- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – азаматтық парыз

110

- Advertisement -

Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарындағы жергілікті атқарушы органдар мен білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласына қарасты мекемелердегі мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануына жүргізілген зерделеу қорытындысы талқыланды. Жиында заң талабы орындалмаған кемшіліктер туралы айтылды.

Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның бекітілген іс- шаралар жоспарына сәйкес жүргізілген зерделеумен аталған аудандарда 216 мекеме қамтылған.

Бұл жөнінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев мәлімдеді.

– Мемлекеттік рәміздерді қолдану Конституциялық Заңмен және Үкіметтің 3 қаулысымен, 2 мемлекеттік стандартпен реттеледі. Осы заңнамалардың талаптарына сәйкес жасалған зерделеуде бірқатар кемшіліктер анықталды. Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген стандарттарға сай рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Дегенмен біз анықтаған мекемелер жыртылған, түстері өзгерген, қарайған және кірленген рәміздерді пайдаланып отырғандарына көз жеткізілді. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы No25 бөбекжай бақшасы, облыстық тері-венерологиялық диспансері, Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы, Мыңбұлақ ауылдық округтері, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Жамбыл ауданы, Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратындағы Мемлекеттік Ту сөгіліп, жыртылған. Сонымен қатар Тараз қаласындағы No1 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдерспортмектебі, «Тараз» кәсіпқой футбол клубы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі No2 учаскелік полиция пункті, Б.Момышұлы ауылдық округінде No1 учаскелік полиция пункті, Жамбыл ауданы Қарой ауылдық округі әкімінің аппараты, No15 учаскелік полиция пункті, Пригородное ауылдық кітапханасы, Гродиков ауылдық округі No13 учаскелік полиция пункті, Бесағаш ауылдық клубы, No14 учаскелік полиция пункті, Қаратөбе ауылдық округіндегі Бектөбе дәрігерлік амбулаториясы, Байзақ ауданы, Мырзатай ауылдық округіндегі орта мектеп пен дәрігерлік амбулатория ғимаратының атауы жазылған маңдайшалардағы Мемлекеттік Елтаңбалардың түсі қарайған.
Конституциялық Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба, не олардың бейнесі, сондай- ақ Мемлекеттік Гимнің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. делінген. Алайда Тараз қаласы No9 мектепте оқшауланған орын орналастырылмаған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы стандартқа сәйкес, Ту сабына ұштық бекітіледі. Бірақ Тараз қаласы No7 мамандандырылған балалар- жасөспірімдер спорт мектебі, «Тараз» кәсіпқой футбол клубы ғимаратындағы Ту сабы мен ұштықтың көлемі және түсі мемлекеттік стандартқа сәйкес емес, – деген Алмас Кәдірбекұлы анықталған кемшіліктердің бірқатары зерделеу жұмыстары аяқталғанға дейін бір жұмыс күні ішінде түзетіліп, қалпына келтірілгенін айтты.

Елімізде 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап латын графикасындағы Елтаңбаға көшу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылған еді. Елтаңбаларды орналастыру және ауыстыру 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезеңі болып белгіленіп, жаңа Елтаңбаларға ауысу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілді.

Бірінші кезең бойынша 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік органдардың ресми веб-сайттарында, ресми басылымдарында және бланкілерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі ауыстырылды.

Екінші кезең бойынша 2020 жылдың соңына дейін Мемлекеттік Елтаңбаны басшылардың кабинеттерінде, ғимараттар мен маңдайшаларда, ақпараттық стендтерде және тағы басқа да арнайы орындарда ауыстыру жұмыстары жүргізілсе, үшінші кезең бойынша 2021 жылдың соңына дейін Елтаңбаның бейнесін мөрлерде және ресми құжаттарда (жеке куәлік, туу туралы куәлік, паспорт) ауыстыру жұмыстары жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ бұл талапты да әлі күнге дейін орындамағандар бар екен.

Жуалы ауданында Мыңбұлақ ауылдық округіндегі No2 учаскелік полиция пункті, Б.Момышұлы ауылдық округі No1 учаскелік полиция пункті, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылдық округіндегі No14 учаскелік полиция пунктінің атауы жазылған маңдайшасындағы, Тараз қаласының No25 бөбекжай бақшасы, Жуалы ауданының Көкбастау, Нұрлыкент, Ақсай, Б.Момышұлы, Қарасаз ауылдық округтері әкімдерінің мөрлерінде бейнеленген Елтаңба латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылмаған.

Дәл осындай жағдай Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, ауыл шаруашылығы бөлімдерінде және Жамбыл ауданы әкімдігінің бөлімдері мен ауылдық округ әкімдерінде де кездесті. Осыған орай, аталған мекемелер ауыстыру жұмыстарын шұғыл түрде аяқтауды және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына аталған бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алу ұсынылды.

– Мемлекеттік рәміздер – ел егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін еліміздің басты нышаны. Ел Конституциясының 34-бабында «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп көрсетілген. Сондықтан осы кеңесті пайдалана отырып, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктеріне мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімдерін қалыптастыру, насихаттау, дұрыс қолдану және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын жыл бойы тұрақты ұйымдастыру қажеттігін атап өткім келеді. Бұл ретте білім беру ұйымдарында
мемлекеттік рәміздер туралы ашық және тәрбие сағаттарын, жастармен патриоттық шараларды тұрақты ұйымдастырған жөн. Жергілікті ішкі саясат бөлімдері тарапынан ұйымдастырылатын әдістемелік семинарлар санын арттыру қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік рәміздер туралы тақырыптық материалдар тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойы кеңінен ақпараттық сүйемелденуі тиіс. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылғы 18 қарашадағы No330 бұйрығымен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ереже бекітілді. Осыған орай Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері Ереже негізінде қалалық, аудандық комиссияны қажеттілігіне қарай қайта бекітіп, жылына кемінде 2 рет комиссия отырысының өткізілуін қамтамасыз етуі тиіс, – деді баяндамашы А.Садубаев.

Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев кемшіліктің қайталанбауына сабақ болу үшін комиссия мүшелеріне осындай олқылықтарға жол бергендерге айыппұл салуды ұсынды. Комиссия мүшелері түгел қолдап, мемлекеттік рәміздерді қолдануда кемшілік жіберген мекеме басшыларына айыппұл салынатын болды. Ал келесі жолы айыппұл салумен қатар тәртіптік жаза да қолдануға бірауыздан келісті.

Жиында облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support