- Advertisement -

Қараүзген қаламгер

238

- Advertisement -

Жазушы Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы туралы көптеген танымал тұлғалар мақала жазды. Қаламгердің шеберлігі туралы толғанды. 30 желтоқсан жазушының 75 жылдығына орай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың «Қараүзген қаламгер» атты кезінде жазылған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қолымызда Несіпбек Дәутайұлының қос томдығы. Біріншісі – «Айғыркісі», екіншісі – «Мінез» деп аталады. Алғашқы томында «Құдірет пен қасірет» романы, «Ақкүшік» повесі және «Айғыркісі», «Батыр» атты әңгімелері, екінші кітабында «Жол», «Ақ көгершін» хикаяттары мен он төрт әңгімесі топтастырылған.

Ойхай, қос кітап, қос томдық Қордай қыранының қос қанатындай ғой, бағамдасаңыз. Бағаласаңыз. Бой-болмысы бөлекше, түр- тұрпаты тіп-тік, желкесінде желкілдер шашы, қос қапталы қайтарылған қалпағы қымтаған басы бар бұл жазушыңызды қыран десеңіз-дағы, құлжа десеңіз- дағы, арқар атасаңыз-дағы, жарасар.

Жорта қолпаштау емес біздікі. Түсінген кісіге қазіргі, тәуелсіздігіңіздің тұсындағы, заманауи әдебиетіңіздегі, бүгінгі таңдағы талантты тұлғаңыз Несіпбек Дәутайұлы туралы айту, оның есімін атау, шығармашылығынсөзетпекедәуір жауапкершілік жүктейді. Несіпбек Дәутайұлының егіздейін екі кітабы − романы, повестері мен әңгімелері − қазіргі қазақ әдебиетінің орасан олжасы. Құлжаңыз құйған қазына. Қыраныңыздың қырағылығын танытар туындылар.

Тәуелсіздігіңіздің туындылары. Осы күнгі ұлттық роман десе, Несіпбек Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» атты дүниесін, қазіргі қазақ хикаяты десе, «Ақкүшік», «Жол» және «Ақ көгершін» повестерін, қазіргі қазақ әңгімесі десе, тағы да «Мінез», «Батыр», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жалқын», «Тәңірінің сыйы», «Репетиция», «Бейғам дүние» сынды әңгімелерін мысалға келтіреміз. Несіпбек Дәутайұлының көптеген хикаяттары мен әңгімелерін былай қойғанда, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған қос томдығындағы шығармалары қандай-қандай қырларымен құнды дерсіз? Ол − қазіргі қазақ прозасында жанрлық жаңалықтар, жанрлар үшін жаңаша өрістер ашқан жазушы.

Әлемдік әлеуметтік-психологиялық әдебиеттің жауһар жетістіктері мен ұлттық уызды, дәстүрлі прозаңыздың гауһар дүррилерін шебер үйлестіре, жарастыра жазатын, шығармашылықтың шоң шыңына биіктей білген суреткер. Қараүзген қаламгер.

Александр Пушкиніңіз пайымында: «Сам свой высший суд». Екінші кітабының соңындағы «Оқырманға сырында» Дәутайұлы ағынан жарылады, тұтас төгіледі. Әдебиетіңізді де, кешегі һәм бүгінгі оқырманыңызды да, өзін де аямайды. Ұлтының құдіреті мен қасіреті неде екенін де, әлеуметтік себептер мен салдарды да, кешегі һәм бүгінгі қаламгерлерде кемшін соғатын көркем зерттеу мен зерделеудің, көркем түйіндемектің, пәлсапа- парасаттың жай-жапсарларын да жайып салады. Кей реттерде кейбір жағдаяттарыңызды сойып салады. Осы «Сырында» ол Алаштың ардақтысы, теңдессіз талант иесі Асқар Сүлейменов туралы орнықты ой толғап үлгереді. Бұл-дағы тегін болмаса керек- дүр. Несіпбек Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» романы да осы ешқашан ескірмейтін ерекшелердің, қай заманда да аласармас айрықшалардың арасынан табылар.

