- Advertisement -

Атқарылған іс ауқымды

44

- Advertisement -

Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген Шу ауданы Әулиеата өңірінің оңтүстік-шығысында орналасқан. Мойынқұм, Қордай, Меркі, Жамбыл, ауданы және Қырғыз Республикасымен шектесетін Шу ауданы бүгінде қарқынды дамып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, тұрғындардың тұрмысы да түзелген. Халықтың өмір сүруі мен тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында ауданда әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстер жетерлік. Соның бірі – құрылыс саласы. Мәселен, мәдениет саласындағы оңды істерге тоқталсақ, биыл Д.Қонаев ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілген. Былтыр тамыз айында қазығы қағылған нысан осы жылдың 30 тамызында Конституция күні мерекесі қарсаңына орай пайдалануға беріліпті.

 

– Осы ауылда тағы бір ғимарат бой көтеріп жатыр. Ол – 108 орындық спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына осы жылы қаражат бөлініп, «АстанаЭнергоМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз мердігер ретінде танылды. Тамыз айында келісімшарт жасалып, артынша құрылыс жұмысы қолға алынды. Қазіргі таңда нысан бойынша шұңқыр қазылып, іргетасы қаланды. Қазір құрылыс қаңқасы тұрғызылып жатыр. Нақты айтқанда, арматурадан бетон бағаналар мен ригельдердің каркастары құрастырылып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы жылы маусым айының аяғында аяқталады. Абай ауылында биыл 100 орындық мәдениет үйі салынып жатыр. Құрылыс нысанының қабырғасы көтеріліп, шатыр жабындысы жабылды. Қазіргі таңда нысанның ішкі әрлеу жұмыстары және жылу жүйелері орнатылуда. Құрылыс жұмыстары қазір 80 пайызға аяқталды, нысан жыл соңында пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек Шу қаласында 258,7 гектар тұрғын алқаптың ауызсу жүйесі де жүргізілуде. Нысан бойынша 29 шақырым су құбырлары толықтай тартылып, жерді көму жұмыстары жүргізілуде. Су шығару имаратының қоршау жұмыстары аяқталды, қазір насостық стансаның екінші деңгейінің әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бойынша да шаруа 90 пайызға бітті, келер жылға дейін құрылыс жұмысы толық аяқталатын болады.

Шу ауданының Төле би ауылындағы 147,73 гектар тұрғын аймақты газбен жабдықтау бойынша 26 шақырым газ құбырлары тартылып, беті толық көміліп, тегістелді. Қазіргі таңда 889 жер теліміне газ крандары жүргізіліп, 5 газ реттеу шиті орнатылды. Құбырлар қазір газ қысымын жүргізу арқылы тексерілуде.

Шу қаласындағы 258,7 гектар тұрғын аймақты да газдандыру мәселесі қолға алынған. Жүргізілген ұзындығы 29 шақырым болатын құбырлардың бетін қайта көму жұмыстары бүгінде аяқталған. 1449 жер теліміне газ крандары таратылып, қысым тексерілуде, – дейді Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әлібек Нұрадинов.

Аудандағы Сауытбек ауылына су тарту жүйесінің құрылыс нысаны келер жылға өтпелі. Мердігері – «Жаңарту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ауызсу құбырының ұзындығы 5,7 шақырым, осы жылы жүргізілуі тиіс жұмыстар толығымен аяқталып, бөлінген қаражат игеріліпті. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Жалпы құрылыс жұмысының 19 пайызы атқарылған.

Көктөбе ауылының ауызсу жүйелері құрылысының мердігері – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ауызсу құбырының ұзындығы 45,9 шақырымды құрайды. Маусым айында басталған бұл құрылыстың да тапсырылуы тиіс мерзімі келер жылдың жаз айы. Бірақ бөлінген қаражат толығымен аударылып берілгендіктен мердігер құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлапты.

Осы секілді Көкқайнар ауылына да ауызсу тартылуда. Ауызсу құбырын тарту жұмысын «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы – 5 ай. Ауызсу құбырының ұзындығы – 8,7 шақырым. Келер жылы аяқталуы тиіс жұмыстың қазір 19 пайызы еңсеріліпті.

Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тарапынан бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде. Соның бірі – Әл-Фараби атындағы орта мектеп құрылысы. Оның жұмысы қазіргі таңда 70 пайызға аяқталған. 2021 жылдың 15 сәуірінде басталған құрылыс жұмысын мердігер кешіктіргеніне байланысты оның жұмысы келесі жылы да жалғасатын көрінеді.

Жалпы ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерді қысқы мезгілде жылы ұстау ауданда ең өзекті мәселе. Сол себепті қысқы жылыту маусымы қарсаңында ауылдық жердегі медициналық мекемелердің пештеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстармен қоса нысандардың қазандықтары мен жылу жүйелері тексеріліп, жоғарғы қысымды сынақтан өткізіліп, жылыту маусымына дайындық паспорттары алынып, монометрлер мен термометрлер арнайы тексеруден өткізіліпті. Одан бөлек «Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау нысандарын 2022-2025 жылдарға арналған дамыту картасына» сәйкес Шу ауданында 3 нысан ағымдағы жылдың қараша айында табиғи газға қосылған. Оның екеуі дәрігерлік амбулатория, тағы бірі фельдшерлік-акушерлік пункт екен.

– Шу ауданында халыққа медициналық көмек көрсету сапасы артып келеді. Дәрігерлерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және оның халыққа қолжетімділігін арттыру бірінші орында. Ал жыл сайын бұл тұрғыда ауылдарда белгілі бір ілгерілеушілік байқалады. Соның ішінде ауданда қуанбасқа болмайтын сала қызметкерлерінің қатары артып келеді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге қажет әртүрлі мамандықтағы дәрігерлерге қатысты. Биыл аудандық емдеу мекемелерінің штаты 10 дәрігермен толықты. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 жас маман еңбек етуде.

Қазір жергілікті тұрғындар 30 денсаулық сақтау нысанына қол жеткізіп отыр. Олардың қарамағында 150 төсектік аудандық орталық аурухана, 250 келушіге арналған консультативтік-диагностикалық емхана, отбасылық денсаулық орталығы, 14 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік және 7 медициналық пункт бар. Оның ішінде Шу ауданының Қорағаты ауылдық округіндегі Еңбек ауылында бір медициналық пункт жаңадан салынып, тамыз айында пайдалануға берілді. Шу қаласындағы Қ.Сәтпаев көшесінде орналасқан Шу қалалық емхана да биыл қайта жабдықталды. Құрылыс осы жылдың 27 қыркүйегінде басталды. Аяқтау мерзімі – 6 ай. Қазіргі таңда мердігер кеш анықталуына және медициналық құрал-жабдықтар Ресейден келуіне байланысты облыстық бюджеттен бөлінген қаражат қайтарылды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы жалғасады, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишев.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
журналист

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support