Басты жаңалық

Экономикалық интеграцияның рөлі

Экономикалық интеграцияның рөлі

Тәуелсіздігіміздің алғашқы сәттерінен-ақ «Алдымен экономика, сосын саясат» деген тиянақты тұжырымымыз бар еді. Халықтар түрмесі атанған КСРО құлап, Қазақстан азаттық алғалы күрделі жаһандық экономикалық өзгеріс жағдайында өмір сүріп келеді. Өйткені кеңістіктен КСРО кеткелі әлемдік экономикалық интеграцияның көптеген параметрлері өзгерді. Кеңестер құрамында «бір үйдің балаларындай» болып кеткен 15 одақтас, дос ел бір пәсте-ақ мүдделері мүлдем бөлек көршілес ел болып шыға келді. Алып империя құлаған соң орнында пайда болған жас мемлекеттердің өз төңірегіндегі экономикалық интеграцияға ілесе кетуі бірден оңайға түспесі анық.Міне, осындай жолмен егемен ел, дербес мемлекет ретінде тұтас бір ғасырдың төрттен бір бөлігін жүріп өтіппіз. Бұл жолдың жылнамасында небір тарихи тебіреністер, бейнет пен зейнет, түбірлі әрі түбегейлі өзгеріс, күрделі реформалық бастамалардың тәуекелге толы қадамдары қалды. Бұл өзі бір ғасырға парапар жол болғандай-ақ.Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзіндік орны, беделі қалыптасқан ел. БҰҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде жаһандық бастама көтеріп, кез келген геосаяси ахуал кезінде өзіндік үн қата алатын құқыққа ие. Яғни БҰҰ белгілі бір жағдайға қатысты қандай да бір қарар қабылдарда керек болса қалыс қалып, қарсы шығып, тіпті «Көппен көрген ұлы той» деп ортақ мүддеге ұйыса алатын мойындалған мемлекет.Олай болса, дербес экономикалық саясат ұстана алатын және интеграциялық байланыстарға мүдделі еліміздің қазіргі жағдайдағы аяқ алысына бір назар салып көрсек. ӘСКЕРИ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ӘЛЕГІ

Биыл ақпанда тұтанған Ресей мен Украина арасындағы соғыс аумақ экономикасына да кері әсерін тигізіп, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тасымалдау жолдарын өзгертті. Әрине, соғыс – бұл бәрі бітті, тіршілік күйреді деген сөз емес. Соғыстан тыс та қоғам өмір сүре береді. Еуразия кеңістігінде Еуропа мен Азияның тауарлары көбіне Ресей аумағы арқылы өтетін. Енді бұл бағыт өзектілігін, өміршеңдігін жоғалта бастады. Басқыншылық әрекетін тоқтатпаған соң Еуропалық одақ пен біраз әлемдік алпауыт мемлекеттер Ресейге кезең-кезеңімен санкция салып, түстіктегі көршіміз қазір құрсауда қалды. Мемлекеттер жаңа бағыт, жаңа транзит жолын іздеуге көшті. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс қанша уақытқа созылары, қалай аяқталары әзірге белгісіз. Сол себепті оның аумағы арқылы тауар алып өту, ірі жобаларды жүзеге асыру сенімсіздеу болып кетті. Бұл ретте саясаттанушы, әскери сарапшы Асхат Хасенғали қазіргі ахуалға байланысты Қазақстан Еуропа мен Қытайды жалғайтын басты транзит жолының бірі ретінде қарастырыла бастағанын айтады. – Бұрын да солай болған. Бірақ бұл мүмкіндіктің енді маңызы арта түсті. Орталық Азияда тағы бір бағыт бар, ол – «Қытай – Қырғызстан –Өзбекстан» теміржол маршруты. Қазір бұл магистральдің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ бұл бағыт біз үшін тиімсіз. Себебі Қытайдан Еуропаға, Еуропадан Қытайға баратын тауар біздің аумағымызды сырт айналып өтеді. Бұл біраз қаржыдан қағыламыз деген сөз. Қазақстан осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдың Ляньюньган портында терминал ашты. Ол өте маңызды порт. Тынық мұхит арқылы келетін тауарларды осы портта сұрыптап, ары қарай жеткізу