Роман «Иосиф Сталиннің демі түгесілуге үш күн қалған» деген, сыз бүріккен суық сөйлеммен басталады. Шығармадағы өмір- өзен, тұтас тағдырлар, түрлі де түрлі мінез-құлықтар, махаббаттар мен зұлымдықтар, сатқындықтар, опасыздықтар, адамгершілігіңіз бен азаматтығыңыз, суреткер философиясы, бар-барша әлеуметтік-психологиялық әдіптеулері сол сұрапыл Сталиннің демі таусылмақ қарсаңдағы үш күнге сыйып тұрыпты. Несіпбегіңіз нағыздың нағызы ғой. Модернист- постмодернистігі қырғын дә.

Оқырманыңызды һәм дірілге буып, қалтырата қинап, сонау елу үшінші жылдың ерте көктеміндегі сұп-суық үш күнге орап-түйіп тастайды-ай. Автор бір жағынан, сол авторыңыз «әкелген» тергеуші екінші жағынан, бас кейіпкер Досмағамбеттің досы болған сатқын, опасыз, домалақ арызшы Әбжал Қойбасов үшінші жағынан буады-ай бүгінгі оқырманыңызды. Оқтын-оқтын Сталиніңізді төбеңізден төтеншелеп төндіретінін қайтерсіз.

Әлсін-әлсін тағы да «Иосиф Сталиннің демі бітуіне екі күн қалған…», «Иосиф Сталиннің өлуіне бір күн қалған» деп үрей үйіріп алады-дағы, білгенін істеп бағады. Жазушыны айтамыз да. Оқырманды да, кейіпкерлерін де, өзін де аяусыз қинап, қалтыратады.

«Қалтырат оқырманды!» демеп пе еді Асқар Сүлейменов?! Адам психикасын ақтаруда бұл қаламгеріңіз сызылып-созылмайды. Адамның, қоғамның, ұлттың құдіреті неде, қасіреті қайдан? Тектілігі мен тексіздігі, опасыздығы, сатқындығы неден туындайды немесе қалай қабынады?

Осындай сауалдардың бәріне моральдық ақылгөйсу, уағыз айту арқылы емес, суреткерлік ой-жүйесі арқылы, көркемдік құпиясындағы қатпарлардың қайталанбас қалтарыстары арқылы жауап қатады. Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылық алапаты алаш баласын жабықтырып, қазақ ұлтының рухын жасытып, жадынан жаңылдырды.

Ашаршылық хақындағы көркем дүниелер бар. Бірақ аз. Солардың ішінен санаңызды дүр сілкіндіретін дүниені табу қиындау. Мына роман қып-қысқа бола тұра тап солай, санаңызды, жан дүниеңізді дүр сілкіндіретіндігімен құнды.

Несіпбектің «Құдірет пен қасірет» романы ашаршылықтың астарын ашып көрсетеді. Көркемдікпен. Осынау ғасырлық, бәлкім он ғасырлық опат-обырдың қазақ тағдырындағы қасіретін де, адамдық пен абзалдықтың құдіретін де тосын әрі тың тыныспен ашады. Жиырмаға енді толған, тұла бойы түгел оттай жанған жас жігіт Досмағамбет. Романның бас кейіпкері.

Төніп кеп қалған Голошекин лаңынан, ашаршылықтан Ақбұлың ауылының адамдарын құтқармақ мақсатта көзсіз ерлікке басын тігеді. Төс қағыстырып, дос болған Әбжалды көндіріп, жанына жан жолдас етеді. Әрекеттері іске асады да. Өзі бой тасалап, Аспанқораға көтеріліп кетеді. Әбжал досы сатады. Опасыздық жасайды. Содан не көрмейді десеңізші Досмағамбет?! Қожанияз, Құдабайлардың қорлығы. НКВД- ның зорлығы. Жалпы, бұл жазушыңыз милиция бастығы Қожанияздың да, Қожанияздар мен Құдабайлардың да, НКВД- ның да тұрпаттарын терең ашады. Іштеріне кіріп отырып алатындай- ақ ақтарады.

