Денсаулық

Отбасымен ортақ іске жұмылған

Отбасымен ортақ іске жұмылған

Кәсіп ашып, табысын арттыруға ниетті адамға қашан да қолдау бар. Сол қолдаудың арқасында өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтың бірі – Шайқорық ауылының тұрғыны Равшан Мамедов. Ол басқаратын «Мамедов Р» шаруа қожалығы төрт жылдан бері көкөніс консервілеу, алма мен шабдалыдан шырын өндірумен айналысады.Марат ҚҰЛИБАЕВ

Көкөніс және жеміс-жидекпен айналысатын қожалық науқан кезінде отбасы мүшелері бірлесе тынбай еңбек етеді. Өз шаруасына қажетті көкөніс пен жеміс-жидектің бір бөлігін өз егіс алқаптарынан жинап алып, консервілейді. – Біз көкөніс пен жеміс шырынын шыны банкілерге жабамыз. Ол үшін шыны ыдыстың бір данасын зауыттан 90, қақпағын 14 теңгеден сатып аламыз. Ал алма мен шабдалыны төмен бағамен Алматы және Шымкент қалаларынан көп мөлшерде алдыртамыз. Науқан кезінде көкөніс болсын, жеміс шырыны болсын, тәулігіне 500-600 банка шығарамыз. Әр банканы 2 литрден деп есептегенде, бір тонна шырын тапсырыс берушілерге жеткізіледі. Біздің өніміміз аудан, содан кейін Тараз қаласындағы дүкендерінің сөресінде тұр, – дейді Равшан Мамедов. Жұмыс цехын жұмысшыларға ыңғайлы етіп кәсіпкердің өзі жабдықтаған. Тек шыныға қақпақ жабатын аппаратты және қозғалтқыш моторларды сатып алып орнатқан. Консервілеу цехында әуелі шыны ыдыс ыстық бу арқылы залалсыздандырылып, тазаланса, жүгіртпе жол арқылы жоғарыда тұрған жеміс сығындысы арнайы батырма арқылы ыдысқа құйылады. Шырынға толы ыдыс бұдан әрі қақпағын байлайтын аппаратқа жеткізіледі. Соңынан шыны ыдысқа жарнама парақтары жапсырылады. Кәсіпкер тапсырыс түскен жағдайда жұмыс қуатының екі есеге артатынын айтты. Равшан Мамедов кәсібін бастау үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында арнайы курстан өтіп, «Бизнес Бастау» жобасы аясында жобаларын қорғайды. Сөйтіп 6 миллион теңге несие алып, кәсібін бастап кеткен. Бұдан кейін өндіріс көлемін еселеу үшін микроқаржы ұйымдарынан тағы да қаражат алады. – Адам талпынса ғана мақсатына жетеді. Біз де өз кәсібімізді кеңейту үшін отбасымызбен жұмыла жұмыс істедік. Көкөніс жабатын және шырын өндіретін өндірісті дамыту үшін қаржы керек болды. Қаржы ұйымдары қолдау білдірді. Жұмысымызды жолға қойдық. Бүгінгі таңда кәсібіміз өрге домалап, қоймадағы өнімдерді сауда орталықтарына өткерудеміз, – дейді Равшан Мамедов.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.