мүмкіндігі бар. Қазақстан да бұл портқа өз тауарын апарып, Қытайға немесе өзге оңтүстік-шығыс Азия елдеріне сата алады. Негізгі тауар ретінде астықты өткізеді. Қазақстан астығын портқа жеткізіп, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Индонезия, Малайзияға жөнелтеді. Қайтар жолда сол кемелерге аталған елдердің тауарын тиеп, кері қайтады. Қазір бізге келетін тауар көлемі көп емес, себебі өзіміз сататын өніміміз аз. Келер жылы бұл порт айтарлықтай маңызға ие бола бастайды дейді халықаралық сарапшылар. Себебі Еуропаға тауар жеткізу үшін осы порт арқылы «Қытай – Қазақстан –Каспий – Әзірбайжан – Грузия – Еуропа» маршруты жандана түседі. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, портқа жеткізетін өнімді де арттыра түскеніміз жөн. Өйткені оңтүстік-шығыс Азия кемелерінің бірқатары қайтар жолда қазақстандық өніммен қайтар еді, – дейді саясаттанушы А.Хасенғали. Осы бағыттың болжалды картасына көз тастасақ, әрлі-берлі сызылған жаңа бағытта Ресей жоқ. Оның орнында Каспий – Әзербайжан – Грузия – Еуропа бар. Бұл батыс пен шығысты бетке алған керуен ендігәрі еліміздің аумағы арқылы өтеді деген сөз. Ол дегеніміз – қомақты қаржы ұстап қалуға мүмкіндік беретін транзиттік дәліз. Кезінде Жібек жолы бойындағы ірі қалалардың тек қана шапқыншылықтың кесірінен емес, керуен жолы өзгеріп, сауда-саттық пен алым-салықтан түсетін тиын-тебеннен қағылғандықтан да құлдырағаны тарихтан белгілі. «TOYOTA CAMRY» ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫТАЙ АРҚЫЛЫ КЕЛМЕК Әлемнің біраз нүктесінен өзінің алып зауыттарын ашып тастаған жапониялық «Тойота» компаниясы Ресейдегі концерні арқылы да Орта Азия елдерін көлікпен қамтамасыз етіп келген. Батыстың санкциясына ілігіп, экономикасы шатқаяқтап, тығырыққа тірелген Ресейден көптеген алпауыттар сияқты «Тойота» да кетуге бел буған. Кету үшін алдымен баратын жерін нақтылап алатындарын мәлімдеп, нысанада Қазақстан мен Өзбекстанның тұрғанын да жариялаған. Бірақ жақында белгілі болғандай, «Тойота» корпорациясы Қазақстанда да, Өзбекстанда да зауыт ашудан бас тартты. Әрине, негізгі себеп бізде емес. Бұл жөнінде қаржы-экономика бойынша сарапшы Айбар Олжаев бірқатар себептерді тізіп берді. – Біріншіден, Ресей өз нарығын «Москвич 3» (Қытайлық Jac) клонымен толтырмақ. Сондықтан «Тойота» үшін өзі Петербордағы зауытын жауып кетіп қалған Ресей нарығына оралу қиын болмақ. Ал Қазақстан мен Өзбекстан, Қырғызстан нарығын біріктірсе де білдей зауыт үшін қажетті сұраныс көлемін жаба алмайды. Біздегі «Шевроле Кобальт» маркасының сатылым лидері атануы – Қазақстан нарығында да арзан көліктің заманы туғанын байқатады. Жалпы біздің Орта Азия аймағы премиум-бизнес класс үшін аса қызық емес болып барады. Екіншісі – анағұрлым ауқымды (глобалды) себеп. Әлем бензинді-дизельді моторлардан кетіп жатыр. Қытай толық электрокарларға бет бұрды. «Тесла» капитализациясы бойынша «Тойотаны» басып озып кеткен. Еуропа аздаған жылдардан кейін жанармай жағатын көлікке тыйым салмақ. Бұл жағдайда инвестиция құйып, дәстүрлі көлік құрастыратын зауытқа шығындалудың қажеті қанша деген заңды сұрақтар туындайды. Бірақ «Тойота Камри» Қазақстаннан қол үзбек емес. 2023 жылдың аяғында премьерасы болатын «Камри XV80»-нің негізгі параметрлері белгілі болды. Сарапшылар «Тойота Краунның» жаңа кузовы шыққалы бері бұл «Камри» да осыған ұқсас болатынын топшылап қойған. Айтқандары келді, – Айбар Қайнарұлы. Бір сөзбен