Тоталитарлық жүйе мәңгүрттендіріп тастайтын тасбеттер мен безбүйректерді бейнелеуі бөлекшелеу. Солардың кесірінен, кесапаттығынан елім, жерім, ауылым деп аһ ұратын адал адамыңыз, жалын атқан жас жігітіңіз Досмағамбет не күйге түспеді? Айдалды. Азапталды. Тундрада тоң қазды. Мұз жастанды. Қиыр Сібірдің суығына ұрынды. Соғыста қан кешті. Қордайын сағынып, Ақбұлыңын аңсап, қаншама қанқасаптардан қайтып оралды. Бәрібір. Қаншама қасірет шегіп, қорлық көріп, айдалып, азапта жүрсе де, Досмағамбет бақытты.

Ол Отанын, адамдарды, балаларды, Ақбұлыңын сүйеді. Оны бағалайтындар баршылық. Қыз-келіншектер де жақсы көреді. Қызбалтай сынды сұлу әйел сүйеді. Ақтамақтайын ару қыз ғашық. Ал Әбжал күйеді. Күйінеді. Күншілдікпен, іштарлықпен домалақ арыз айдайды. Несіпбек Дәутайұлы − әйелдер характерлерін, әйел психологиясын бедерлемекте һәм белес-белестерге көтерілген суреткер. Қызбалтай мен Ақтамақ − жаңалығы көп, жасандылығы жоқ, тың тұлғалар. Бірегей бейнелер. Көркемдіктің көкжиегін кеңейткен кейіпкерлер.

«Жалт етіп өте шығатын жалғанда жалғыз рет сүйгені үшін кінәласаңдар, кінәлаңдар. Керек десеңдер, Досмағамбет сияқты азаматтарды сүймеу, жолына құрбан болмау − күнә. Мұндай азаматты сүю аз, мұндай азаматтың тұқымын өрбіту керек. Дүниеде Досмағамбеттердің көбейгенінен асқан бақыт жоқ…» − дейді Қызбалтай.

Сталин өлген күні дүниеден қайтқан Досмағамбетті елеместен, ұлы көсемге еңіреген елдің, ауылды ашаршылықтан арашалаған, тентіреген жетім балаларды қанатының астына алған, айналайын, адамгершіліктің алтын туын желбіретуден танбаған текті ұлдың, ұлтым деген асыл азаматтың асыл денесі арыстай сұлап жатқанда, оның шаңырағына жоламай, клубқа жиналып, КСРО кемеңгеріне жылаған жұрттың кінәсі мен күнәсін беттеріне басқан сол Қызбалтайыңыз еді.

Иә-иә, Қызбалтай. Жаман клубтың жаман есігін теуіп ашып Қызбалтай кірген. «Өй, өңшең тексіз! Елдігін, кісілігін жоғалтқан өңкей құл-құтан!» − дейді-ай Қызбалтай. Еңкілдеп- өңкілдеп отырған жұрт тына қалады. «Әй, қаншық! − деп Әбжал қамшысына жармасады. − Әй, қаншық, Сталин көсем өлді ғой». «Сталин көсем… Өй, өңшең қарабет!» − дейді Қызбалтай.

Әбжалыңыз тұра ұмтылып, қамшы сілтейді. Қызбалтай қамшыны жұлып алып, Әбжалды құлақ- шекеден бір тартып, тізеге салып қақ бөледі. «Қамшының керегі не енді сендерге?! Қамшы ұстайтын Ақбұлыңда еркек қалды ма, қараң қалғыр өңшең!» − деп клубтан далаға дауыс салып шықты» деп бір түйеді авторыңыз. Сол Қызбалтайыңыз бен ару Ақтамағыңыздың әйел ретіндегі қылық-құлықтарын, махаббат құдіретін, төсек рахатын, еркек пен әйел сүйіспеншілігінің сырларын суреттемекте де Несіпбегіңіз әлем әдебиеті шеберлерінің шебінен табылады.

