СЕРПІНГЕ БАСТАР СЕНІМДІ ҚАДАМ
СЕРПІНГЕ БАСТАР СЕНІМДІ ҚАДАМ
«Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы ХІV есеп беру-сайлау конференциясына сайланған делегаттар ең алдымен 2014 жылдың 11 қарашасында бүкіл қазақстандықтардың назарына ұсынылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»» атты Жолдауынан туындайтын келелі міндеттерді өздерінің іс-қимыл бағдарламасы етіп қабылдайтындықтарын, мемлекет басшысының сара саясатын бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Бұл жолы жүктің ауыры «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне жүктелетіні, сондықтан партия мүшелеріне Елбасының қойып отырған талабы бұрынғыдан да жауапты екенін партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов айрықша атап көрсетті.
Одан соң аудандық филиал Саяси кеңесінің 2012 жылдың қазаны мен 2014 жылдың қазаны аралығындағы атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Аудан әкімі, филиал төрағасы Ж. Айтақов атқарылған істерге жан-жақты тоқталып, нұротандықтардың көшбасшылық рөлі мен олардың партиялық Жарғы тұрғысындағы жеке жауапкершілігіне, партиялық бақылаудағы белсенділігіне мән беріп сөйледі. Соңғы кезде халықтың басым бөлігінің «Нұр Отан» партиясына келіп өздерінің мұң-мұқтаждықтарын айтып жүргенін, олардың арыз-шағымдарын арнайы комиссия жіберіп тексеріп, дер кезінде жауап бергенін де тілге тиек етті. Конференцияға партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Рүстем Бегалиев қатысты. Партиялық бақылау комиссиясының атынан сөз алған Қожайхан Бижанов көп мәселеге сын көзбен қарау керектігін, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа келгенде ымырасыз күрес жүргізу пария мүшелерінің төл міндеті екенін баса айтты. Каменка ауылы бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұратжан Мейманханов ауылдық жердегі партия мүшелерінің белсенділігіне тоқталды. Конференция қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдап, партия облыстық филиалының конференциясына делегаттар сайлады.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.