айтқанда, зауыт ісінде ұзақ ойланған, анығы зерттеген «Тойота» ақыры Қытайды қолай көріп отыр. Мұның Қазақстанға тигізер пайдасы да, зияны да шамалы. Себебі біз сырттың көлігін құрастырғанымыз болмаса, өндіріп қарық қылып жатқан жоқпыз. Бірақ Қытай мен арадағы сауда-экономикалық қатынастарымыз осы көлік саудасы желісімен тағы да арта түсуі әбден мүмкін. Себебі қазақстандықтар қытайлық көліктерге аса қызығушылық таныта қоймады. Бірақ әлемдік брендке айналған «Тойотадан» ешқашан бас тартқан емес. Алдағы уақытта Қазақстан жолдарында Қытайда құрастырылған жапондық «жүйрік» жүйткіп жүрсе таңғалмаңыз. ҚАЗАҚ УРАНЫНА ҚЫТАЙДЫҢ СҰРАНЫСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ Қазақстан сыртқы сауда бойынша биылғы 10 айда 110,5 миллиард доллар айналым көлемін бағындыра алды. Енді қараша мен желтоқсан статистикасы жақсы шығатын болса, он жылдық рекорд орнатуға барлық мүмкіндік бар. Біз былтырғы көрсеткіштен кемінде 30 пайыздай асып түсетін боламыз. Тауар айналымының құрылымын талдайтын болсақ, экспортымыз 71,1 миллиард доллар, импортымыз 39,4 миллиард долларға шығып тұр. Бір қызығы, биыл біз мұнай экспорты бойынша тонналық көлемдегі жоспарды орындай алмай қалдық. Бірақ соған қарамастан, әлемдік нарықтардағы баға (мұнай, ферроқорытпалар) жоғары болды да, нәтижесінде біз жалпы экспортта ақшалай көлем жағынан ұтып кеттік. Мұнай бойынша биыл күтпеген кедергілерге тап болғанымыз жасырын емес. Әу баста, 2022 жылы еліміз 87,5 миллион тонна мұнай өндіруі тиіс еді. Жыл басында Энергетика министрлігі осындай жоспарды бекітті де экспорттық таза табысымызды шамалай бастадық. Тосынсыйлар сәуірде бой көрсетті. Қазақстанның негізгі мұнай трассасы – КТК терминалында «қызық дауылдар» орын алып, біраз уақытқа мұнай экспорты тоқтады. Оны қалыпқа келтіре бастағанда NCOC жүргізетін Қашаған кенішінде газдың сыздықтауы анықталып, ондағы мұнай өндірісі уақытша жабылды. Соның салдарынан биыл біз көп болса 85 миллион тонна мұнай экспорттай алдық. Енді барлық күшті келесі жылға салу керек. Қазақстан бойынша барлық салаларды алатын болсақ, биыл ең мықты жұмыс істегені – уран өндірісі болды. Осы салада қазақ аудиториясы елемей өткен стратегиялық маңызды жаңалық бар. Биылғы жыл аяқталайын деп қалғанда «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясы Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясымен (CNNC) ғасыр келісіміне отырды. Енді Қазақстан Қытайдағы барлық АЭС-терге дайын отын – уран таблеткаларын сататын болады. Қытайда қазір 52 реактор бар және тағы 14 реактор блогының құрылысы жоспарланған. «ҚазАтомПром» жақында осы таблеткалардың алғашқы партиясын – 34 контейнерге тиелген 30 тонна таблетканы теміржолмен Қытайға салып жіберді. Кем дегенде 20 жыл бойы Қытай үздіксіз тапсырыс беріп тұрмақ. Ол қалай мүмкін болды? – Қытайдағы АЭС-тер француз технологиясымен жасалған. Реактор дизайны «AFA 3G» деп аталады. Қазақстан уранды шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде сатуды баяғыдан бері армандап жүрген. Сол үшін Өскеменде «Үлбі-ТВС» зауытын салды. Осы зауыт 2021 жылы француздық «Framatome» компаниясының сертификаттауынан өтіп, Қытайдағы АЭС-терге отын сатуға рұқсат алды. Қытай АЭС саны бойынша АҚШ пен Франциядан кейін үшінші орында. Осы нарықты түгел біз алдық. АҚШ АЭС-теріне отын жеткізу толық Канаданың қолында. Ал біз болашақта Франция үшін таласа аламыз. Биыл жыл басында «қаңтар