Тараздық ұсталардың жиһаздары сұраныста
Тараздық ұсталардың жиһаздары сұраныста
– Алғашында тапсырыс бойынша шағын құрастырмалы сөрелерді жасап жүрдік. Содан кейін біз жұмыс істеп тұрған цехтардың біріне жүгініп, аз уақытқа жалға берілетін бірнеше станок алдық. Осылайша ақырындап есікке тапсырыстар ала бастадық. Өкінішке қарай, ол кезде ісімізді жай ғана хобби ретінде көріп жүргендіктен жиһаз құрастыруда көп нәрседен хабарымыз болмады және жұмыстарымызда қарапайым қателіктерге жол беріп жүрдік. Мәселен, қасымдағы жолдастарым сапасыз шикізатты таңдап, өңдеуге жауапкершілікпен қарамайтын», – деп еске алады Рашид. Ақпараттық технологияның дамуы ағаш ұсталарының мүлде басқа деңгейге жетуіне мүмкіндік берді. Жүздеген оқу бейнероликтерінің арқасында олар шеберліктің қыр-сырын үйренді. Кейінірек үй жиһазына арналған жоғары сапалы эскиздер мен үлгілерді сатып алуға болатын арнайы ресурстарды тапты. – Бір қараған адамға кәдімгі тақтай боп көрінсе де оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару да оңай емес. Біз де бірден мықты деңгейге көтеріліп кеткеніміз жоқ. Кезең-кезеңімен білім алдық. Алдымен кәсіби шеберлердің бейнероликтерін тамашаладық, ойларын қайталауға тырыстық. Қарапайым деңгейді бағындырған соң тапсырманы қиындатып, жиһаз жасау және жинау схемаларын іздей бастадық. Бір жаман жері жасаған тауарларымызды кез келген сауда орындарынан сатып алуға болады. Сондықтан еш кәсіпкердің жұмысын қайталамайтындай, дизайны жағынан заманауи, елдің бәрін қызықтыратындай жиһаз ойлап тапқымыз келді. Сондықтан біз эксклюзивті эскиздерге сәйкес өз тауарларымызды жасап шығара бастадық. Заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, халықтың сұранысын қанағаттандырып жүрміз. Ұста жігіттер 3D модельдеуді меңгеріп, біздің өнімнің қарапайым иллюстрацияларын жасады. Тапсырыс түскеніне қарай мұндай иллюстрациялық бейнелерді шынайы жиһаз етіп жасап береміз, – дейді Рашид. Жиһаз кеңсеге келбет, үйге сән береді. Рашид дайындаған мына дүниелер соған дәлел. Әлеуметтік желідегі жарнаманың жүріп тұрған дәуірі болғандықтан қызығушылық танытып, тапсырыс беруші тұрғындардың қатарының көптігі олардың жеке парақшаларынан байқалады. Жиһаз шеберлерінің ұжымы бар болғаны бес адамнан тұрады. Ұсталардың әрқайсысының өзіндік ерекше рөлі бар. Біреуі сатып алуды басқарса, екіншісі логистикаға, үшіншісі өндіріске, төртіншісі сатуға жауапты. Кейіпкеріміз тапсырмаларды осылай тең етіп бөлуді жақсы жолға қойылған өндірістің негізі деп санайды. «Өкінішке қарай, әзірге өз шеберханамызды ашуға мүмкіндік болмай тұр. Арзанырақ бағаға бір бөлмені жалға алу қалтаға қатты соқпайды. Ол сұрақты шешкен күннің өзінде жабдық мәселесі бар. Бізге панельдік аралар, фрезерлік станоктар, кесу және контактілі дәнекерлеу сынды құрал-жабдықтар керек. Қажетті құралдардың барлығының бағасын есептеп қарағанда біраз қаражат шығады. Сондықтан әзірше «үйсіз» жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Сәті түсіп жатса, болашақта өзімнің жеке жиһаз цехымды ашу ойымда біраздан бар. Қазір кәсіпкер боламын деген кез келген адамға мол мүмкіндік қарастырылған. Соның игілігін көрсем деген жоспар жоқ емес, – деп ұста өкінішін білдірді. Алтын қолды шебер жігіттердің тауарларының бағасы аса қымбат емес. Кәсіпкерлер өз клиенттерін өнім бағасының қолжетімділігімен және сапасының жоғарылығымен жаулап алады деуге болады. Көптеген жиһаз дүкендерінде біз айтқан шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға ұқсас жиһаздар тізіліп тұрады. Сапасы жағынан олардан еш айырмашылығы жоқ болғанымен бағасы екі есе қымбатқа түседі. Тұтынушыға адалдық – Рашид Забарин мен оның командасының негізгі жұмыс принципі. – Клиент қандай да бір жиһаз түріне тапсырыс бергенде бірден бағасын келісіп аламыз. Оның үстіне біз клиентке шикізат құны осынша, тасымалдау және сақтау бағасы осындай, жалға алатын еңбек құралдарының бағасы осыншама болса, өз еңбегімізге мынанша ақы аламыз деп егжей-тегжейлі нақтылап айтып өтеміз. Тұтынушының көңілінде өз еңбектерінің құнын жоғары бағалап тұр деген жаңсақ пікір қалыптаспас үшін басынан осылай нақтылаған жөн, – деп түйіндеді сөзін кәсіпкер жігіт.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
журналист.