- Advertisement -

Қаламгерлерге қолдау көрсетіледі

39

- Advertisement -

Батырлардың ізі, ақындардың сөзі қалған Жамбыл жерінде қазақ әдебиетінің қазынасын молайтуға өзіндік шығармашылық өрнегімен үлес қосып жүрген қаламгерлер жетерлік. Мереке қарсаңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңір қаламгерлерімен кездесті. Мазмұнды басқосу барысында облыс басшысы жергілікті ақын, жазушылардың ұсыныстарын тыңдады.

Кездесуді  сөз сөйлеп ашып берген аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы әуелі өңірдің әлеуметтік- экономикалық өміріндегі жағымды жаңалықтарды атап өтті. Ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуға бағытталған жарқын жобалардан бастап, оларға берілетін жеңілдіктерді жіліктеп айтып, сан салаға жеке-жеке тоқталды. Сөз барысында өңір басшысы аймақтағы мәдени, рухани тыныс-тіршілікке де айрықша қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді.

Өз сөзінде әкім алдағы жылы шалғай елді мекендердің басым көпшілігінде мәдениет нысандары бой көтеретінін де айтты. Кездесуде белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның «Шах Махмұт» атты драмасын жазғанын, ол шығарма бүгінде біз «Әулиеата» деп атап жүрген Шах Махмұт Қарахан екенін айта келе, осындай салмақты дүниенің өскелең ұрпаққа жетуі үшін театрлық қойылымға сұранып тұрғанын жеткізді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға аталған туындыны театр репертуарына енгізуді тапсырды. Ал белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы биылғы «Балалар жылы» қарсаңында көзі тірі немесе дүниеден өтіп кеткен жергілікті ақын- жазушылардың балаларға арнап жазған әңгімелерін, повестерін, ертегілерін, өлең кітаптарын жарыққа шығаруды ойластырып жүргенін, соған қолдау қажеттілігін атап өтті. Бұл ретте Нұржан Молдиярұлы мұндай рухани бастамаға қолдау көрсететінін жеткізді.

Ақын Шырын Мамасерікова өңірде Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Шерхан Мұртаза сияқты тұлғалардың мерейтойы лайықты деңгейде аталып өткенін жеткізіп, қаламгерлермен жүздесіп, ұсыныстарын тыңдаған облыс басшысына алғысын айтты. Ал Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман биылғы жылы жергілікті қаламгерлердің жетістіктерін саралай келе, ұсыныстарымен де бөлісті.

Сондай-ақ қолдау қажеттілігі бар бірқатар мәселелерді де ортаға салды. Сонымен қатар Көсемәлі Сәттібайұлы, Үміт Битенованың «Құрмет» орденінің иегері атанғанын, Айша Көпжасарованың «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағын алғанын және Табиғат Абаилдаевтың Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай облыс әкімдігі ұйымдастырған республикалық ақындар мүшәйрасында бірінші орын иеленгенін жеткізді.

Басқосу барысында балалар әдебиетінің классигі атанған, Кеңес одағы кезінде де, еліміз егемендік алған кезде де «Балалар жазушыларының антологиясына» енген КСРО Жазушылар одағының мүшесі Совет Әлімқұловтың келесі жылы болатын 85 жылдығына орай бүлдіршіндерге арналған кітабын шығару мәселесі де айтылды. Жалпы, жүздесуде жергілікті қаламгерлер қауымы айтқан барлық ұсыныстар облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Нұржан Молдиярұлы жергілікті ақын-жазушылардың кітабын шығаруға да тікелей қолдау білдіретінін жеткізіп, аталған мәселе бойынша жауапты азаматтарға нақты тапсырма жүктеді. Сол секілді қаламақы мәселесі де оң шешілетінін жеткізді. Жиын соңында облыс әкімі Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің шығармашылығына толағай табыстар тілеп, сый-сияпат жасады.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support