Бұл бағыттағы автордың ой-жүйесі мен «ұрғашының ұлы әуені» дегендейін пәлсапалық пайымдары − өз алдына өзгешелеу өрімдер.

Қазіргі қазақ әдебиетінде, көркем прозада әйел мен еркек арасын алабөтен әдіптейтін әйдіктердің аса көрнектісі Бексұлтан Нұржекеұлы ғой. Міне, Несіпбегіңіз іштей Бекеңмен бәйгеге түсетіндей. Бір жағында − Мопассан, бір жағында − Бексұлтан. Үшеуі жарысатындай. Тағы да бір тосындық таңырқатар. Романда. Ол − тергеушіңіздің сіз күткендегіден, оқырман ойлағандағыдан еректеу ерен боп шығатындығы. Мұны жазушы романның аяғына дейін ашыңқырамай, құпиялаңқырап, қымтап бағады. Мұнысы да − шеберлік. Опасыз Әбжалды да сол тергеушіңіз ат құйрығына байлайды.

Қаламгеріңіздің «Ақкүшік» аталатын повесіне аз-кем аялдамасқа болмас. Ойлап байқасаңыз, бүкіл дүниенің жүзіндегі көркем әдебиетіңізде мықты жазушылардың ит туралы жазбағаны жоқ сияқты. Несіпбегіңіздің Ақкүшігі небір классиктеріңіздің қаламдарына ілескен ірі иттерден қай жағынан да қалыспас. Адамның иттігі мен иттің адамдығы хақында хикаялағанда, абайламасаңыз, қайталауға ұрынуыңыз бек бәлкім.

Ал, Дәутайұлы Ақкүшік арқылы адамнан артық иттердің әлемдік әйбат тізімін тамаша толықтырған. Ешкімді де қайталамаған. Қазақтың құлдырыңдаған Ақкүшігі өзінің иелері Қалдыбай мен Бекзат сияқты аса адал, аңғал, бүкіл болмысы мейірімге тұнып қалған. Қалдыбайдың тегінде өнер де бар, өнегедебар.Адамгершілікпарызға құштарлық та қалың. Алайда жолы болмаған жігіт. Жуастау, момындау жаратылысы көп нәрсеге кедергі. Бірақ Бекзаттайын жардың жолығуы бақ-берекесі еді. Амал нешік, алты жылдан аса бала сүйе алмады.

Сөйтсе, кінә Бекзатынан емес, өзінен екен. Келіншегіне себебін сездірмей, білдірмей, үйінен кетеді. Ауылға әудем жердегі дядя Пашаның диірменінде жасырынып күнелтеді. Самогонды сүйеніш етеді. Дядя Паша әкесімен дос болған. Әкесі диірменшіге көп жақсылық жасаған. Бірін-бірі қалтқысыз сүйетін, қимайтын қос мұңлықтың басындағы қиындықтар, бірінен- бірі таяу тұста ғана, араларын өзен мен көпір бөліп тұрған ерлі-зайыптының қасіреті ауыл адамдарынан гөрі Ақкүшікке қатты батады. Адамдар қайта табалайды. Қалдыбайды. Бекзат сұлуға Өрікайдар сынды бүгінгінің бай-бағланы көз салып, сөз айтады. Тоқалдыққа алғысы бар. Ақкүшігіңіз көп жағдайда көлденең кесепаттардан қорғауға септеседі. Бекзат пен Қалдыбайды. Екі арада аласұра шапқылап, адамнан артық қасиеттер танытады. Тілсіз Ақкүшікті авторыңыз аса шебер «сөйлетеді».

Біресе диірменде − Қалдыбайдың қасында, бірде ауылда − Бекзаттың маңында жан қинап, адалдық пен адамдық қылық танытқан Ақкүшігіңіз ақырында тасқынға тап болып, суға кетеді. Қос мұңлық қос қапталда қараңдайды. Әуелгі кітапқа аты қойылған «Айғыркісі» әңгімесін «Қазақ әдебиеті» газетінен оқып, таңғалғандардың біріміз. Жылқы жайында жазыңқыраған Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, тағы басқалармен іштей салыстырасыз. Жылқы жөнінде жазбаған қазақ жазушысы кемде- кем. Алайда «Айғыркісі» алапат әсер етер.

