- Advertisement -

Әуеннің тілін әріптен бұрын үйренген

275

- Advertisement -

Тараздың түлегі, Франциядағы «Қорқыт-Абай» атындағы алғаш қазақ мәдениет орталығының негізін қалаған, сондай-ақ «Art Ambassadeurs» продюсерлік ұйымын ашып, бүгінде қазақ өнерін әлемге танытып жүрген кәсіби музыкант, қобызшы Әйгерім Ерсайынова Франциядағы 2022 жылдың ең үздік он музыканттарының қатарына кірді.

Әйгерім әйгілі қобызшы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор Әлқуат Қазақбаевтың шәкірті. Елордада Қазақ Ұлттық өнер университетінің колледжінде Әлқуат Қазақбаевта қобыз мамандығын тәмамдаған. Ұстазы Әйгерімге қобызбен қатар қазақтың ұлттық музыка аспаптары жетіген, шаң қобыз, саз сырнай аспаптарын да үйреткен.

Әлқуат Қазақбаевтан білім алып, Еуропаға білім іздеп барған. Қазір Парижде тұрады. Еуропа, әлем деңгейінде қазақтың мәдениетін дәріптеп жүрген жерлесіміз IESA Жоғары Өнер мектебін бітірді. Жерлесіміздің озық ондықтың қатарына ендірген байқау Франция Мәдениет министрлігі жанындағы Музыка орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Айта кетсек, Әйгерім бес жасынан бастап Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте қазақтың ұлттық аспаптарында ойнауды үйренген. Есейе келе, АҚШ-тың Хьюстон қаласында білімін жетілдіріп, содан кейін Парижге француз тілін оқуға келеді. Сол жақта Жоғары өнер мектебінен продюсер мамандығын меңгеріп шығады. Әйгерім ойнайтын – қобыз, жетіген, сазсырнай және шаңқобыз аспаптарының үні бүгінде француз тыңдармандарының шынайы қызығушылығын тудырып жүр. Ондағы мақсаты – Қазақстаннан асырап алған балалардың қазақ мәдениетімен сусындап өсуін қолға алу болған.

– 2015 жылы Парижде Қорқыт атаға арналған конференция өтіп, соған Айман Мұсақоджаева сияқты белгілі өнер шеберлерімен бірге қобызшы ретінде қатыстым. Конференцияны Д.Қыдырәлі басқаратын Түркі академиясы ұйымдастырды. Маған Париж қатты ұнап қалды. Осында оқығым келді. Астанаға қайтқан соң интернет арқылы іздестіріп, Парижде француз тілін үйрететін орталықты таптым. Анаммен ақылдаса келе, сол орталықта тіл үйреніп, ары қарай осындағы Жоғары өнер мектебінде магистратура оқыған дұрыс деп шештік. Мектеп бітірген соң, Американың Хьюстон университетіне оқуға түстім. Бес жасымнан музыка саласында жүргендіктен, өмірімді мүлде басқа арнаға бұрғым келді. Хьюстонда менеджмент саласы бойынша білім ала бастадым. Бірақ халқымызда «қобызды тастауға болмайды» деген сөз бар ғой. Америкада да елден ала келген қара қобызым жан серігім болды. Түрлі концерттерге қатысып, қобыз тартып, ән айтып жүрдім. Ағылшын тілін осында барынша жетілдірдім. Хьюстонда бір жыл оқыған соң, елге каникулға келдім. Бірақ қайтадан мұхит асуға тіпті ықыласым болмады. Елде қалғым келді. Сөйтіп, астанадағы Ұлттық өнер университетіне құжат тапсырып, түсіп кеттім. Қобызым Хьюстонда қалған-ды. Кейін таныстарыма алдырып, қобызыммен қайта табыстым, – дейді Әйгерім.

Әуеннің тілін әріптен бұрын үйренген ол ұшы-қиыры жоқ ұлы өнер жолындағы ұлағатты ұстаздарын да естен шығарған емес. Десек те бұл өнер оған ананың ақ сүтімен дарыпты.

