Жаңғыру жемісі – Жолдаудың жеңісі
Жаңғыру жемісі – Жолдаудың жеңісі
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облысымызда болып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты
Кеше Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қарсы алды. Үкімет басшысының орынбасары алдымен 2000 жылдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны саналатын ежелгі Тараз шаһарының орнына атбасын бұрды. Онда жүргізіліп жатқан қазба жұмысының барысымен танысты. «Қазархеология» ЖШС-ның директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жұман Смайылов Тараз қаласы мен Шахристан аумағында атқарылған археологиялық- зерттеу жұмыстары төңірегінде баяндады. Мәселен, ағымдағы жылдың маусым-қараша айлары аралығында көне сарай, яғни, медресе ғимаратын, көне қаланың орталық тас төселген даңғыл жолын, магистралды қыштан жасалған су құбыры мен арығын тауып, топырақтан аршыды. Ол осы жаңалықтарын тілге тиек етіп, қонақтарға құнды жәдігерлерден – күміс, мыс теңгелерді, алтын жалатылған және күміс, қола, сонымен қатар, тастан, сүйектен, қыштан жасалған бұйымдарды көрсетті. Талас аталған кезде бұл шаһарда кезінде бой көтерген мемлекеттік құрылымдар, олардың Қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ, мәдениеті дамыған қаланың байырғы тарихын айғақтайтан археологиялық зерттеу жұмысының нақтылы нәтижесін алдыға тартты.
Премьер-Министрдің орынбасарына облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы археологиялық-қазба жұмыстарына өткен жылы 130 миллион теңге бөлініп, осы тарихи қаладан 33 мың қыш құмыра табылғанын, биыл осы мақсатқа облыс бюджетінен 100 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Содан кейін облыс басшысы «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы құрылысының жобасымен таныстырып өтті.
– Президенттің халыққа арнаған Жолдауында «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруға 40 миллиард теңге бөлу тапсырылғаны белгілі. Осы бағытта біздің облысымызда да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Себебі, Жамбыл – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысатын бес облыстың бірі болғандықтан, бұл маңызды мәселеге баса назар аударудамыз. Жалпы аумағы 20 гектар болатын аталған орталықта құны 7 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмысы 2015 жылдың соңында аяқталады. Бұл игілікті іс шетелдік туристердің қызығушылығын туғызып, облысымызға қыруар қаржы түсіруге септігін тигізері сөзсіз, – деді.
* * *
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірімізге жұмыс сапары аясында Тараз қаласындағы кардиохирургиялық «Жүрек» емханасында болып, аурухананың хирургиялық және жансақтау бөлімдері жұмысымен, олардың заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы деңгейімен танысты. Оташылар біліктілігінің жетілдірілуі, шетелдермен білікті мамандар алмасылуы жайына да назар аударды. Бұл ретте «Жүрек» кардиохирургиялық емханасы» ЖШС-ның директоры Абдуталып Аширов маман дәрігерлердің Польша, Германия секілді шет мемлекеттерде біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өткендігін, қажет болған жағдайда шет мемлекеттер оташыларын да шақыратындықтарын, мұнда хирургиялық отаның барлық түрі жасалатындығын жеткізді. Былтыр ғана пайдалануға берілсе де, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін осынау орталықта бүгінде қаланың ғана емес, облыстың шалғай елді мекендерінің тұрғындары да қажетінше ем алуда екен. Мұнда көрсетілетін көмектер қызметі тізбесіне отаның ғана емес, манипуляция мен зерттеулердің де көптеген түрі кіреді. Биылғы жылдың 10 айы ішінде облыстағы кардиохирургиялық екі орталық пен бір бөлімшеде жүрекке барлығы 1127 ота жасалыпты. Оның 400 - і осы «Жүректің» еншісіне тиіп отыр. Бердібек Машбекұлы бұдан соң палаталарға да бас сұғып, ондағы науқастардың жағдайымен танысты. Мұнда коронарлық белгілері бар сырқаттар шалғайдағы Қордай ауданынан да келіп емделуде. Олар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалыпты. Премьер-Министрдің орынбасары жалпы жағдаймен таныса келе «Жанына дауа іздеп келген сырқат жандар үшін бұдан артық қандай жағдай болсын, бәрі де тамаша» деп, өңірде тек мемлекеттік денсаулық сақтау саласын ғана емес, жеке меншік медициналық мекемелерді де дамытудың маңыздылығын атап өтті.
* * * Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың іссапары спорт нысандарында жалғасын тапты. Алдымен Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарға ат басын бұрған ол талай тұлпардың тұяғының дүбірі қалған аймақтағы бүгінгі таңда пайдаланусыз тұрған ғимараттарға көзі түсті. Кезінде мейрамхана ретінде жұмыс жасаған ғимараттардың алдағы уақытта ортақ мүддеге орай жұмыс атқаруы керектігін атап өтті. Игі мақсат жолында жұмыстар жасау қажеттігіне де тоқталды. Бұдан кейін еліміздегі озық үлгіде салынған санаулы спорт кешендерінің бірі – «Тараз-Аренаға» соқты. Алдымен кешен алдындағы Балуан Шолақ бабаның ескерткішін барлады. Осы тұста сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Ескерткіштің ұзындығы 5,5 метрді құраса, төменгі қабаты да сол ұзындықтың өлшеміне пара-пар. Ескерткіш озық үлгідегі материалдармен салынды» деді. Вице-премьер өз кезегінде ескерткіштің бой көтеруі өткенге құрмет, ертеңге үлгі екенін атап өтті. Мұнан соң кешеннің ішіне енген Бердібек Сапарбаев ондағы «Еуразия барысы» жобасы аясында атқарылып жатқан дайындық жұмыстарын шолып өтіп, жаттығу залдарын аралады. Зілтемірші Жасұлан Қыдырбаев секілді талай саңлақ спортшылар жаттыққан залға бас сұққан вице-премьер: «Тараз – тарихи өлке. Мұнда чемпиондар жаттығуы керек» деп өз ойымен бөлісті. «Еуразия барысына» қызыға қараған ол: «Шығыста жүрген кезімде «Шығыс барысын» өткізем деп ойлап едім. Сіздер «Еуразия барысын» өткізіп жатырсыздар. Сол секілді шығыс өңірінде де Қытай, Жапония секілді елдердің қатысуымен «Шығыс барысы» секілді жобаны қолға алуға болады» деп өз ойын сабақтай берген кезде жаттығу залына қазақтың қос барысы Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов және 2012 жылғы «Қазақстан барысы» жобасының күміс жүлдегері Шалқар Жоламанов та келіп жетті. Қос балуанға вице-премьер сәттілік тіледі. Соңыра әлемдік стандарттарға сай салынған жүзу бассейні залын көріп, аталмыш залға ризашылығын білдірді. Бердібек Сапарбаев соңынан орталық стадионда болып, он бес мыңға жуық адам қабылдай алатын қаламыздың бас алаңының жай-күйімен танысты.
* * *
Осы күні кешкісін облыс әкімдігінің мәжіліс залында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен түсіндіруге арналған актив жиыны өтті. Сонымен қатар басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, департаменттер мен басқармалардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық ақпараттық-насихаттық топтардың өкілдері қатысты. Актив жиынын ашып, жүргізген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевты жаңа қызметімен құттықтап, осы лауазымдағы алғашқы сапарын Әулиеата өңірінен бастап отырғандығына алғысын білдірді. Кәрім Нәсбекұлы жақында ғана Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында актив жиыны өткенін, күні кеше «Нұрлы жол» ақпараттық керуендері мен арнайы пойыздардың шалғай аймақтарды аралап қайтқандығынан хабардар ете келе алғашқы сөзді Бердібек Мәшбекұлына берді. -Тамыры терең, өркениеттің бесігі саналатын қасиетті Әулиеата өңірінен іссапарымызды бастап жатырмыз. Әрине, Тараздың орны бөлек. Тараз – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Осы жерде келесі жылы 550 жылдығы тойланатын Қазақ хандығы орнады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облысқа атбасын бұрдық. Күні бойы бірқатар нысандарды аралап қайттық. Шаһарда ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Таразға келмегеніме 7-8 жылға жуықтап еді. Қала көп өзгерген. Осының барлығы облыс экономикасының дамығанын, халықтың әл-ауқатының жақсарғандығын көрсетеді, – деді Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде. Бердібек Мәшбекұлы Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының мәні мен маңызы, жыл құжатының басым бағыттары туралы да кеңінен әңгімеледі. – Қазіргі таңдағы дүниежүзіндегі саяси экономикалық жағдайды жақсы білесіздер. Осының бәрін, талдай, ескере келе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын ертерек жариялады. Өйткені әлем елдерінде қазір болып жатқан және ертең орын алуы мүмкін экономикалық дағдарыстар Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да біз алдын ала тиісті шараларды жүзеге асыруымыз керек. Ең негізгісі экономиканың даму қарқынын төмендетпей, халықтың әл-ауқатын жақсартуымыз керек. Осы орайда жұмыссыздықтың белең алуына жол бермеуіміз керек. Осының барлығы қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағына тікелей байланысты, – деді вице-премьер. Б.Сапарбаев сонымен қатар Жолдауда жүктелген шағын және орта бизнесті, көліктік логистикалық, индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мәселелерін тілге тиек етті. «Мәңгілік Ел» идеясы мәні тереңде жатқанын айрықша атап өтті. Бердібек Мәшбекұлы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелеу елдігімізге үлкен сын екеніне, сондықтан да оның жоғары деңгейде өтуіне баршаның атсалысуы қажеттігіне тоқталды. Осы орайда өзі төрағалық ететін арнайы комиссия құрылғандығын, аталмыш комиссияның алдында қыруар жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Актив жиынында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, поляк этномәдени орталығының төрайымы Лариса Калькова сөз алып, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан түйген ой-пікірлерімен бөлісті.
«Ақ жолдың» тілшілер тобы: Лесбек САЙЛАУБЕК, Баймаханбет АХМЕТ, Табиғат Абаилдаев, Тұрсынбек Сұлтанбеков.
Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.