Бүгінгі күн биігінен бәдізделген бұл шығарма хақында әдебиетші ініміз Рафат Әбдіғұлов кезінде әдеби газетімізге бір бетке жуық талдама рецензия жариялаған. Есқұл қартыңыз, Жалғастайын аяулы балаңыз, оның әкесі−өз ұлының өліміне себепкер, қаратөбелді қырғыздарға қымбатқа сатып, аудан орталығынан базар алмақ Бұлдиыңыз, жалпы тектілік пен киелілік ұғымдарының ұлт болмысындағы бәсі мен бағасы, жазушының көркемдік әдіс-әдібі туралы нақышты да нанымды, білікті қорытындылар жасап, байыпты баға береді. Рафат сыншының рентгендік райдағы сараптамасына бірдеңе қоса қою қиындау.

Екінші кітабындағы «Жол» повесін алыңыз. Ол «Маусымның алғашқы сенбісінде Төлеп қарт төсекте тілсіз жатты…» деген сөйлеммен басталады. Жалғыз сөйлеммен бірінші бөлім тәмамдалады. Тағы да таңырқап, «Жолға» шығасыз. Ілесесіз. Бара- бара бас алмай оқып кете барасыз. Баянды таудың басына шақырар шақырымдар, «жолдан өзгемен ісі жоқ» Имансерік, жазушы оның жанына әдейілеп қосқан Әтей. Жолшылар пір тұтатын, төсек тартып жатқан, есі біресе кіріп, біресе шығатын, әлсін- әлсін әл кіргенде тағдыр-талайын көз алдынан өткізетін Төлеп сынды текті жан… Имансеріктің толғанысы, тебіренісі. Бейнеті. Жолға, тауға, ұрпақтық сабақтастыққа деген ықыласы, Төлептерден дарыған тектілігі… Аңырақай жұртының арман- аңсарлары.

Автордың өзі ойлап шығаратын, халықтан қайнап жеткендей қабылданатын шежіре- аңыздар, мифтік мәністерді көркемдік өрім-өрнектерімен хас шебердей қабыстыра алуы − мінекиіңіз, мұның бәрі «Жол» повесіне тән табыстар. Әсіресе «Баяндытау шежіресі» немесе «Шежіретас туралы мұң-нала» ылғи да жолшылар көкейінен кетпейді.

Қос томдыққа топтастырылған әңгімелердің әрқайсысы турасында ұзақсонар әңгіме қозғауға болады. Әңгімелерінің бәрі бүгінгі заманыңыз, қазіргі қадамыңыз туралы. «Романға айырбастамайтын әңгімелер болады» дегенді Тәкеніңіз тәптіштеген. Автор қос қанаттайын қос кітабын «Айғыркісі», «Мінез» деп, әңгімелерімен әдейі атаған ғой. Уақытыңыздың үні, қоғамыңыздың құны, адамыңыздың сұры әңгімелерінде бөлекше бедерлі бейнеленеді.

«Несіпбектің соңғы кездегі өзіндік үрдіспен жазылған хикаят, әңгімелері замана кейпін нақты байыптайды, бірақ бұл − бүгінгі күн, қазіргі ахуалға қатысты бүркемесіз шындық. Жаңа қазақ прозасының жоғарғы деңгейіндегі дүниелер», − дейді Мұхтар Мағауин. «Театр гардеробтан басталса, проза сөйлемнен басталады. Жазушының сөз мәдениетінен басталады.

Салдыр-салақ прозашыны оқи бастағаннан қолыңа қалам алып түзете бастайсың. Ал Несіпбекке біз тиісе алмадық. Сөйлемдері шымыр, шебердің қолынан өрілген кірпіштей мінсіз. Бұл әрине, талантты қаламға тән қасиет», − дейді Әбдіжәміл Нұрпейісов. Шеберлік шыңына салған жолдарың жемісті бола бергей, қараүзген қаламгер!

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support