– Бес жасымда Алматыдағы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке бардым. Кейін А.Жұбанов мектебінде оқыдым. Ол кезде бұл мектептер қабілетті балаларды ерте жастан оқыта беретін. Алғашқы ұстазым прима-қобызшы Ғалия Молдакәрімова болды. Содан кейін Саян Ақмолдадан қобыз үйрендім. Жетінші сыныпта Әлқуат Қазақбаевтан тәлім ала бастадым. Анам фортепиано, домбыра тартатын. Кейін қаржы саласына мойын бұрыпты. Нағашы әжем Үмітхан да өнерден құралақан емес. Шаңқобыз, домбыра аспаптарында ойнайды. Дегенмен ол кісілер кезінде орыс мектебінде оқыды. Бірте-бірте қазақы өмір салтынан алыстап бара жатқанын түсініп, олар мені қазақша мектепке беріп, қазақ ұлттық музыка аспаптарын үйренуіме жол ашты. Өнер университетіне түскен соң, қобыздан бөлек, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз аспаптарында ойнауды үйрендім. Бір семестрді Түркияның Кония қаласындағы консерваторияда тәжірибе алмасу ретінде оқыдық. Сонда жүріп түріктердің бағлама аспабын тартуға машықтандым. Бағлама біздің домбыраға ұқсайды. Бірақ жеті ішегі бар, оның бәрі металдан. Сөйтіп, университетте бірнеше аспапта қатар ойнайтын музыкант болуға маманданып қана қоймай, «Тілеп» қобыз квартетінде де өнер көрсеттім. 2015 жылы Парижде ЮНЕСКО аясында өткен Қорқыт конференциясына да осы біліктің арқасында жолым түсті. Парижде бір жыл бойы француз тілін үйрендім де, Жоғары өнер мектебінің продюсерлік және медиа бағытындағы классикалық музыка мен театр факультетіне ІІ курсқа қабылдандым. Осында жүріп Әйгерім Матаева есімді қазақ қызымен таныстым. Ол да өнер университетінің түлегі екен. Пианист. Қазір Славян консерваториясында фортепиано сыныбынан сабақ береді. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, 2016 жылы алғашқы концертімізді өткіздік, Наурыз мейрамын ұйымдастырдық. Бірақ мұның бәрі бір күндік шара ғана болатынын түсініп жүрдік. Парижде қазақ орталығы қажет екенін сезіндік. Себебі бүкіл Еуропада мұндай орталық мүлде жоқ. Францияда Қазақстаннан асырап алынған балалар өте көп. Солар баратын, өздерінің түп- тамырларымен танысатын ештеңе жоқ екен. Қазіргі ата-аналары, әрине, олардың жеке бөлмелеріне Қазақстанның туын іліп қояды, бірді-екілі қазақ музыкасын тыңдатады, ары кетсе қазақ ертегілерін тауып алып оқып берер. Ата-аналар балалардың шыққан тегін еш жасырмайды, үнемі айтып отырады. Бірақ сол балаларды олар Париждегі орыс мәдени орталығына апарады екен. «Сәл де болса қазақ мәдениетіне жақын» деп ойлайтын болар. Осы жайт бізді қатты ойландырды. Франциядағы қазақ балаларына қазақы орта керек. Ол орталық қазақ киноларын көрсетуге тиіс, қазақ ұлттық аспаптарын үйретуі керек. Қазақы орта болса, балалар тамырынан ажырамайды, қазақша сөйлеп те үйренеді. Осының бәрін саралай келе, Әйгерім екеуміз Қорқыт атындағы қазақ мәдени орталығын ашып, заңды ұйым ретінде тіркедік, – дейді танымал жерлесіміз.

Расында тағдыр толқыны атамекеннен алыстатып әкеткен қазақтың қаракөздері үшін мұндай орталық ауадай қажет-ақ. Олардың ісі бүгінге жат жердегі қазақ балаларына рухани алтын бесікке айналғандай.

– Қазақстанның Франциядағы елшілігі аз да болса көмектесіп тұрады. Заттарымызды тасу қажет болса, елшіліктің көліктерін сұраймыз. Дегенмен орталықты ұстап тұру үшін біраз қаржы қажет болатыны сөзсіз. Өйткені соңғы кездері біздің үйірмелерге қатысатын балалардың қарасы артып келеді. Яғни орталық бірте-бірте кеңи түсуге тиіс. Парижде Француз қазақтарының қауымдастығы (АКФ) бар. Олар да біздің бастамаларымызды шамасы жеткенше қолдап келеді. Францияда оқып жатқан қазақ студенттерінің «Жас достар» бірлестігімен бірігіп іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Олар да елді сағынғанда, қазақша әңгімелескісі келгенде, қазақ күйін тыңдап, әнін естігісі келгенде неге біздің орталыққа тартпасқа? Оның үстіне Қазақстанның жер көлемі үлкен, «жерімізге бес Франция сыйып кетеді» деп мақтанамыз. Бірақ неге әлем астанасы аталып кеткен Парижде қазақ мәдени орталығы жоқ? Міне, осының бәрі біздің орталықтың мәнін зорайта түседі. Алда жоспарымыз өте көп. Орталыққа келетін балаларға арнап французша-қазақша анимациялық хрестоматия шығару да жоспарымызда бар. Сондықтан әзірше өмірімді Парижбен байланыстыра беремін, – дейді Әулиеатаны әлемге танытып жүрген Әйгерім Ерсайынова.

Жерлесіміздің жемісті жобалары да, жетістіктері де еріксіз көңіл қуантады. Таразда туып, төрткүл дүниені талантымен тәнті еткен Әйгерімнің талабына толағай табыстар тілейміз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support