Бір зауытта түрлі өнім өндіріледі
Бір зауытта түрлі өнім өндіріледі
– Кәсіпті бастау қиын. Бастаған соң соның үдесінен шығып, ұстап тұру оңай шаруа емес. Кәсіпкерге бірінші кезекте не керек? Оған керегі – мемлекеттің қолдауы. Бүгін біз сол қолдауды сезініп, екінші деңгейлі банктерден төмен пайызбен несие алып жұмыс істеудеміз. Айталық, зауытты кеңейту үшін «Центр кредит» банкінен несиені 15 пайызбен алсам, оның 7 пайызын мемлекет субсидиялап отыр. Бұл дегеніңіз кәсіпкер үшін үлкен қолдау, – деді кәсіпкер. Зауытта екі ауысыммен 65 адам жұмыс істейді. Алда кәсіпорын екінші цехты іске қосуды жоспарлауда. Ол цехты іске қосқанда 35 адамды жұмысқа қабылдағалы отыр екен. Осылайша зауыт кәсіпорын жүктемесін арттырып, жылдық өнімді 2 мың тоннаға жеткізбек. Жұмыстың барысымен жақынырақ таныстыру үшін зауыт директоры бізді бастап өнім шығаратын цехқа алып келді. Үлкен залдың ішінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Жұмысшылардың бізге бұрылып қарауға мұршалары жоқ. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз шаруасымен айналысуда. Байқағаным, мұндағы құрал-жабдықтар өзге өндіріс ошақтарындағыдай емес. Көзге көнелеу көрінді. Сөйтсек, жайма және кеспе дайындауға арналған цехқа қажетті құрал-жабдықтарды ол өз серіктестерімен бірге қолдан құрастырып, жасап шығыпты. – Қазақ ет асқанда, етке қамыр салады. Басқа мемлекеттерде мұндай дәстүр қалыптаспаған. Сондықтан болар олар жайманың, кеспенің не үшін керек екенін түсінбей жатыр. Қазір біздің өнімге қызығушылық танытқан Ресей мен Қырғыз Республикалары ғана. Алда өнімімізді Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз. Бұл бойынша екі ел арасында келіссөздер жүргізілуде. Ал технология мәселесіне келетін болсақ, әлемде біз шығарып отырған өнімді шығаратын құрал-жабдық жасалмапты. Еш жерден таппадық. Ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін осы қондырғыны ойлап таптық. Бұл технологияны патенттеп те алдық. Бірақ өкінішке қарай, ешкім қызығушылық танытпады. Әзірге жұмыс істеп тұрған құрал-жабдық бізде ғана. Енді жақында екіншісін іске қосамыз, – деді зауыт директоры. Кәсіпорын 2018 жылы өзінің «Бір асым ет», «Жайма» макарон өнімдерін патенттеп, жұмыс істеуде. Қазір мұнда жайма, салма, кеспенің ондаған түрі шығарылып, түрлі мөлшердегі арнайы қораптарға салынуда. Қораптардың сырты да ұлттық ою-өрнектермен нақышталған. Осылайша кәсіпкер отандық өнімнің жаңа брендін қалыптастыруда. Олар салмағына қарай 160 грамнан бастап, 3 килограмм аралығын құрайды. Ал өндіріске қажетті ұнды кәсіпкер Қостанай облысынан алдыруда. Үлкен астауға салынған ұн цехта құрғақ қамырға, одан жаю аппаратына жайылып түсіп, кесу кезеңінен өткен соң лента арқылы тізбектеліп келіп кептіру құралына рет-ретімен түсіп жатыр. Жалпы цехта тәулігіне 2,5 тонна дайын өнім шығарылуда. Жаңа технологияның механизмі қарапайым. Бірақ жайма дайындаудың құпиясы да бар екен. Оны кәсіпкер өзіміздің ішкі құпиямыз деп жылы жымиды. Дейтұрғанмен, әзірге республикадағы ең сапалы, өтімді жайма осы зауыттың өнімі көрінеді. Зауыт бір ғана макарон өнімдерімен шектеліп қалмай, басқа да өнім түрлерін шығаруды қолға алыпты. Атап айтсақ, жаймаға арнап тұздық дайындауда. Сонымен қатар қой және сиыр етін консервілеуде. Кәсіпорын директоры сөз арасында, «Бүгінге дейін етке қажетті жайманы шығарып келдік. Енді оған қажетті ет пен тұздықты бір орталыққа тоғыстырып, үшеуін бірге дайындауды ойластырдық. Тұздықты екі жылдан бері шығарудамыз. Ал консервіленген етті жаңа бастадық. Қамырға қажетті ет те, тұздық та дайын. Үшеуін қосып бір демде тамақ дайындауға болады», – деді кәсіпкер. Мұнда мәселе де бар екен. Әңгіме барысында кәсіпкер біраз жайдың бетін ашты. Яғни, зауытқа қажетті шикізаттың біразы сырттан тасымалданады екен. Жоғарыда ұнның қайдан келетінін айттық. Ал консервіленген ет дайындау үшін де малды сырттан әкелуге тура келген. Өйткені өзімізде зауыт талабына жауап беретін ет өндірілмейтін көрінеді. Оны Түркістан мен Қарағанды облыстарынан алып отырғанын жеткізді. Енді зауыт өндіріске қажетті малды өзімізде дайындауды қолға алыпты. Ол үшін Теріс-Ащыбұлақ ауылы маңынан бордақылау алаңын салыпты. Сондай-ақ Болат Жетпісбаев маман тапшылығын айта келіп, жоғары оқу орындарында азық-түлік өнімдерін дайындайтын технологтар факультетін ашу керектігін сөз етті. Сол үшін де халықты жұмыспен қамту орталығына қажетті мамандықтары бойынша сұраныс тастап қойыпты. Жалпы, кәсіпкердің зауыт жұмысшыларына барлық жағдайды жасап отырғанын көрдік. Асханасы да жұмыс істеп тұр. Мұнда жұмысшылар үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.