оқиғасын» көрген халықаралық сарапшылар «Қазақстанның экономикада шаруасы бітті» деп топшылаған еді. Қаңтар депрессиясын біз ақпан айының соңында-ақ еңсеріп шықтық. Дәл сол кезде соғыс басталды. Оның экономикалық, санкциялық салдарымен әлі күнге дейін күресіп келеміз. Пандемияда мұнай фьючерстері тіпті теріс бағаға минусқа кеткенде ауыр жағдайға ұшырағанымызды ұмытқан жоқпыз. Енді сол мұнайды болашақтың отыны – гидроген, уранмен ауыстыруға бел шеше кірістік. Біз 2022 жылы барынша тырысып бақтық. Ресейден кейбір өндірісті тарттық, полипропилен зауыты ашылды, тұңғыш рет әйнек жасадық, Ресей біздің транзитті тоқтатса, біз оны айналып өтуге тырыстық. Бізді қатты ренжіткені – инфляция болды. Кей уақыттарда ол біздің салымызды суға кетіре жаздады. Бірақ өз бақытымыз үшін бәрібір күресеміз. Біз – бақытты болуға лайық халықпыз, – дейді экономика сарапшысы Айбар Олжаев. ТҮРКІ ОДАҒЫ ҺӘМ ҚАЗАҚСТАН Еліміздің сыртқы саясатын Түркі одағынсыз қарастыруға, тіпті елестетуге болмайды. Өйткені ежелден еншісі бөлінбеген түркітілдес елдердің арасындағы бауырмалдық, туысқандық факторлар аталған Одаққа кіретін елдердің экономикалық интеграциясына жақсы әсерін беріп отыр. Әсіресе Қазақ жерін атажұртқа балайтын Түркия елімен іскерлік байланысымыз жақсы жолға түскен. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған өзара KPI бекіткен болатын. Қазақстан – Түркия арасындағы тауар айналымы жылына 5 миллиард доллардан 10 миллиард долларға дейін өсуі тиіс. Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, егер осы екі есеге межеленген өсім Қазақстан экспорты есебінен артса, онда отандық экономикаға сырттан қауіп болмайды. Ал егер Анкарадан импортты кәдімгідей көбейтетін болсақ, Түркі одағының біз бұған дейін күтпеген кем дегенде бір шыжығы алдымыздан шығайын деп тұр. Ол не шыжық? – Әңгіме инфляцияда. Түрікстат дерегі бойынша, өткен қыркүйек айында Түркиядағы ресми инфляция 83 пайыз көрсеткен. Бұл – біздің нарық жағдайында апатты көрсеткіш болар еді. Сол қыркүйектің қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 17,7 пайыз болды. Импорты басым болғандықтан біздегі бағаға әсер ететін тағы бір мемлекет – Ресейде қыркүйектегі жылдық инфляция 13,5 пайыз межесінде тұрақтады. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін бізге инфляция Ресей арқылы келіп жүрсе, енді оған Түркия қосылуы мүмкін. Әрине, ол үшін импорт кем дегенде 5 миллиард доллардан кем болмауы және лираның біздің халық қолданатын валюта корзинасына қосылғаны керек. Жақын жылдары олай бола қояды деп болжауға келмейді. Бұл тұрғысында болашақ Түркі одағының негізгі валютасы теңге бола ма, әлде лира бола ма – ол да белгісіз. Ішкі жалпы өнім жағынан біз Түркиядан басымбыз. Жай статистиканы алып қарасақ, Қазақстан – Түркі одағының ең ірі экономикасы. Бірақ оның барлығы мұнайдың есебінен болып отыр. Ал экономиканың күрделілігі, яғни ішкі өндірістің дамуы, жаңа технологиялық өндіріс бойынша Түркия барлық жағынан алда келеді. Бұған дейін Ресей өз азық-түлік импорты арқылы бізге инфляциясын да импорттап келген еді. Жалпы біз жыл сайын 4 миллиард долларға сырттан тамақ сатып аламыз. Оның жартысына жетерлігі Ресейден келеді. Негізгі позициялар – қант, шұжық, кондитерлік өнімдер, ірімшік, сүт өнімдері, құс еті. Одан бөлек күнбағыс майы, ұн мен макарон өнімдерін де көптеп алдырамыз. Ресейде тамақ қымбаттаған сайын сол инфляция бізге әсер ететін. Қазақстан