Тереңөзектегі тағылымды кеш

67

Тереңөзек ауылында әйгілі әнші, КСРО- ның және Қазақстанның Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Өнер кешін ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Кемел Дабылбеков ұйымдастырды. Роза Тәжібайқызы өнер жолын Ташкент қалалық филармониясында әнші болып бастаған.

Аталған ансамбльмен екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдан даласында ән салып, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. 1947-1949 жылдары қазақ опера және балет театрында еңбек етсе, кейіннен 11 жыл қазақ филармониясында, 1960 жылдан «Қазақконцертте» әнші болды. Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен және «Шапағат» медалімен марапатталған. Бұл күнде бақилық болған әншіні қазақ елі ешқашан ұмытпай, есімін құрметпен еске алуда.

Еске алу кешінде Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат сөз сөйлеп, алтын дауысты Роза Тәжібайқызының ұлт өнеріне қосқан үлесіне кеңінен тоқталды.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдасбек Қайнарбаев, ардагер ұстаз Кеңес Дабылбеков өнер саңлағының қайталанбас болмысынан толғана сыр шертті. Өз сөзінде Кеңес Дабылбеков Роза Бағланова, Шәмші Қалдаяқов жөнінде естеліктер айтты. Ауыл тұрғыны Күләш Қобдықова Роза әншінің әсем бейнесін, бұлақтай сыңғырлаған дауысын айнытпай салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Жолдасбек Қайнарбаев «Ақ маңдайлым» әнін, әнші Баршагүл Әлімқұлова «Ах, Самара городок» әнін нақышына келтіріп, жүректерге жеткізіп орындады. Осынау ғажайып әндерді Сандуғаш Шәріпханова басқарған оркестр сүйемелдеп тұрды.

«Бүгін біздің ауылда барша қазақ қастерлеген ғажайып әншіні еске алу іс-шарасы өтіп жатыр. Қайталанбас дара тұлғаның аруағын қастерлеу – үлкен игілікті іс. Сондықтан бүгін ерекше қуаныштымыз»,– дейді қарт ұстаз К.Дабылбеков.

Сонымен қатар әншінің келіні Марал Бағланова бейнебайланыс арқылы шығып, Р.Бағланованың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып жатқанын айтып, бүгінгі іс-шара ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Мұндай тағылымға толы кештің жас толқынға да әсері мол болатыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.