәселен, тұңғыш құрылтай шешімімен 25 қазан қайтадан Республика күні болып бекітілді.
Референдум: Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістер
Биыл ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді. Сонымен референдум нәтижесінде Конституциямызға енген негізгі өзгерістер мыналар: Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынды. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Императивтік мандат депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша кері шақыртып алуға мүмкіндік береді. Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілісте ҚХА депутаттары болмайды.
Президенттің жыл ішіндегі екінші Жолдауы
2022 жылдың қыркүйегі Қазақстанда көптеген маңызды оқиғаларды қамтыды. Күз бастала салысымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа тағы да Жолдау жасады. 1 қыркүйекте Парламент депутаттарының алдында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жариялаған Президент: «Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мен биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстан құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», деп мәлімдеді. Жолдауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарашада кезектен тыс Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс сайлауы өтетінін мәлімдеді. Жолдауда Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасалатынын, кәмелетке толмаған азаматтарға арнайы есепшот ашылып, ақша салынатынын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласы Астана болды
Мәжіліс депутаттары арасында құрылған «Жаңа Қазақстан» тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, Нұр- Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынды. 16 қыркүйекте парламенттің бірлескен отырысында Астана атауын қайтару мақұлданды. 17 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атауын қайтару туралы түзетуге қол қойды.
Республика күні қайта оралды
29 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтару және тұңғыш президент күнін мейрам санатынан алу туралы заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Қазақстанда тұңғыш президент күні 2011 жылдан бері атап өтіліп келген. Ал 1990 жылғы 25 қазанда егемендік декларациясы жарияланған күн елде 2009 жылға дейін «Республика күні» ретінде аталып келген. Кейін бұл мереке күнтізбеден алынған болатын.
Мемлекет басшысы 6 заңға жария түрде қол қойды
5 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастайды. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді.
Кезектен тыс Президент сайлауы өтті
20 қарашада елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сайлауға түрлі саяси ұйымдар мен бірлестіктер атынан 6 үміткер қатысты. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі – сайлауға тұңғыш рет әйел кандидаттардың қатысқаны болса, басты ерекшелігі – Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, оның қайта сайлануына тыйым салынуы еді. Сайлауда жалпы 11 953 465 қазақстандық дауыс берді. Онда халықтық коалиция атынан кандидат болған Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен жеңіп, сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын иеленді. Сөйтіп ел тарихында алғаш рет қайта сайлау құқығынсыз жеті жылға Президент болды. 26 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант берді. Салтанатты рәсім кезінде сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі ортақ мақсат «Заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін әділетті Қазақстанды құру» деді. Шындығында да, тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2022 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Әділетті Қазақстан құру жолында қаншама батыл қадамдар жасалды. Сарапшылар да Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басқанын айтады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған кешенді реформалар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ал ендеше, ендігі белестер келер жылдың еншісінде!
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.