азық-түлік импортын әртараптандыруға, яғни Ресейге ғана байланып отыра бермей, түрлі мемлекеттерден алдыруға тырысып отыр. Мысалы, Ресей өзінен қантты шығармай қойғанда біз оны Үндістаннан көбірек алдыра бастадық. Яғни қантқа деген Ресейге тәуелділікті жоя алдық. Осы орайда Ресейді Түркиямен толық алмастыра аламыз ба? Тіпті толық алмастырмасақ та негізгі азық-түлік бағыттары бойынша әртараптандыруға мүмкіндік бар ма? Жоғарыдағы сұраққа жауап беру үшін Қазақстан – Түркия тауар айналымының құрылымы мен Ресей – Түркия тауар айналымын тереңірек зерттеуге тура келеді, – деген А.Олжаев Ұлттық статистика бюросы дерегіне сәйкес биылдың алғашқы жеті айында Түркиядан Қазақстанға келетін импорт көлемі 744 миллион долларды құрағанын айтады. Оның ішінде 45 миллион долларға дәрі-дәрмек, 26 миллион долларға кілем, ал 78 миллион долларға трикотаж, шұлық, мәйкілер, текстиль, әйел мен ерлер киімдері келген. – Негізгі импорттың ішінде бірде-бір тамақ жоқ. Түркиядан бізге азғантай мөлшерде кондитерлік өнімдер, мандарин, жүзім және мұздатылған балық келеді. «Albeni» мен мандариннің бізге тамақ болмайтыны түсінікті. Ал Ресей мен Түркия қандай тауарлар алмасады? 2021 жылы Ресей мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33 миллиард долларды құрады. Биыл осы межені екі ел кем дегенде 50 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Сол 33 миллиард доллардың ішінде 26,5 миллиард доллары – Ресейдің Түркияға экспорты. Не экспорт екені түсінікті – ол негізінен газ-мұнай және басқа да энергетикалық сектор. Бірақ Түркия да Ресейден біз сияқты тамақ алып отыр. Оның ішінде астық, ұн, күнбағыс майы, күріш, бұршақ сынды бағыттар басым. Ал түріктер Ресейге тамақ жағынан кептірілген жемістер, шабдалы мен мандарин жібереді. Бұдан біз тамақ жағынан, өкінішке қарай, Түркияның Ресейді толығымен алмастыра алмайтынын байқаймыз. Яғни бізге керек ет, сүт, ұн, дәнді дақыл өнімдерін Түркия сыртқа экспорттамайды. Түркия өз ауылшаруашылық экспортында негізінен жеміс-жидекке маманданып алған. Одақ тамақ бермейді. Азық-түлік қауіпсіздігі тек өзіміздің қолымызда. Біздің азық-түлік импортына қатты байлануымыз басымызға таяқ болып тиетін болады. Ресей алда-жалда НАТО-мен ірі соғысқа кірісетін болса, азық-түлік импортын толық жауып, өзінің азық-түлік қауіпсіздігін күшейте бастайтыны жасырын емес. Ондай кезде Қазақстанның мұң-мұқтажына ешкім қарамайды. Түркияда бізге керек тағам жоқ. Бір ғана жол бар. Барлық импортталатын тағамдарды өзімізде шығару. Оған Қазақстанның территориялық, климаттық мүмкіндіктері жоқ емес. Тек күрделі технология трансферті мен ірі инвестициялар қажет болады. Ол үшін Үкіметке жақын жүретін импортерлер лоббиін әлсіретіп, өндірушілер мен фермерлерге көбірек құлақ асқан жөн. Себебі уақыт аз қалды, – деген сарапшы А.Олжаевтың сөзінің жаны бар. ТҮЙІН. Дегенмен бізге қалай болмасын сыртқы экономикалық байланысты әлсіретуге болмайды. Өйткені тауар ипортынан бөлек білім импортының да маңызы өте зор. Себебі өз экономикамызды өз қолымызға алу үшін кейбір өндіріс секторлары бойынша халықаралық тәжірибе де молынан керек болады. Сондықтан геосаяси жағдайға байланысты сырттан тауар сатып алу мүмкіндігін азайтып алған жағдайда білім, құрал-жабдық, қондырғы алу, тәжірибе толыстыру мәселесін маңызды бағыт ретінде қарастырып, осы мақсатта да дипломатиялық қадамдарға осы бастан бара берген жөн.  

Жасұлан АҚЫЛША,

журналист.