- Advertisement -

Сала үздіктеріне лайықты құрмет

88

- Advertisement -

Спорт – денсаулық кепілі. Сергектікті серік еткен кісінің шымыр әрі ширақ болатыны белгілі. Өңірде спорт саласына айрықша назар аударылып, талай игілікті істер атқарылып жатыр. Өтіп бара жатқан жылдың аясында аталған сала бойынша жеткен жетістіктеріміз айтарлықтай. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов спорт саласындағы «Жыл үздігі-2022» аталым иелерін марапаттады. Салтанатты жиын Тараз қаласындағы «Мөлдір» мейрамханасында өтті.

Өтіп бара жатқан жылды жақсы нәтижемен аяқтап отырмыз. Биыл жерлестеріміз 8 спорт шебері, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғады. Үш жаттықтырушы Қазақст анның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. Алдағы міндеттер де ауқымды. 2025 жылға қарай облыста бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын елу пайыз шамасына жақындату көзделген. Бұл бағытта еліміздің Президенті нақты тапсырмалар беріп, ауқымды міндет жүктеп отыр. Сол міндеттерді жүзеге асыруға бізде мүмкіндік көп. Биыл облысымызда үш спорт нысаны пайдалануға берілсе, он үш нысан келесі жылға өтпелі. Жамбыл спортының тарихында есімдері айрықша аталатын Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Зульфия Габидуллина секілді саңлақ спортшылар біздің мақтанышымыз. Бұл жетістіктер бүгінгі ізбасар спортшылармен жалғасын табады деп ойлаймыз. Парижде 2024 жылы өтетін жазғы Олимпиадаға және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына қатысуға қазірдің өзінде облысымыздан 13 спортшы үміткер. Сол Олимпиадада жамбылдық спортшылардың кемінде біреуі алтын медаль алып қайтса деген ойымыз бар. Осы мақсатта тер төгіп, жеңіске жетуге мүмкіндігі бар спортшыларды барынша қолдаймыз. Әр спортшыға жеңіс,отбасыларына амандық, бақыт, береке тілеймін, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Мұнан соң облыс басшысы бірқатар үздіктерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына қатысуға үміткер 13 спортшыға арнайы сертификат табыстады. Олардың көш басында бокстан әскерилер арасында екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов, дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, Әлем чемпионы Елдос Сметов, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, грек-рим күресінен Азия чемпионы Сұлтан Әсетұлы бар.

Сондай-ақ Оксана Борисюк басқаратын Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі «Үздік спорт бөлімі-2022» атанса, Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асхат Нұрболұлы «Үздік спорт маманы-2022» деп танылды. «Үздік сауықтыру спорт кешені-2022» аталымы Қордай ауданы, Әлжан ана ауылындағы спорт кешенінің басшысы Самат Аманбаевқа бұйырды. «Үздік спорт нұсқаушысы-2022» аталымы бойынша Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Болат Жаңабаев, «Үздік облыстық спорт мектебі-2022» аталымы бойынша Жанат Бабаев басқаратын № 4 облыстық мамандандырылған балалар – жасөспірімдер спорт мектебі, «Үздік аудандық спорт мектебі-2022» аталымы бойынша Аслан Айтбеков басқаратын Байзақ ауданындағы №8 мамандандырылған балалар – жасөспірімдер спорт мектебі үздік деп танылды.

 

«Үздік бұқаралық спорттық шараларды өткізу орталығы-2022» аталымы бойынша Жандос Баетов Жуалы ауданындағы бұқаралық спорттық-шаралар өткізу орталығы, «Үздік спорттық команда-2022» аталымы бойынша Нұрдәулет Момынов басқаратын «Әулиеата» клубы, «Үздік ауыл жаттықтырушысы-2022» аталымы бойынша Меркі ауданындағы №22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетикадан жаттықтарушысы Дмитрий Иванчуков, «Үздік балалар жаттықтырушысы» аталымы бойынша «Жекпе-жек» кәсіпқой клубының жаттықтырушысы Ерлан Сембеков, «Жыл жаңалығы-2022» аталымы бойынша еркін күрестен 23 жасқа дейінгілер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ергеш жүзден жүйрік атанды.

Олимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы-2022» аталымына Олимпиада күміс және қола жүлдегері, Әлем чемпионы Елдос Сметов, Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы-2022» аталымына кикбоксингтен ислам ойындарының және Азияның чемпионы Мақсат Үсіп, ұлттық спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы-2022» аталымын аударыспақтан Әлем чемпионы Данияр Смаилов, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы-2022» аталымы бойынша Дзюдодан XХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері және командалық жарыстың қола жүлдегері Анна Краморова, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік жаттықтырушысы-2022» аталымына Әділ Айымбетов, Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша «Үздік жаттықтырушысы-2022» аталымына Армрестлингтен облыстың аға жаттықтырушысы Ескендір Рысбеков, мүгедектігі бар спорт түрі бойынша «Үздік жаттықтырушы-2022» аталымына пара дзюдодан жаттықтырушы Хайрулла Лукманов, Ұлттық спорт түрлері бойынша «Үздік жаттықтырушы-2022» аталымында құсбегіліктен облыстың аға жаттықтырушы Жалғас Әкімбеков, «Үздік әдіскер-2022» аталымы бойынша №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Алмаз Қырғызбаев, «Үздік жаңалық жаршысы-2022» аталымы бойынша облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Әлішер Ізтай жеңімпаз деп танылып, марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімі жиын барысында 2022 жылғы мамыр айында Бразилияда өткен ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Ғабит Есжанов, Ғасыр Тұрғынбай, Анна Крамороваға, аталған Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Нұржан Асан, Фериде Кара оглы, Олжас Рысжанов, Эвелина Егембердиева, Айдос Түгелбаевқа пәтер кілтін табыс етті.

Жиын барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашса, жиналған көпшіліктің алдында спортшылар да өз өнерлерін көрсетті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support