- Advertisement -

Тағдыры бөлек тұғырлы тұлға

202

- Advertisement -

Ел перзентіне айналып, қарымды қабілетін биік мақсатқа арнаған сирек таланттардың бірі – жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы еді. Әдебиеттің жүгін қара нардай көтерген қаламгер көзі тірі болғанда биылғы желтоқсан айында 75 жасқа толатын еді. Қалам қайраткері Несағаңды іздейтіндер көп, Алатаудай тұлғаның орны қашанда биік. Соңында ғажайып мұралары, әдебиетке олжа салған шығармалары қалған жазушыға оқырман қауымның да құрметі бөлек.

Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде Несіпбек Дәутайұлына арналған әдеби бұрыш ашылды. Мұнда жазушының өмірбаяны, атқарған қызметі, белгілі тұлғалармен түскен және балалық шақтарындағы суреттері, құнды заттары қамтылған. Жазушыға арналған бұрыштың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, қаламгердің еңбегіне тоқталды. Аталған ашылу рәсімінде лента қию құрметіне Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Сейілхан, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ақындар Баймаханбет Ахмет, Үміт Битенова және Жанатбек Тұрғымбаев ие болды.

Мұнан соң өңірдегі жиналған зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен аталған музейде жазушы Несіпбек Дәутайұлының 75 жылдығына орай конференция өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп ашты: «Жазушы, жерлесіміз Несіпбек Дәутайұлы қазақ әдебиетіне олжа салған биік тұлға. Қаламгер көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толып, осы сәтте мерейтойын тойлап жататын едік. Талантты жазушы ағамыз бақиға кеткенімен, артында өшпейтін мұралары, құнды шығармалары қалды. Жазған еңбектері оқырмандармен бірге жасай береді. Біз болашақта Несағаға арналған бұрышты үлкейтіп, кітаптарын және өзге де құнды заттарын қойып, лайықты құрметтеуді ойластырып отырмыз», деді Еркін Құлымбайұлы. Одан әрі қарай конференция жұмысын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман жүргізіп отырды.

«Көңілімізде қалған Несағаның жазушылығынан бөлек, кісілік келбеті, жастарға жасаған қамқорлығы көп болды. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Қордайдың қоңыр құлжасы» атанған жазушы жайлы заңғар тұлғалар Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза жақсы пікірлер айтса, Мархабат Байғұт «Қараүзген қаламгер», Жүсіпбек Қорғасбек «Айғыркісіден» Адамкісіге дейін» атты үлкен мақалалар жазды. Несіпбек аға кітаптар әлемінде өмір сүрді. Кабинетіне бара қалсақ, алдында әлем әдебиетінің інжу-маржандары жататын.

«Өзіңнен озған адамға қол соғу – ізгі қасиет» дейтін. Жас әдебиетшілерге қамқорлығы ерекше болатын», деп сөз салмақтаған ол өзге кісілерге де кезегімен сөз берді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы Несағаңмен ҚазМУ-ді жағалап білім алып жүрген кезінде танысқанын, содан ұзақ жылғы достықтары басталғанын, Қабдеш Жұмаділов «Бізден кейін қазақ прозасы өлді ме деп жүргенімде Несіпбек Дәутайұлын оқып қуандым», дегенін атап өтті.

Кейіннен Несіпбек Дәутайұлының кітаптарын терең зерделеп оқып, «Аңызбен өрілген ақиқат» атты рецензия жазғанын айтты. Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Сейілхан тарихта биік орны бар Аңырақай шайқасының 250 жылдығы қарсаңында Қордай, Шу жеріне іссапарға барғанын, Қордайдағы Несіпбек Дәутайұлынан бір сағаттық сұхбат алғанын, сол сұхбат аясында деректі фильм әзірлегенін айтты. Ол деректі фильм кейіннен бірнеше байқаудың жеңімпазы атаныпты. Ол жерде Несаға Аңырақай шайқасының біздің өңірге қатысты тарихын тайға таңба басқандай анық айтып берген екен.

Артынша сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев Қордай, Шу жеріне келіп, тарихи орындарды аралап, нәтижесінде Аңырақай шайқасының 250 жылдығы аталып өткен. Асқарбек Сейілхан Таразда Асанәлі Әшімов орталығы ашылса, соның ішінде жастар театры жұмыс істесе деген ұсынысын айтты. Ақын Баймаханбет Ахмет аңызға айналған жазушы шығармашылығындағы ерекшеліктерге және өзіне деген ілтипатына тоқталса, ақын Үміт Битенова да Несағаның ізгі қасиеттері жайлы толғана ой бөлісті.

Белгілі журналист, Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали «Жазушының осы кезге дейін өзі жұмыс істеген бөлмесі «Несіпбек Дәутайұлы атындағы шығармашылық зертханаға» айналса, Жазушылар одағының облыстық филиалы сол жерге орналасып, қаламгерлердің жиындары сол жерде өтсе, жас қаламгерлер бас қосатын жері болса, жастар театры ашылса», деген ұсынысын айтты.

Жиынды Хамит Ерболатұлы қорытындылап, жазушы Несіпбек Дәутайұлының есімі халықпен бірге жасай беретінін, ол кісіні еске алу шаралары жалғасын таба беретінін атап айтты.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support