Денсаулық

Балшыққа жан бітірген шебер

Балшыққа жан бітірген шебер

Қыш өнері көнеден келе жатқан кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өкінішке қарай, бұл өнімге қызығушылық жоғары болғанымен қыштан ыдыс құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Солардың бірі – қыш өнерінің шебері, керамист Гүлжан Ибраимова. Жиырма жылдан астам уақыт білім саласында жемісті еңбек еткен Гүлжан ханым алдағы өмірін бұл кәсіппен байланыстырамын деп ойламағанын айтады.

– Бала күнімде бейнелеу өнері сабағында ермексаздармен мүсіндер, өзім қатарлас дос қыздармен ойнап жүріп балшықтан жан- жануарлардың, үйдің пішінін жасағанды ерекше жақсы көретінмін. Бірақ мектеп бітірген соң таңдауым білім саласына түсті. Ұстаз болып ұзақ жылдар табысты еңбек еттім. Ал осы қыш өнеріне бет бұрғаныма екі-үш жылдың көлемі болып қалды. Нәтижесі жаман емес. Шәкірттерім, жеке студиям бар, – деп қолөнерші ерекше кәсіпке келу тарихымен бөлісті. Әр істің бастауы болады. Бірден бәрі керемет болып кеткен жоқ, әрине, еңбек жолында қиындықтар кездесіп жатты. Қолөнерші ретінде есімін қалыптастырып, ісінің алға басып, ілгерілеуіне «Іnstagram» әлеуметтік желісінің ықпалы көп болған көрінеді. Қазірде жас шәкірттер даярлап, шеберлік сабағын өткізіп тұратын жеке студиясы (lashynart.taraz) «Instagram» желісі арқылы танымал болған. Айтуынша тың, жаңа идеяларға шабыттандырып отырған парақша оқырмандары. Оқырмандарының жылы лебіздері, жақсы пікірлері шеберге үлкен мотивация береді екен. Кейіпкеріміздің аталмыш кәсіпке келуіне түрткі болған негізгі фактор – Тараз қаласының ежелгі мұраларына деген қызығушылық. Қазір елімізде кенжелеп қалған қыш өнерін кезінде осы кәсіптің орталығы болған шаһарда қайта дамытуды көздеп жүрген қолөнершінің алға қойған жоспарлары жетерлік. Қазіргідей жаһандану дәуірінде ұмыт бола бастаған, бабалардан мирас болып қалған қыш өнерін қайта қолға алып, қаламыздың қыш бұйымдарымен әлемге аты шыққанын көруді армандайды. – Екі мың жылдық тарихы бар шаһарымыз мәдени мұраларымен, оның ішінде қыштан жасалған қолөнер бұйымдарымен аты шыққан. Мен сіздерге айтайын, қыш-құмыра өнері жақсы дамыған Самарқан қаласының шеберлері қанша жыл өтсе де осы ежелгі кәсіптің құндылығын жоғалтпай, жаңа заманға сай етіп жаңғыртып келеді. Содан да болар, көршілес елде қыш өнерін тамашалап әрі үйреніп алғысы келетін туристер қатары көп. Осының бәрін көріп отырып «Неге біз де қаламызда, облысымызда көптеп мектептер ашып, жастарды тартып осы кәсіпті нықтап қолға алмасқа. Өзіміздің шаһарымыздың екі мың жылдық тарихын айшықтап тұратын, қазақылықтың иісі аңқыған төл брендімізді шығармасқа» деген ой келді. Тарихи деректерге сүйенсек, ортағасырларда Таразда қыш-құмыра жасайтын шеберханалар көп болған. Қыштан жасалған қолөнер бұйымдарын Қытай елінің саудагерлері көптеп сатып алатын болған. Қаламыздың қыш өнерінің ордасы болып қайта дамығанын көргім келеді. Арман-мақсаттарыма ақырындап қол жеткізіп келемін. Бірақ әлі де атқарылар шаруа көп, – деп ағынан жарылды Гүлжан Амангелдіқызы. Қыш құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы өте зор дейді ісмер. Әсіресе онкологиялық аурумен ауыратын балаларға қол моторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар. Ми жұмысын дамытуда ерекше рөл ойнайды. Кішкентай балаларға балшықпен жұмыс істеудің пайдалы тұстары көп екен. Гүлжан қыш-құмыра жасаушылардың көбі жастар екенін атап өтті. Кез келген адам келіп, керамика үйренуіне барлық жағдай жасалған. Өзінің айтуынша, қыш жасау үшін ең бастысы ниет және ұқыптылық қажет. Сонымен бірге сурет сала білгені абзал. Айта кетерлігі, қазіргі таңда студиясында «artsportedu.kz» платформасы арқылы мемлекет есебінен «Керамика және мүсін» үйірмесіне 6-17 жас аралығындағы оқушылар қатысады. Олар тұрақты түрде оқиды. Ата-аналардың, оқушыларының қолөнерші ұстазы туралы пікірлері жақсы. Жақын арада үйірмеге қатысушы оқушылардың көрмесін өткізу жоспарланған. – Қазір курс өткізіп жүрмін. Қызыққан адам бір күн қатысып көре алады. Ары қарай жалғастырып әкетуге де мүмкіндік бар. Курсқа қатысушы балалардың ебі, талпынысы сан қилы. Бір баланың қолы тез жаттықса, ал енді біреуінің еңбегі сәтсіз шығып жатады. Бірақ бір жасағаннан ойыңдағы дүние шықпаса, оған көңіл түсірудің қажеті жоқ. Сәтсіз жұмыс бәрінде болады. Ең бастысы өз ісіңе деген сүйіспеншілік және үйреніп алсам екен деген шынайы ниет. Осы уақыт аралығында бізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Жаңатас, Атырау және басқа қалалардан қонақтар келіп, шеберлік сағаттарына қатысты. Сонымен қатар облыстан, аудандардан келіп тұрады. Өзіміздің көрмемізді жиі өткізіп тұрамыз. Сыйлық ретінде жақындарына өздері жасаған бұйымдарын сыйлайды. Сонымен қатар сәуір айында «Dara bol» шығармашылық байқауын оқушылар арасында өткіздім. Оқушыларға шабыт сыйлаған байқауды тағы да ұйымдастыру ойда бар, – дейді шебер. Бұл істің тағы бір ерекшелігі – жаныңызға тыныштық сыйлайды. Сондай-ақ адам терісіне, қолына өте пайдалы. Ешқандай аллергия бермейді. Жоғары білімі, мәртебелі ұстаздық мамандығы бола тұра болашағы бұлыңғырлау кәсіпті қолға алған қолөнерші өзінің бұл таңдауына еш өкінбейтінін айтады. Әрине, оңай кәсіп емес. Қиындықтарға қарамастан, талмай еңбектенуінің, ізденуінің арқасында бүгінгі жетістікке жетіп отыр. Оның айтуынша, өз ісін жақсы көріп істегендер жемісті нәтижеге қол жеткізеді. Жоғарыда айтып өткендей, алдағы уақытта Гүлжан Жамбылда жоқ жаңа дүниелерді алып келуді жоспарлап отыр. Студиясына келушілер қарасы айтарлықтай көп екен. Қолөнерші осыдан-ақ бұл кәсіптің болашағы жарқын екеніне сенеді.  

Ақтоты ЖАҢАБАЙ, журналист.